Күз айы қазақ үшін ерекше мағынаға ие. Өйткені қыркүйектің бесінші жұлдызы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Ол 1872 жылы бұрынғы Торғай уезінің Сарытүбек деген жерінде (қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы) дүниеге келген. Әкесі Байтұрсын мен оның інілері отаршыл әкімшілікке қарсы шыққаны үшін Сібірге жер аударылғанда, Ахмет небәрі он үш жаста еді. Әділетсіздіктің ащы дәмін ерте татқан бала кейін бүкіл ғұмырын ұлтының азаттығы мен сауаттылығына арнады. Бүгінде еліміз Тіл күнін дәл осы күні атап өтеді, ал 2022 жылы ұлт ұстазының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.
Қоғам қайраткері, ақын, қазақтың тұңғыш әдебиет теоретигі, тілші, түркітанушы, аудармашы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлын Мұхтар Әуезов «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі... халықтың рухани көсемі» деп жоғары бағаласа, Смағұл Сәдуақасов: «Бұл кісі қазақ халқының алфавитін жасап берген, ...бәріміздің де сауатымызды ашып, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам», – деп мойындаған. Алаш арыстары осылай ардақтаған аяулы тұлғаның өмір жолы мен еңбегінен бүгінгі ұрпақ қаншалықты хабардар? Ұлы жүректің идеяларының өміршеңдігі неде?
Ахмет Байтұрсынұлының саяси күрес жолына түсуіне 1905 жылғы патша манифесі себепкер болды. Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясының авторларының бірі – осы Ахаң. Петицияда қазақ даласын отарлауды тоқтатып, жерді халыққа қайтару, қазақша газет, мектеп, баспахана ашуға еркіндік беру, Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлауға рұқсат ету сияқты талаптар қойылды. Көп ұзамай Думаға қазақтардың да сайлануына рұқсат берілді.
Қазақтардың саяси белсенділігінің артуы патша өкіметіне ұнамады. Ахаң Қарқаралы екі кластық училищесінің меңгерушісі қызметінен алынып, 1907 жылы «ұлтшыл, патшаға қарсы үгіт жүргізген» деген айыппен абақтыға қамалды. Осыдан бастап ол үнемі жандармдық бақылауда болды. Соған қарамастан бостандықты аңсап, күреске шақырған «Қырық мысал», «Маса» жинақтарын шығарды.
Қазақстанда тұру құқынан айырылған Ахаң Орынборға келіп, Міржақып Дулатұлымен бірге «ұлтты оятудың бірден-бір құралы – газет» деп білді. 1913 жылы «Қазақ» газетін шығара бастады. Газет Петербург, Варшава, Ташкент, Шәуешекке дейін 8 мыңға жуық данамен таралды. Ахаң 1913–1918 жылдары газеттің редакторы болып, халық өмірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, елді өнер-білімге үндеді.
Алаш қозғалысы тұсында Ахаң ұлт азаттығы жолындағы күрестің басшыларының бірі болды. Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған зиялылар І жалпықазақ съезін шақырып, «Алаш» партиясын құрды. Партия бағдарламасы Ахаңның басшылығымен даярланды. ІІ жалпықазақ съезі оны Оқу-ағарту комиссиясының төрағасы етіп бекітті. Алашорда атынан Мәскеуге келіссөзге барған Ахаңның еңбегімен Кеңес үкіметі алашордашыларға кешірім жариялады. Ол Қазревком мүшесі ретінде Қазақстан шекарасын белгілеу ісіне жанын сала араласты: Қостанай уезін Челябі облысына қосу шешіміне қарсы жазған наразылығы бұл өңірді Қазақстан құрамында сақтап қалуға негіз болды. 1920–1921 жылдары Қазақ АКСР-інің халық ағарту комиссары қызметін атқарды.
Мемлекеттік қызметте жүрсе де, Ахаң ұстаздықтан қол үзген жоқ. Оның басты мақсаты – қазағының көзін ашу еді. Сол үшін ол алдымен төл әліпбиімізді жасады. 1912 жылы ана тіліміздегі тұңғыш әліппе «Оқу құралын», кейін қазақ тілінің тұңғыш оқулығы «Тіл – құралды» жазды. Тіл білімі мен әдебиеттану терминдерін алғаш қалыптастырған да – Ахаң. Сондықтан ғалымдар оны «қазақ терминологиясының атасы» деп атайды. 1921–1928 жылдары Орынбор мен Ташкенттегі халық ағарту институттарында, 1928 жылдан Алматыдағы ҚазПИ-де профессор болып сабақ берді.
1929 жылы 2 маусымда Ахаң Алаштың 43 қайраткерімен бірге тұтқындалды. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың мұрағат деректеріне сүйенген зерттеуіне қарағанда, Ахаңды жазаға итерген өз қандастарымыз еді. Сол жылы «Советская степь» газетінде жарияланған жеті адамның ашық хаты Алаш арыстарын қаралап, авторлар Ахаңды жазалауды сұрап Сталинге екі рет хат жолдаған. Бұл жала Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың өмірін жалмады. Ахаң алғашында ату жазасына кесілгенімен, үкім кейін концлагерьге, одан Архангельскіге жер аударуға ауыстырылды. 1934 жылы Е.Пешкованың көмегімен мерзімінен бұрын босап, Алматыға оралды. Бірақ кеңестік билік оны тыныш қалдырмады: 1937 жылы 8 қазанда бесінші рет қамауға алынған ұлт ұстазы 8 желтоқсанда атылды.
Кезінде Әлихан Бөкейханов түрмеден Ахмет пен Міржақыпқа: «Алда әлі күнді көре алатын ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады», – деп жазған еді. Ахаңның өзі де бір өлеңінде:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын. Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін, –
деп толғанған. Айтқанындай, 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Соты Ахмет Байтұрсынұлын толық ақтады.
Дегенмен әділет таңы неге үнемі кеш атады? Ұлт ұстазын ұлықтау үшін әлі де көп іс атқарылуы тиіс: Алматыдағы мұражай-үйін қамқорлыққа алу, Алматы мен Астанада еңселі ескерткіш орнату, ол туралы көркем және деректі фильмдер түсіру, ғылыми еңбектер жазу – сол істердің бір парасы ғана.
Түйіндей айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тек әліппесін емес, ұлттық санасын қалыптастырып кеткен тұлға. Ол жасаған әліпби, жазған оқулықтары, қалыптастырған терминдері мен «Қазақ» газеті арқылы көтерген ойлары бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Тәуелсіз елдің әр сауатты азаматы – белгілі бір мағынада Ахаңның шәкірті. Сондықтан оны ұлықтау – өткенге құрмет қана емес, ертеңге деген жауапкершілік.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ