2026 жылғы ақпан алғашқы аптасы жексенбіден басталады. Бұл айда қазақстандықтарды 20 жұмыс күні және 8 демалыс күні күтіп тұр. Мерекеге байланысты қосымша демалыс қарастырылмаған – халық тек сенбі мен жексенбіде ғана демалады. Ақпанда тағы қандай маңызды жаңалықтар мен өзгерістер бар? Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.
Жеке кәсіпкерлер салық режимін таңдайды
2026 жылғы 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларацияда қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер салық органына хабарлама тапсыруға тиіс. Егер хабарлама берілмесе, кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне ауыстырылады.
Ал 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істегендер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Бұл форматта ЖК ретінде тіркелмей-ақ жұмыс істеуге болады. Режимнің басталған күні – қосымшада алғашқы чек қалыптастырылған күн болып есептеледі. ЖК ретінде есептен 1 қаңтардан бастап өз еркімен шығуға немесе 1 наурыз 2026 жылы автомат түрде шығуды күтуге болады.

Жеңілдетілген режимнің жаңа ережелері
Бұрын бөлшек салық немесе жеңілдетілген декларация қолданған жеке кәсіпкерлер жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастыра алады, бірақ жаңа талаптарды ескеру керек.
Енді табыс шегі 600 000 АЕК (шамамен 2 млрд 595 млн теңге) болып белгіленді. Базалық мөлшерлеме 4%, қажет болған жағдайда 2%-ға төмендеп, не 6%-ға жоғарылауы мүмкін. Осы режимді қолдану үшін 2026 жылғы 28 ақпанға дейін режимді қолдану туралы хабарлама беру керек. Ал шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы режим қарастырылған. Оған көшу автомат түрде жүзеге асады.

Жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2025 жылдың екінші жартыжылдығы үшін 910-форманы 2026 жылғы 15 ақпанға дейін тапсыруы қажет. Есептелген салықтарды 2026 жылғы 25 ақпанға дейін төлеу керек.
Бұл талап өзгеріссіз қалып, ҚР жаңа Салық кодексінде бекітілген.
ҚР азаматтығына үміткерлерге емтиханға өтініш қабылдау басталады
Қазақстан азаматтығын алуға үміткерл ер үшін тестілеуге өтініш қабылдау 3–10 ақпан аралығында өтеді. Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайтында беруге болады. Тестілеудің өзі 11 ақпанда өтеді.
Емтихан 3 бөлімнен тұрады:
-
қазақ тілінен тест,
-
ҚР Конституциясының негіздері бойынша тест (қазақша немесе орысша),
-
Қазақстан тарихынан тест (қазақша немесе орысша).
Тапсырмаларға берілетін уақыт – 2 сағат 10 минут, тест құны – 14 693 теңге.

"Ұлттық қор – балаларға": ақпанда үшінші төлем жасалады
2026 жылғы 1 ақпанға дейін қазақстандық балаларға "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында үшінші рет төлем есептеледі. Бұл – 2025 жыл үшін берілетін қаражат. Оны 2025 жылғы 31 желтоқсанда 18 жасқа толмаған Қазақстан азаматтарының барлығы алады.
Төлемнің нақты көлемі әзірге белгісіз: ол балалар санына және Ұлттық банктің Ұлттық қордан бөлінетін қаражат көлемі туралы деректеріне байланысты болады. Мысалы, 2024 жылы балаларға $100,52, ал 2025 жылы $129,38 есептелген.
Бұл қаражатты мақсатты жинақ шотынан 18 жасқа толған соң ғана тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім ақысын төлеуге пайдалануға болады.

Бірінші сынып оқушылары демалады
8 қаңтарда мектеп оқушылары үшінші тоқсанды бастап, оқу 10 аптаға созылады. Бірақ 1-сынып оқушыларына қосымша демалыс беріледі: 2026 жылғы 9–15 ақпан аралығы. Бұл 7 күн балалардың күш жинап, оқуын жалғастыруы үшін қажет.
Ал жалпы мектеп оқушылары үшін көктемгі демалыс 19–29 наурыз аралығында болады.

Қаңтардағы ҰБТ аяқталады
Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ-ға қатысуға шамамен 187 мың адам өтініш берген. Олардың 75,2%-ы емтиханды қазақ тілінде тапсыруды таңдаған.

Қазақстандық файтер UFC-дің экс-чемпионымен кездеседі
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC-дің жеңіл салмақтағы рейтингі бойынша 4-орындағы, бұрынғы чемпион Брендон Мореномен жұдырықтасады. Жекпе-жек 2026 жылғы 28 ақпанда Мексикада өтеді.
31 жастағы Алмабаев қазір рейтингте 7-орында. Егер Мореноны жеңсе, UFC-дің үздік бестігіне кіруге мүмкіндік алады.

Әлем жаңалықтары: қысқы Олимпиада өтеді
XXV Қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында Италияда – Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстаннан Олимпиадаға шамамен 35 спортшы барады. Қазіргі таңда лицензия көп жиналған спорт түрлері: конькимен жүгіру, шорт-трек және шаңғы жарысы. Сонымен қатар Қазақстан мәнерлеп сырғанау, фристайл, биатлон, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы және тау шаңғысы бойынша да қатысады.

Қазақстан туын ашылу салтанатында шорт-трек спортшылары Денис Никиша мен Яна Хан алып шығуы мүмкін – олар қазіргі құрамдағы ең тәжірибелі әрі тұрақты спортшылардың бірі.
Министрліктің ресми дерегінше, Қазақстан құрамасын Олимпиадаға дайындауға шамамен 13,2–13,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы республикалық және жергілікті бюджеттерден, федерациялардан, сондай-ақ туризм мен спорт индустриясын қолдау қорынан жұмсалған.