ffin.kz

Демала білеміз бе?..

Демала білеміз бе?.. Сурет: ашық дереккөз

Жайдары жаздың соңғы сәттері де сынаптай сырғып барады. Уақыттың тез өтетіні сонша, қалай таң атып, күн бататынын аңғармауға айналдық. Жазбен бірге көпшілігіміз асыға күткен, жыл бойғы жұмыс кезінде арқа-басымызды кеңге салып тынығуды көксеген демалыс кезеңі де аяқталуға таяу. Ал сол жыл он екі айда бір сәті түсетін қысқа уақытты біз әдетте қалай өткіземіз, тиімді пайдалана аламыз ба?..


Әрине, қашаннан-ақ «Қолы қимылдағанның ғана аузы қимылдайтыны» түсінікті. Бірақ тер төгіп, еңбек ету қаншалықты қажет болса, адамға демалыс та соншалықты маңызды. Еңбек пен демалысты дұрыс үйлестіре білгенде ғана адам ағзасы қалыпты дамиды.


Егер адам орташа есеппен 70 жыл өмір сүреді десек, ол – небәрі 25 мың күн. Ақпарат көздерінің дерегінше, оның 8 мыңы – ұйқыға, 1500-і – тамақтануға кетеді, 1000 сағаты көлікте өтетін көрінеді. Басым бөлігі,  яғни 9000 сағаты оқуға және жұмыс істеуге  бөлінеді. Сонда 40 жыл жұмыс істейтін пақырдың үлесіне тиетін ақылы, заңды демалыс уақыты – бар болғаны 960 күн екен.      


Ал демалыс – кез келген адамның қалыпты дамуы мен іскерлік қабілетінің жан-жақты ашылуына, денсаулығының нығаюына негіз болатын алғышарт. Тынығудың тиімді бір жолы – ол, әрине, салқын самалы мен саф ауасы бойыңды сергітіп, күш-жігеріңді тасытар табиғат аясындағы демалыс. Құстардың үні, жапырақтың сылдыры мен бұлақтың сыңғыры жүректі баурап, көңіл күйді көтереді, шаршап-шалдыққан, қажыған адамның жанын жадыратып, тыныштық ұялатады. Бірақ біз, өкінішке қарай, дұрыс демала білмейміз, мүмкін, білгіміз де келмейді. «Баяғы – Қойлыбайдың таяғы» демекші, жылдар бойы бір сарынмен, ескі сүрлеуді шиырлап жүре береміз. Күнделікті атқаратынымыз – бір шаруа, көретініміз – сол бір адамдар, сол бір орта. Бірсарындылықтан біз тіпті күндердің күнінде қалай роботқа айналып кеткенімізді аңғармай да қаламыз. Сондықтан кейде кәсіп ауыстыру, үйренген жайлы ортадан шығып, жаңа бірдеңе бастау, соны салаға бет бұру аса маңызды.


Осы орайда, жапон білгірлерінің бір ұстанымы ойландырады. Олар «Өзін бақытты сезінуі үшін адам әрбір 7 жыл сайын өмірінде тым болмаса бір өзгеріс жасап тұруы керек» деп есептейді екен.


Бұл ретте, жаңаша бірдеңені көріп, сезініп, содан жақсы әсер алудың өзі керемет. Біреулер табиғатпен қауышудан, енді біреулер өнерден ләззат алудан, тағы біреулер адамдармен араласудан рухани күш алады, жігерленеді. Ал әркімнің өзінің жан қалауына, сүйікті ісіне мойын бұруға қолайлы мүмкіндік туатын кез де – демалыс уақыты. Әдетте жұмысбасты ата-анасын күнұзаққа көрмейтін балалар үшін де бұл – үлкен қуаныш. Бала тек қарны тоқ, көйлегі көк болумен ғана жақсы азамат болып шықпайды. Материалдық құндылықтардан да  гөрі, балаға ата-анасының мейірімі, махаббаты қымбат. Демек демалыс – бала-шағаға, отбасына көңіл бөліп, олармен бірге уақыт өткізу, жүрегіне жол табу тұрғысынан да таптырмайтын уақыт. Әсіресе баяғыдай әр баланың жазғы демалысы алдын ала ойластырылып, түрлі демалыс лагерьлеріне жіберу жағы қарастырылмаған, қарастырылған күнде де оны әркімнің қалтасы көтере бермейтін бүгінгідей жағдайда балалардың ата-анасымен бірге уақыт өткізуі, бірге тынығуы маңызды.  


Күрең күндері мен жауын-шашыны бірге жүретін күз мезгілі де иек астында. Дегенмен жаймашуақ ауа райын пайдаланып, тиімді тынығуға, демалыс уақытын босқа сарп етіп, қапы қалмауға әлі де кеш емес. Бастысы, ниет болса болғаны. 


 


 Керек дерек


Теңіз суы адам ағзасына өте пайдалы. Яғни ол тамақ, көмей бездерінің ісуі, түрлі тері аурулары сияқты созылмалы ауруларға мыңнан бір дәру. Теңіз суы мен пайдалы минералдарға, микроэлементтерге толы ауа – организмді нығайтуға ықпал етеді.  Мәселен...



Йод – қала тұрғындарына жетіспейді, қалқанша безінен гормондардың бөлінуіне әсер етеді және зат алмасуды реттейді.


Бром – жүйке жүйесін тыныштандыруға оңды әсер етеді.


Селен – клеткаларды жағымсыз экологияның әсерінен бұзылудан қорғайды.


Магний – ағзадан қажетсіз сөлдердің бөлінуіне, буын қызметін нығайтуға қажет.


Калий – қан қысымын қалыпқа келтіреді, жүрек-қан тамырлары қызметі үшін маңызды рөл атқарады.


Кальций – сүйек құрылысын қатайтады, тіске өте қажетті.



Суда жүзу кезінде адам денесіне өзіндік массаж жасалады. Ол бұлшық еттерді қатайтып, қан айналымын реттейді. Бұл қыз-келіншектерге өте пайдалы, өйткені артық салмақ тастауға көмектеседі және терінің қалпын жақсартады. Айтпақшы, судағы массажды қабылдаудың ең оңай тәсілі – толқын соққан таяз суда, жағалауда жату. Сол сияқты, құмда жаяу жүру де ішкі органдармен байланысты табандағы рефлекторлы нүктелерінің қалыпқа түсуіне жақсы әсер етеді.


 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32