Орайы келген әңгіме
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Даман Рамазан – тарихи тақырыптарға дендеп, көптеген тұщымды туындылар ұсынып жүрген қаламгер. Жазушы-драматургтің еліміздің бірнеше театрында сахналанған «Кенесары-Күнімжан» пьесасы кезінде «Ең үздік драмалық шығарма» ретінде танылса, осы жазда ғана Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы үлкен аншлагпен өтті. Премьераға арнайы келіп қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пьесаның тақырыбы өте маңызды екенін айтты. Сондай-ақ қазіргі таңда тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды халық арасында осылай кеңінен дәріптеу керектігіне назар аудартып, қойылымға жоғары баға берді. Жұртшылық жүрегіне жол табар өзекті шығармалар жазып жүрген қаламгерді бүгінде қандай мәселелер толғандырады? Өзі саралап, сараптап, туындыларына өзек еткен ұлы тұлғалар мұратының бүгінгі ел егемендігімен сабақтастығы қандай? Біз қаламгердің осы төңіректегі ой-пікірін білуге тырыстық.
– Думан, драмалық шығармаларыңыздың дені тарихи тақырыпқа, онда да айтулы тұлғаларға арналды. Соларды жазу барысында ұлт тарихына байланысты қандай да бір тың тұжырымдарға, шешімдерге келдіңіз бе? Болса, сол жайлы әңгімелесеңіз?
– Мен тарихи тақырыпқа еріккеннен қалам сілтеген жоқпын. Отаршылдар бізді ұлт ретінде жойып жіберіп, еліміз бен жерімізді басы бүтін иемденіп қалу үшін тарихымызды жадымыз бен санамыздан өшіруге тырысты. Ал тарихын ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр. Сол үшін де кеңес өкіметі кезінде хандарымыздың бәрі қанішер, батырларымыздың бәрі қарақшы ретінде сипатталды. Тәуелсіздік алғаннан кейін осы олқылықтың орнын толтыру керек болды. Соған тамшыдай болса да үлес қосқым келді. Алдымен қазақ халқының тәуелсіздігі үшін алып империямен жан аямай алысып, сол қасиетті жолда ғазиз басын құрбан еткен ұлы Кенесары бабам туралы жаздым. Ұлы ханның асыл сүйегін іздедім. Рухын жоқтадым. Сол асқақ рухтың қайта оралуын аңсадым. Қазақ ұлтының асқақ рухы Кенесарымен бірге құрдымға кеткендей, жоғалғандай, өшкендей көрінетін. Қазақтың Ресейге өз еркімен қосылмағанын өнер арқылы жалпақ жұртқа жария еткім келді. Отаршылдардың қазаққа жасаған жауыздығын, озбырлығын, зұлымдығын, қиянат-қысастығын барынша ашып көрсетуді мақсат тұттым. Олардың қазаққа жаны ашығын жоқ. Отарлауды шоқындырудан бастады. Тек Кенесары көтерілісінен кейін қазақпен байқап сөйлесу керектігін түсініп, ондай ашық зорлық-зомбылықтан еріксіз бас тартты. Жымысқылық, аярлық іс-әрекетке көшті. Кенесары бабам тірі кезінде де, тіпті о дүниеге аттанып кеткеннен кейін де отаршылдарға ойындағысын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Дегенмен, сол бір асқақ рух әлсіреп, білте шамдай сығырайып, сөнуге шақ қалды. Қазақтың Құдайы бар. Қолдады.
Тәуелсіздік алдық. Құдайға тәуба! Істі неден бастау керек еді? Абдырап қалдық... Өйткені, рухымыз әбден жаншылған, жанышталған, езілген. Құлдық санадан арыла алмадық. Әлі де арыла алмай отырмыз. Кенесары бабамды іздеу, жоқтау, жазу не үшін керек болды? Қазаққа ұлы ханның асқақ рухын оралтуды көздедік. Қайсарлықты, ерлікті, батырлықты дәріптегіміз келді. Сатқындықты, озбырлықты, зұлымдықты әшкерлеуге тырыстық.
Кейде халықтың тағдыр-талайын тұлғалар шешіп жатады. Ел басқарған көсемдерге де көп нәрсе байланысты. Мәселен, егер Абылай ханның орнында Әмірсана секілді көз алдындағыны ғана ойлайтын ақымақтау хан болғанда біз де жоңғарлар сияқты жер бетінен жойылып кетуіміз кәдік еді. Міне, бүгінгі күнге жетіп, тәуелсіз ел атанып отырғанымыз да осындай даңқты ата-бабаларымыздың арқасы. Кенесары бізге тәуелсіздік үшін қалай күресудің үлгі-өнегесін көрсетсе, Абылай хан қиын-қыстау кезеңде халықты тығырықтан қалай алып шығудың жолын нұсқады.
– Бүгінгі ел егемендігінің сол өзің зерттеген айтулы тұлғалардың ой-арманымен, мақсат-мұратымен сабақтастығы жөнінде не айтар едіңіз?
– Жалпы, сіз дұрыс бағамдап отырсыз, жазған шығармаң бүгінгі күнмен өзектес, сабақтас, үндес болса ғана өміршең болады, құндылығы артады. Мәселен, мен «Абылай ханның арманы» деген тарихи драма жаздым. Ханның өмірбаянын бастан-аяқ тізбелеп шыққан жоқпын. Оның не керегі бар? Біздің көп театрларға өнер туындысы емес, тұлғаның құрғақ өмірбаяны керек. Оның өнерге не қатысы бар?! Соны түсіне алмадым. Зерттеу еңбектерден де оқи салмай ма?! Ал, осы тарихи драмам арқылы не айтқым келді? Біріншіден, Абылай ханның сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқын тығырықтан қалай алып шыққанын, екіншіден, еліндегі билікті қарсыластарынан тартып алам деп қытай әскерін өз еліне бастап әкеліп, туған халқын қанды қырғынға ұшыратқан жоңғар ханзадасы Әмірсананың қалай ұлы жоңғар мемлекетін өз қолымен құрдымға құлатқанын, үшіншіден, Ресей мен Қытайдың бізді қалай қыспаққа алып, неліктен жоңғарлар сияқты жер бетінен жойып жібергісі келгенін ашып көрсеткім келді. Абылай хан туралы тарихи драма жазудағы мақсатым да осы еді. Бұл – әлі де өзекті мәселе. Күн тәртібінен түскен жоқ. Әл-әзір түспейтін түрі бар. Кешегі «қаңтар қырғыны» тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыздың оп-оңай екенін көрсетті. Әлі де сол Абылай ханның кезіндегі қауіп сейілген жоқ. Біздің тәуелсіздігіміз Қазақстанды билеп отырған көсемдерге тікелей байланысты екенін көрдік, түсіндік, анық сезіндік. Егер билеуші халқын ойламайтын, тек қарақан басы (байлығы) мен билігін ғана ойлайтын сатқын болса, яғни Әмірсана сияқты ақымақ болса, елдігіміз бен тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыз оп-оңай екен. Таққұмар Әмірсана секілді өзге елдің әскерін бастап әкеліп, өз халқын қырғыза салады. Қазақ жерін қан-қасап қылады. Халық қынадай қырылғаннан басқа ештеңе істей алмай қалады. Сондықтан бізге Абылай хан сияқты халқын ойлайтын, мемлекетіміз бен халқымызды барлық қиындықтардан алып шығатын дана көсем, кемеңгер басшы керек.
Абылай мен Кенесарылардан кейін қазақ көсемге жарыған жоқ. Қазақстан жерінің асты-үсті байлығының бәрі ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетті. Тіпті, қасиетті жерімізді саттырып жібере жаздады. Қазақты ойлайтын көсем осылай істей ме?! "Менен кейін не болса, ол болсын" дегендік қой! Жерімізден айырылсақ, бәрінен айырыламыз. Құлақкесті құлға айналамыз. Міне, мәселе қайда? Тағы да қайталап айтамын, жазған шығармаң бүгінгі күнмен астасып, өзектесіп жатса ғана өміршең болмақ. «Абылай ханның арманы» неге қазақ театрларын шарлап кетті? Қаламгердің мақсаты – ескерту. Жамандықтың алдын алуға үндеу. Бір күйген отқа қайта шарпылмауға шақыру. Режиссерлер осы негізгі айтпақ ойымды түсінді. Бойында қазақтың қаны ойнап тұрған неше түрлі ойлы, талантты, ұлтын сүйетін режиссерлер бар. Оны айтуым керек. Осыны биліктегілер түсінсе ғой!
– Елордада сахналанған «Жошы хан» спектаклі тақырыбының бүгінгі уақытпен, заманауи мәселелермен үндестігі, көтерер жүгі қандай?
– Жошы ұлысының алғашқы қазақ хандығы екенін айтудай-ақ айтып жүрміз. Қазақ ру-тайпалары бір тудың астына бірігіп, жаңа мемлекеттің іргетасын қалады. Ұлт болып ұйыса бастады. Елдік мұрат жолында ұлы күресті бастап кетті. «Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?» деген сұрақ сол кезде де халықтың алдында тұрды. Дәл қазір де сондай кепті бастан кешіп жатырмыз. Сол сауал әлі мән-маңызын жойған жоқ. Ресей мен Украинаның соғысын көзімізбен көріп, куә болып отырмыз. Күштінің әлсізге күш көрсетуі, зорлық-зомбылық жасауы тоқтамайды екен. Ендеше, әлі де қауіп-қатер сейілген жоқ. Құдай соғыстың бетін аулақ қылсын, дегенмен бәріне дайын болуымыз керек. Сондай жағдай бола қалса, төтеп беретіндей, лайықты тойтарыс беретіндей қорғаныс қабілетімізді арттыруымыз керек. Тәуелсіздігімді қалай баянды қыламыз? Мемлекетімізді қалай дамытып, өркендетеміз, гүлдендіреміз? Ол үшін ең алдымен қандай іс-шаралар, жұмыстар атқарылуы керек? Міне, осындай күрделі сауалдар төңірегінде көп ойласуымыз керек. Кешенді жұмыстар тезірек қолға алынуы керек. Ертең кеш болуы мүмкін.
– Сіз үшін «Республика күні» мерекесінің салмағы, мән-маңызы қаншалықты?
– Кез келген халыққа тәуелсіздіктен артық бақ та, бақыт та жоқ. Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен әрбір жанның есімі ұлт тарихында алтын әріптермен жазылуы керек. Жеткілікті дәреже-дәргейде құрмет көрсетіліп, кеңінен насихатталып, әспеттеліп, дәріптелуі тиіс. Кенесары, Абылай, Керей мен Жәнібек хандарды жазып жүргеніміз де сол. Ендеше, ел өмірінде «Республика күнінің» мән-маңызы ерекше, салмағы да зор. Себебі, қалай десек те, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, егемен ел болуға біржола бет бұрдық қой. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Осының негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Сондықтан осы айтулы екі күнді міндетті түрде мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Бұл келер ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге, тәлім-тағылымы да зор іс-шара.
– Бүгінгі таңда өзіңізді ерекше толғандыратын, ойландыратын қандай жайттар бар?
– Толғандыратын, ойландыратын жайттар көп-ақ. Ең алдымен адам деген атымызға сай асыл қасиеттерімізден айырылып барамыз. Адамдық, адамгершілік, қайырым-мейірім, жақсылық жасау сияқты қасиеттерден гөрі, қайырымсыз-мейірімсіз, қатыгез, тасбауыр болып кеттік. Күнде көріп-еститініміз – арсыздық, имансыздық, ұятсыздық, жамандық, жантүршігерлік жағдайлар мен оқиғалар. Жаманаттарды естігенде тіпті төбе шашың тік тұрып, аза бойың қаза болады. Ар-ұят, намыс адыра қалды. Адам баласының басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы да, ар-ұятына адал болуы емес пе?!
Біз осы өзіміздің атымызға, арымызға, ұятымызға, ең бастысы, өзімізге адал болып жүрміз бе? Кейде қызмет, мансап, атақ, сыйлық, ақшаға бола өзімізге өзіміз сатқындық жасаймыз. Бұл қалай? Осыншалықты құлдырауға, тексізденуге не себеп? Бесіктен беліміз шықпай жатып жағымпаздыққа, сатқындыққа үйренеміз. Бұл біле-білсең, өзіңді өзің сату ғой. Өзіңе-өзің сатқындық жасау. Содан кейін сені кім сыйлайды?! Не қадір, не қасиет қалады? Тексіздерге, түк көрмеген құл-құтанның ұрпағына бәрібір. Ал тектілердің ұрпағына бұл қылық жараспайды!
– Көшеде тәнін саудалап тұрған жезөкшелерді сөгеміз, тілдейміз, ең сорлы, бұзылған адамдар солар дейміз! Әрине, оларды ақтап алайын деп жатқан жоқпын. Бірақ ең сорақылық – арыңды сату, ұятыңды саудалау. Сол арқылы игілікке жетуден асқан масқаралық жоқ. Жағымпаздық та жезөкшеліктің бір түрі және ең сорақы түрі. Халыққа көшеде тұрған жезөкшелерден гөрі, ар-ұятын саудаға салатын саяси жезөкшелер көбірек зиянын тигізеді. Оны дәлелдеудің қажеті де жоқ. Күнделікті көріп, куә болып жүрміз. Бүгінгі істегенім ертең ұмытылып кетеді деп ойламау керек. Ештеңе ұмытылмайды. Не істесең де мәңгі-бақи сенің есіміңмен бірге ілесіп жүреді. Кім екеніңді өзің мойындамағаныңмен, елдің бәрі біледі. Бетіңе айтпаса да, сыртыңнан айтып жүреді. Ертеңгі күнге қалатын – сенің қызметің, мансабың, атағың, сыйлығың емес, жақсы немесе жаман атың, абыройың. Ендеше, абыройыңды қызғыштай қоры, замандас! Тарихта тек жақсы атың қалсын. Осыны үнемі есіңде тұт!
– Әңгімеңізге рахмет!