34 жастағы алматылық Жасұлан Үмітқазынов азаматтық ұстанымын білдіру үшін сайлау учаскесіне келді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, дауыс беруге қатысу өзі үшін ғана емес, елдің болашағы мен келер ұрпақ үшін де маңызды.
«Менің дауысым елім, жерім және болашақ ұрпақ үшін өте маңызды. Сондықтан бүгін өзім келіп, дауыс бердім», – деді Жасұлан.
Ол дауыс беру арқылы қала өміріне қатысты күнделікті мәселелерге де көзқарасын білдіруге болатынын айтты. Атап айтқанда, Жасұлан Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолайлы жағдай көбірек жасалғанын қалайтынын жеткізді.
Кедергісіз орта қалыптастыру – қала тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі. Әрбір алматылықтың сайлауға қатысуына мүмкіндік жасау мақсатында дауыс беру күні қалада 170 инватакси көлігі мен 80 сурдоаудармашы жұмылдырылған.
Бүгін, 29 қарашада, Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 41-інде бір күндік тіркеу қызметін пайдалануға болады. Дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады.