Егіншілерге нақты қолдау: жеңілдетілген несие мен техника лизингі кеңейтілді

Егіншілерге нақты қолдау: жеңілдетілген несие мен техника лизингі кеңейтілді Сурет: Gov.kz

Жыл сайын отандық шаруалар үшін жеңілдетілген қаржыландырудың жеткіліксіздігі өзекті мәселе болып келді.

2023 жылы республикалық бюджет қаражатынан бөлінген қаржы есебінен «Кең дала» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 140 млрд теңге сомасына 3 615 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылып, 3,6 млн гектар егіс алқабы жеңілдетілген қаржыландырумен қамтылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz 

Алайда қолжетімді несиенің жеткіліксіздігінен көптеген шаруа агротехнологиялық талаптарды толық сақтай алмады, сапалы тұқымдар мен жеткілікті минералды тыңайтқыштар сатып алмаған, өсімдіктерді қорғау шаралары төмен деңгейде жүргізілді, ал бірқатары ескірген техникамен жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Мәселенің түпкі себебі – саланы бұрынғыдай тікелей мемлекеттік қаржыландыруға негіздеу арқылы бюджет несиелерінің жетіспеушілігіне байланысты болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін жеңілдетілген несие қаражатына қолжетімділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Өткен жылы осы бағыттағы тәсілдер түбегейлі қайта қаралды.

Осылайша, коммерциялық қаражат пен қаржы құралдарын біріктіру есебінен 2024 жылы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 еседен астам артты. Несие беру көлемінің ұлғаюы нарықтық құралдарды, атап айтқанда, облигациялық қарыздарды тарту және олардың купондық сыйақыларын субсидиялау есебінен мүмкін болды. Бұл механизмді іске асыру үшін 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 60 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар шаруаларға жылдық 5% мөлшеріндегі "таза" жеңілдетілген несиені барынша қысқа мерзімде жеткізу міндеті қойылды.

2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 700 млрд теңге бөлінді. Егіншілер техника сатып алуға және оны жеңілдетілген 5% мөлшерлемемен рәсімдеуге мүмкіндік алуы үшін тағы 250 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен қаржыландыруға бағытталды.

Бұл қаражат әрбір шаруашылыққа нақты жетуі үшін алты бағыттан тұратын тарату жүйесі құрылды. Олардың қатарында:

  • «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ,

  • екінші деңгейлі банктер,

  • микроқаржы ұйымдары,

  • өңірлік инвестициялық орталықтар,

  • несие серіктестіктері,

  • әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) бар.

Бұл ретте еліміздегі АӨК тарихында алғаш рет егіс науқанын жеңілдетілген қаржыландыру 2024 жылғы желтоқсаннан басталғанын атап өткен жөн. Бұл 2025 жылғы науқанды ерте қаржыландыру бастамасының арқасында мүмкін болды.

Осылайша, Үкімет қолдауының арқасында қысқа мерзім ішінде шаруаларға тек «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар мен несие серіктестіктері арқылы ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да тікелей қаржыландыру жолымен қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Көктемгі егіс және жинау жұмыстары кезінде кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі көзделген. Бұл тетік несие сомасының 85%-ына дейінгі бөлігін кепілдендіруге мүмкіндік берді.

Өтінімдер қабылдана бастаған сәттен бастап жалпы сомасы 493,5 млрд теңгеге 7407 өтінім қабылданды. Оның ішінде 6988 өтінім мақұлданып, қаржыландырылды. Бұл 7,3 млн гектар егіс жұмыстарына дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Кепілдік базасы жеткіліксіз шаруашылықтар үшін «Даму» қоры арқылы шағын және жаңа бастаған фермерлердің қаржыға қол жеткізуі қамтамасыз етілді. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 166,5 млрд теңгеге 1134 кепілдік беріліп, берілген несиелердің жиынтық көлемі 195,9 млрд теңгені құрады.

Жеңілдетілген қаржыландыру аясындағы өндірушілерді қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – бұл лизинг. Саланы сапалы техникамен жаңартпай, оның әлеуетін арттыру мүмкін емес. Осы мақсатта 2024 жылы 120 млрд теңге көлеміндегі қаражат «КазАгроФинанс» желісі бойынша «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасын іске асыруға қайта бағытталды.

Мұнда атап өтерлік жайт, бұған дейінгі жылдары КАФ қаржыландыруының жалпы көлемі жылына 170–175 млрд теңге шамасында болып, оның 90%-ы жылдық 20–22% коммерциялық мөлшерлеме бойынша ұсынылатын. Мұндай жоғары пайыздық сыйақы көптеген шаруалар үшін қолжетімсіз болатын. 2024 жылы шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен ең қажетті отандық техника түрлерін сатып алуға жағдай жасалды. Бұл отандық машина жасау саласының дамуына оң әсерін тигізуде.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3 870 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 4 320 бірлік ең қажетті отандық техника сатып алды.

Сондай-ақ шаруаларды қолдаудың қосымша шарасы ретінде өсімдік шаруашылығы өнімдері мен отандық шикізаттың өткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз етуге арналған 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен жаңа қаржыландыру тетігі іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыру мәселесі шешімін тапты. Аталған бағыт бойынша 2024 жылы қаржыландыру көлемі 35 млрд теңгені құрады. 2025 жылы бұл мақсатқа 40 млрд теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Негізгі құралдардың қатарында – инвестициялық субсидиялар, несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы бар. Бұл тетіктер шаруаларға заманауи техниканы анағұрлым тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді.

Ең маңызды ынталандыру құралы – инвестициялық субсидиялау бағдарламасы, оның шеңберінде шаруаларға сатып алынған техниканың құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі (оның басымдық деңгейіне қарай). Қосымша қолдау ретінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған: басым техникалар үшін – 6%-ға дейін, қалған түрлер үшін – 15%-ға дейін. Бұдан бөлек, фермерлерге жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы белсенді түрде дамып келеді.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың тұқым сепкіш және 141 мың топырақ өңдеу құралдары тіркелген. 2024 жылы техника паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрап, 2023 жылғы 4,5%-дан айтарлықтай асып түсті. 2025 жылға жоспарланған көрсеткіш – 6,5%. Жалпы алғанда, техника паркін технологиялық тұрғыдан заманауи деңгейде ұстау үшін жаңарту деңгейін 8–10%-ға жеткізу қажет.

Министрлік 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техника лизингінің жеңілдетілген бағдарламасын қаржыландыру көлемін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделуде.

Қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары машинно-трактор паркін жедел жаңартуда жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл – нақты көрсеткіштермен дәлелденеді: егер 2017 жылы 8,5 мың бірлік техника ғана сатып алынған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 22,1 мыңға жетіп, 2,5 есеге артты.

Әсіресе, «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы шеңберінде айтарлықтай ілгерілеу байқалады: 2025 жылы бөлінген 250 млрд теңге шамамен 6 мың бірлік техника сатып алуға мүмкіндік береді. 24 ақпаннан бастап (өтінімдер қабылдана бастаған күннен) «ҚазАгроФинанс» АҚ-ға 129,2 млрд теңге сомасына 3 555 өтінім келіп түсті. Қазіргі уақытта жалпы құны 85,7 млрд теңге болатын 4 580 техника бірлігін жеткізуге 2 400 келісімшарт жасалды.

Заманауи егіс кешендері биылғы егіс науқанында белсенді түрде қолданылуда – 5,6 мың бірлік техника дәнді дақылдар егісінің 70%-ын қамтып отыр. Бұл John Deere, CLASS, RSM сынды жетекші әлемдік брендтердің техникасы, олар дәл егіншіліктің GPS, автопилот, тұқымдарды дәл себу, тыңайтқыш пен гербицид енгізу жүйелерімен жабдықталған.

Егіс науқанының табысты өтуіндегі маңызды фактор – жанар-жағармай материалдарымен (ЖЖМ) үздіксіз қамтамасыз ету. 2025 жылы егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді (2024 жылы – 376,4 мың тонна). Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шамамен 17 мың өтінім қабылданды. Мемлекеттік реттеу шараларының арқасында дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 254 теңгені құрады, бұл АЖС-тердегі нарықтық бағадан (301–307 тг/л) 15–20% төмен.

Министрлік тарапынан өңірлерге отын жөнелтуді күнделікті бақылау жүзеге асырылуда: жоспарланған 368,8 мың тоннаның 339 мың тоннасы (92%) төленіп, 308 мың тоннасы (84%) жөнелтілді.

Мемлекет тарапынан қабылданған шаралар машинно-трактор паркін жаңарту мен шаруаларды ЖЖМ-мен қамтамасыз етуде нақты нәтижелер беріп, АӨК-тің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасады.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы егіс науқаны еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамуындағы жаңа кезеңнің айқын көрінісіне айналды. Мемлекет басшысының бастамалары мен Үкіметтің жүйелі жұмысының арқасында егіншілер алғаш рет маусым басталмай тұрып-ақ жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. Мемлекеттік қолдау тетіктеріне енгізілген түбегейлі өзгерістер көмегімен тек көмек көрсету ауқымы мен тиімділігі кеңейіп қана қоймай, алдыңғы жылдарға тән басты мәселелер – айналым қаражатының жетіспеушілігі мен далалық жұмыстардың кеш басталуы – шешімін тапты. Бұл өз кезегінде науқанды дер кезінде жүргізуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және жоғары сапалы егін егуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде тек нақты ұйымдастыру мен жоғары қарқын ғана емес, сонымен қатар орнықты әрі әртараптандырылған егіншілікке көшу бағытында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Осылайша, сапалы өнім алуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға берік негіз қаланды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:32

16:30

16:22

16:10

15:47

15:31

15:11

15:07

14:34

13:49

13:10

12:47

12:35

12:18

12:02

11:47

11:34

11:26

10:59

10:45

10:27

10:15

10:13

10:09

09:34