Алматыдағы Арбатта Димаш Құдайбергеннің әнін дәлме-дәл орындаған сегіз жастағы баланың бейнесін көрген боларсыз. Вирусқа айналған видео үш күннің ішінде 2 миллионға жуық қаралым жинап, түрлі пабликтерде тарап кетті. Жұрт видеодағы кішкентай дарынның өнеріне тәнті болып, жылы пікірін жаудырып жатыр. Елдің ықыласына бөленген бала кім? Аqshamnews.kz тілшісі "кішкентай Димашты" анықтап, анасымен тілдесті.
Желі жұлдызына айналған баланың есімі - Әділ Бектұрсын. Небәрі сегіз жастағы зор дауыс иесі биыл Алматы қаласындағы, С.Көпбаев атындағы №186 орта мектептің үшінші сыныбын тәмамдаған. Әнге үш жасынан әуес. Қазір Құрманғазы атындағы музыкалық мектепте фортепиано сыныбында оқиды. Әділ бүгінге дейін түрлі ән байқауларына қатысып, 50-ден астам диплом мен алғыс хат иеленген.
"Әділ ән айтқанда жанын салып айтады"
Әділдің анасы Мақпал Тұрысбекова ұлының өнерге деген қадамы жайлы әңгімелеп берді. Бастапқыда Мақпал ханым Әділді әнге өзі баулыған.
"Әділ 3 жасынан ән айта бастады. Алғашында өзім үйреттім. Кейін үйірмелерге қатыса бастады. Былтыр Құрманғазы атындағы балалар музыкалық мектебіне түсіп, биыл фортепиано сыныбын аяқтадық. Қалалық, халықаралық байқаулардан көп жүлдесі бар. "Bala Show" фестивалінде, қайырымдылық концерттерде ән шырқаған. Бірақ Арбаттағы бейнежазба – жұртқа танылған алғашқы сәті. Әділ өзі ұялшақ, бірақ ән айтқанда еш ұялмайды. Жанын салып айтады. Сахнаны сағынып жүреді", – дейді анасы.
"Әлеуметтік желінің мықтылығынан бір күнде танымал болдық"
Мақпал ханым ұлының бұған дейін Астанада, Есіл бойындағы музыканттармен бірге ән шырқағанын айтты. Халықтың қошеметі ұнап, Әділ бұл сәтті тағы да қайталағысы келген. Анасы "Алматыда тағы да айтамыз" деген уәдесін орындаған.
"Арбаттағы өнерін бейнежазбаға түсіріп, Instagram мен TikTok-қа жүктеген – Әсет Серғазы есімді азамат екен. Сол кісінің арқасында баламыз бір күнде танымал болып шыға келді. Алғашқы болып Астанадағы танысымыз хабарласып, “балаларың желіде жүр” деді. Өзіміз әлеуметтік желіге көп үңіле бермейтін едік, бірақ сол сәтте оның қаншалықты қуатты құрал екенін түсіндік. Адамдардың жылы пікірлерін оқып, өзіміз де, Әділ де шын қуанып жүр. Әрбір пікір мен жазылушыға риза болып жатырмыз", – дейді Әділдің анасы.
Әділдің арманы не?
Әділдің кумирі – Димаш Құдайберген. Оның көп әнін жаттап алып, бірге қосылып айтады. Арбатта шырқаған “Любовь уставших лебедей” әні де – сүйікті туындыларының бірі.
"Әділ өзі кішкентай болсада Димаштың үлкен жанкүйері. Димаштың әндерін сүйсіне тыңдайды және репертуарындағы біраз әнін бірге қосылып шырқайды. Димаштың шығармашылығына қызығып, сахнада орындап жүргеніне бір жылдай болып қалды. Онымен бірге өнер көрсету - үлкен арманы", – дейді анасы.
"Балам еліне елеулі азамат болса екен деймін"
Әділ ән айтып қана қоймай, фортепианода ойнайды, шахмат пен тоғызқұмалаққа да қызығады. Тіпті шахматтан 4-разряд алған. Бірақ мектеп пен музыкаға бірдей уақыт бөле алмаған соң, шахматты уақытша доғарған. Ал ән – басты хоббиі.
"Әділ болашақта консерваторияға түсіп, опера әншісі боламын дейді. Біз әрине оның қалауын қолдаймыз. Балам еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болса екен деймін. Әрбір жылы лебізін жаудырып жатқан жұртқа алғыс айтамын", – дейді Мақпал Тұрысбекова.
Айта кетейік, Әділдің видеосын Аqshamnews.kz желіге жүктеген соң, танымал тұлғалар да байқап, түрлі ұсыныстар түскен. Күйші Асылбек Енсепов редакция тілшсімен байланысқа шығып, Әділді үлкен сахнада өнер көрсетуге шақырды.