AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Алматы / «Денверге ұқсайды, тек таулары әлдеқайда әдемі»: ш...

«Денверге ұқсайды, тек таулары әлдеқайда әдемі»: шетелдіктерді Алматыдағы жарыс несімен қызықтырады?

Алматы Бүгін 11:48 83
«Денверге ұқсайды, тек таулары әлдеқайда әдемі»: шетелдіктерді Алматыдағы жарыс несімен қызықтырады?
Алматы әкімдігі

Биыл қор ұйымдастырған төрт ірі жарысқа 3 000-ға жуық шетелдік жүгіруші қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

15 қарашада Алматыда «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының жүгіру маусымын қорытындылаған City Run жарысы өтті. Сөреге 25 елден 2 500 жүгіруші шықты. Олардың қатарында Жаңа Зеландия, Бразилия және Филиппин елдерінен келген қатысушылар да болды. Шетелдік жүгірушілер Алматыдағы жарыстардың несімен тартымды екенін айтып берді.

Калифорниялық Джереми Тейл City Run жарысына қатысу үшін демалысын арнайы осы уақытқа жоспарлаған.

«Талайдан бері Almaty Marathon жарысына қатысқым келеді, сондықтан сайттағы жарыстар күнтізбесін үнемі қадағалап отырамын. Сапарымды жоспарлап жүргенде, дәл осы күндері 10 шақырымдық жарыс өтетінін көріп, бірден тіркелдім», – деп еске алды ол.

Джереми үшін саяхат пен жүгіруді ұштастыру үйреншікті іс. Бұған дейін ол Грекияда да осылай жарысқа қатысқан.

City Run оған АҚШ-та Алғыс айту күні қарсаңында өтетін, қатысушылары түрлі костюм киіп жүгіретін Turkey Trots жарыстарын еске түсірді. Джереми Алматыға алғаш рет 2022 жылы келген. Содан бері қалаға қайта оралуды армандап жүрген.

«Мұнда өзімді үйдегідей сезінемін. Кейде тіпті Алматыны Денверге ұқсатамын, тек мұндағы таулар әлдеқайда әдемі деп әзілдеймін», – деді ол. Ендігі мақсаты – Almaty Marathon жарысына қатысу.

Мұндай оқиғалар жылдан жылға көбейіп келеді. Биыл қор ұйымдастырған төрт ірі жарысқа 3 000-ға жуық шетелдік жүгіруші қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға көп. Ал Almaty Marathon жарысына шетелден 1 534 желаяқ келіп, жарыс тарихындағы рекорд жаңарды.

Бұл қаладағы спорттық туризмнің дамуына да ықпал етіп отыр. Зерттеу деректеріне сәйкес, басқа қалалар мен шетелден келген жүгірушілер барлық қатысушылардың бестен бір бөлігі болғанымен, жалпы шығындардың төрттен үшіне жуығын қамтамасыз еткен. 2026 жылы қордың Алматыдағы жүгіру жарыстарынан қаланың экономикасына тигізген пайдасы 20,63 млрд теңге, ал бюджетке түскен салық түсімі 3,67 млрд теңге болған. Шетелдік қатысушылардың 87%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр.

«Шетелден келетін жүгірушілер саны жыл сайын артып келеді. Олардың көбі бізге қайта оралады. Шетелдік жүгірушілерді Алматының әсем тау көріністері, жарыстардың ерекше атмосферасы мен қала тұрғындарының қонақжайлығы қызықтырады. Кейін Алматы туралы достарына айтып береді. Осылайша жүгіру спорты қаламызды әлемге танытып жатыр», – деді қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Біреулер үшін жүгіру жарысы Алматыға келуге себеп болса, енді біреулер үшін жаңа қалаға бейімделудің жолына айналған. Жақында Алматыға көшіп келген италиялық Мария Джампетруцци бірден бірнеше жүгіру клубына қосылған.

«Бұл маған жаңа достар табуға көп көмектесті», – деді ол.

Бұған дейін Мария тек Лондонда жүгіргендіктен, Алматыдағы жарыстан үлкен әсер алған.

«City Run мені шынымен таңғалдырды: таңертең ерте жиналған адамның көптігі мен айналадағы ерекше энергия бірден байқалады! Көпшілік түрлі костюм киіп келіпті, бәрі бір-бірімен араласып, өзара қолдау көрсетіп жатты», - деді ол.

Биіктік айырмасы бар бағытпен жүгіру Марияға оңай болмағанымен, жол бойындағы көріністер соған әбден татиды:

«Айналаңды тау қоршаған кең көшелермен жүгіру - ерекше әдемі әсер».

Екі жыл бұрын ол Қазақстандағы жарыстардың біріне тіркелгенімен, сол кезде келе алмаған екен.

«Бір кезде ойға алған жоспарымды ақыры жүзеге асырғандаймын», — дейді Мария.

Испанияның Бильбао қаласы маңындағы Лейоа қаласынан келген Эдгар Карранса Брисуэла Алматыға тұрып, жұмыс істеу үшін көшіп келіпті. Ол қай жерде тұрса да, жүгіруді әдетке айналдырғандықтан, жергілікті жарыстарды тез тауып алған. Ақпанда Winter Run жарысына қатысып, кейін Instagram желісінде Almaty Marathon парақшасына жазылып, жаңалықтарын қадағалап жүрген. Қыркүйектегі марафон оның демалысымен тұспа-тұс келгендіктен, қатыса алмаған. Ал City Run жарысын өткізіп алмауға тырысқан.

Эдгар Алматының жүгіру мәдениетін өзі тұратын Бильбаодағы дәстүрлермен салыстырады. Бильбаода жарыстан кейін достармен бірге пинчос пен тапас жеуге бару қалыптасқан дәстүр екен.

«Ал Алматыда бәрі көңілді әрі өзгеше өтеді: көпшілік костюм киіп жүгіріп, видео түсіріп, әлеуметтік желіге суретке түседі. Адамдар үшін бұл жай ғана жарыс емес, көңілді уақыт өткізуге де жақсы мүмкіндік екені байқалады», - дейді ол.

Эдгарға Алматының таулары, жасыл желегі мен тұрғындарының ақжарқындығы ұнаған. City Run бағытында тек алғашқы өрге көтерілу қиындау болған.

«Қалған бөлігінде жүгірудің өзі бір ғанибет болды», – деді ол.

Желтоқсан айының соңында Эдгар Қазақстаннан кетеді. Әзірге қайта оралар-оралмасын білмейді. Дегенмен мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайды.

«Неге қайтып келмеске?» – дейді ол.

Қор ұйымдастыратын жарыстар Қазақстанда халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енген жалғыз жарыстар болып қала береді. Сонымен қатар Almaty Marathon мен Turkistan Marathon Turkic Alliance of Long Runs (TAN) сериясына кіреді.

City Run жарысы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Телеграм арнаға жазылыңыз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматы мен Қытай жастарды жұмыспен қамту және кәсіби дамыту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді

Бүгін 14:13

«Бәйтерек» ҰИХ экономиканы қолдауға 8,7 трлн теңге бөлді

Бүгін 14:06

Қазақстанда сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Бүгін 13:43

Олжас Бектенов отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейтуді тапсырды

Бүгін 13:35

Азаматтық құқықтарды қорғау жаңа Азаматтық кодексте одан әрі дамытуды қажет етеді – Елеужан Серімов

Бүгін 13:31
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);