Қазақстанда АЭС салу үшін барлық жағдай бар
Алматыда ғалымдар, атом саласының мамандары мен студенттер Қазақстанда атом электр стансасын салудың мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматыда «Қазақстанда АЭС не үшін салынуы керек?» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға ғалымдар, атом саласының мамандары, студенттер қатысты. Жиын модераторы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Медеу Әбішев жиын Президент нұсқауына байланысты өтіп жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында «Атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажет» деген нұсқау берген болатын. Бүгінгі жиын осыған байланысты өтіп отыр. Шынына келгенде, АЭС-ы бар Қазақстан мен АЭС-ы жоқ Қазақстанның болашағында үлкен айырмашылық болады деп ойлаймын. Жаңа Қазақсанды құру жолында АЭС-тың күн тәртібінде тұруы көптеген талқылауға, түрлі сараптамалық іс шараларға, ой жүгіртулерге алып келері сөзсіз. Соның бір дәлелі ретінде бүгінгі жиынды айтсақ болады», - деді Медеу Әбішев.
Сарапшы Алмас Саухимовтың айтуынша, Қазақстанда АЭС салынар болса, онда электр энергиясы үнемделетін болады.
«Осы жағынан қарастырар болсақ, бүгінгі күні елімізде электр энергиясының тапшылығы байқалып отыр. Біздегі электр станциялар ескірген. Сондықтан меніңше Қазақстанда атом электр станциясын салуға болады. Себебі, ол сыртқа шығарындыларды көп шығармайды. Оның үстіне Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орын алады. Сондықтан Қазақстанда АЭС салу үшін барлық жағдай бар деп айтуға болады. Ал АЭС-те жұмыс істейтін қажетті мамандарды дайындау үшін қажетті кафедралар бар. Сондықтан біз оған дайынбыз», - деді Алмас Саухимов.
Ол сондай-ақ Қазақстанда бірнеше АЭС салу қарастырылып отырғанын айтты.
«Алғашқы АЭС Алматы облысы, Балқаш көлінің жанында салынбақ. 2035 жылға дейін салады деп сенеміз. Ол тек бір ғана станция. Ал мамандар болса бұдан бөлек алдағы уақытта Абай облысы, Курчатов қаласының жанында, тағы бір станцияны Маңғыстау облысында салуды қарастырып отыр», - деді ол.
Қазіргі таңда Ядролық физика институтында Қазақстан бойынша жалғыз зерттеу реакторы жұмыс істейді. Бұл туралы Ядролық физика институтының нейтронды физика зертханасының аға ғылыми қызметкері Алмас Ысқақов мәлім етті.
«Зерттеу реакторында 70-тен астам жоғары дәрежелі маман еңбек етеді. Жалпы, оларды АЭС-та жұмыс істеуге дайын мамандар десе болады. Оның үстіне егер АЭС салынар болса, біздің институтта көптеген жұмыстар жасауға болады. Атом электр стансасы - таза электр көзі болып табылады. АЭС салынса еліміздің ғылыми тәжірибелік базасын көтереді. Кеңес одағы ыдырағалы бері елімізде мұндай жоба жүзеге асырылмаған. Егер елімізде АЭС салынар болса, біздің мелемекетіміз технократтық дәуірге кіреді деп сенемін», - деді Алмас Ысқақов.
Ол сондай-ақ егер қазақ жерінде АЭС-ты Ресейдің «РосАтом» компаниясы салатын болса, онда мамандар даярлауға Ресей өзінің базалық университеттерін тартуы мүмкін екенін және бүгінде Ядролық физика институты мамандарды дайындау бойынша Ресей, Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтынын мәлімдеді.
«Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС-ның Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябековтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстандағы ең бірінші АЭС-тың құрылысын жүргізу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырған.
«Біздің мекеме «Самұрық Қазына» АҚ-ның еншілес компаниясы болып табылады. 2018 жылы біз АЭС салудың техникалық-экономикалық негіздемесінің маркетингтік бөлімін әзірледік. Онда АЭС-тың қуаты, орналасу аумағы жазылған. Бұл негіздеме Жапониядағы концорциумда мақұлданды. Келесі кезекте біз АЭС-ті жеткізушілерді, яғни «вендорларды» таңдау жұмыстарын жүргіздік. Біз 6 вендордың 13 реакторлық технологиясын қарадық. Дегенмен, біздің «шорт- параққа» Қытайдың «Сининьси» компаниясының, Оңтүстік Кореяның «Эйчинпи», Ресейдің «РосАтом» компаниясы мен Францияның «Едеф» компаниясының реакторлары жазылды. Осылайша, біз 4 реакторды қарастырып отырмыз. Олар заманауи реакторлар. Үшінші буынды реакторлардың қатарына жатады. Барлығы қуат жағынан бірдей», - деді Асуан Сиябеков.
Ол АЭС құрылысының аумағын орналастыруға Қазақстанның екі аумағы қарастырылғанын айтты.
«Абай облысындағы Курчатов қаласының маңы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы орналасқан жер. Бұл жерлерді біз зерттедік. Екеуіде АЭС салуға қолайлы жер. Дегенмен Балқаш көлі маңында, яғни, Алматы облысында инфрақұрылымдық жағдай жақсы, бұл жер АЭС-ты орналастыру ауданы болып саналды. Жалпы, елімізде АЭС салу үшін 5 жыл көлемінде құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ары қарай негізгі құрылыс жұмыстары 6 жылдың көлемінде жүзеге асады», - деді спикер.
Сондай-ақ Асуан Сиябеков АЭС-та 2 мыңға жуық адам жұмыс істейтін болатынын айтты.
«2 мыңға жуық адамның тек 20%-ы ядролық физика мен атомдық реактор саласының мамандары болмақ. Қалғаны операциялық персонал болады деп ойлаймыз. Егер елімізде АЭС салынса, еліміздің экономикасына оң әсер етіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. 2,5-3,5 млрд теңгеге дейін салық түседі. Көмір қышқылы газының ауаға таралуы жылына 10 млн тоннаға азаяды. 60 жыл бойы бітпейтін электр энергиясын алуға болады деген болжам бар», - деді «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС-ның Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябеков.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр стансасы Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңына салынатынын айтқан болатын.