Жаңадан келген 2022 жыл өзінің саяси-әлеуметтік саладағы қиындықтарымен, жұртшылықтың ереуілдерімен басталды. Еліміздің батыс өңірлерінде экономикалық талаптар түрінде басталған бейбіт шерулер, митингілер әртүрлі деструктивті әрекеттерге бой алдырып, әлеуметтік толқулар тұтастай алғандағы Қазақстанның біршама қалаларын шарпып өтті.
Еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаев осы кезге дейін барынша демократиялық құндылықтар бен бағдарларды әлеуметтік кеңістігімізде орнықтыруды мақсат етіп келгені белгілі. Бірақ әртүрлі салалардағы теріс пиғылды кейбір күштер елдегі бейбіт шерулерді дағдарысты жағдайларға, трагедиялық оқиғаларға жеткізді.
Әрине, cаяси дағдарысты жағдайдың себептері мамандар тарпынан терең талдаудан өткізіліп, тиісті бағаларын алары анық. Дегенмен, айта кететін жәйт, қоғамдағы кез келген оқиғаның түпкілікті объективті және субъективті себептері болады. Міне, солардың қатарына белгілі бір әлеуметтік топтардың барынша маргиналдануын, кейбір министрліктер тарапынан өздерінің мідеттерін жеткілікті деңгейде таза орындауға тырыспауын атап өтуге болады. Осындай құбылыстардан туындайтын әлеуметтік теңсіздік барынша айшықталатын кезең келді. Әйтпесе, қоғамдағы тұрақсыз ахуалды туындататын себептер ауқымы сақталып қалуы да ғажап емес.
Қазіргі заманауи кезеңдегі дүниетанымдық өзгерістер аясында жастарымыздың бір бөлігі демократиялық қадамдарды өркениетті сипатта жасауға дайын емес екенін байқатты. Демократияға үйрену жауапкершілікті қабылдаумен астасып жатуы тиіс. Міне, осындай кейбір қиыншылықты жағдайды ұтымды пайдалануға тырысқан содырлық сипаттағы күштер жастарды қаңтардағы оқиғалар барысында өз ықпалында ұстауға әрекеттенді. Жастардың кейбірі өз еркімен, кейбірі еріксіз, зорлықпен теріс пиғылды қылмыскер элементтердің қақпанына түсті, дегеніне ерді. Сөйтіп, еліміздің экономикасына бүлікшілдер зор нұқсан келтірді. Өкінішке орай, кейбір замандастарымыздың әрекеттерінен отансүйгіштік сезімнің ешқандай көрінісі байқалмайды. Оның орнына шетелдік экстремистік топтардың да, жалдамалы содырлардың да осы оқиғаларға араласып кетіп, арандату әрекеттерін барынша кеңінен жасағанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы байқадық. Айта кететін жәйт, еліміздің құқық қорғау органдары өздерінің тікелей міндеттерін барынша гуманистік негізде атқарды және заңның шеңберінде қимылдағаны белгілі.
Дегенмен, бейбіт шерулердің жалғасын халықаралық терроризм өкілдері өз пайдасына шешуді ұйғарады. Мұздай қаруланған жалдамалы содырлар заңды мемлекеттің іргетасын шайқалтпақ ниетін жүзеге асыруға тырысты. Оған ешкім жол бермеуі тиіс болатын. Осыған орай мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ҰҚШҰ күштерін құқық қорғау органдарына көмекке шақырғанының өзі қисынға келетін әрекет еді және орынды қадамның арқасында үлкен саяси позиция анықталды. Әрине, содырлармен күресті өз қарулы күштерімізбен, күштік құрылымдардың әлеуетімен жеңуге болатыны анық еді. Бірақ еліміз осындай саяси тәуелсіздігімізге нұқсан келуі мүмкін қысылтаяң уақытта өзінің саяси қатынастарын әрі қарай алдымен кіммен жалғастыратынын әлемге танытты және тәуелсіздіктің іргесін сөкпеудің, халық бірлігін сақтаудың мақсатын айқындап берді.
Сан ғасырлық тарихы бар халқымыз өзінің елін әртүрлі басқыншылардан қорғаған, біртұтас ел болудың қадамдарын жасаумен болған. Тіпті, әлеуметтік теңсіздіктің көріністеріне шыдамдылықпен, сабырлылықпен қарап, болашақта халқымыз дара жолға түсетініне сенген. Сондықтан халықтың күші әруақытта оның бірлігінде және ақиқат жолымен жүруге талпынысында екенін ұмытпағанымыз жөн. Талай адал ұлдары мен қыздары бар, әлеуеті жоғары еліміздің көп ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан кеңістігі өзінің жарқын келешегіне сеніммен қарайды деген ойдамыз. Болашақ Қазақстан әлеуметтік әділеттілік пен рухани құндылықтарды іздеген қуатты және өркениетті елге айналатынына сенімдіміз.