Қытай Халық республикасының азаматтарын Қазақстанға визасыз 30 күнге емін-еркін кіріп шығуға келісім берілді.
Әлемдегі жүзден аса елдің азаматтары елімізге қысқа мерзімге визасыз кіре алады екен. Енді солардың қатарына шығыстағы көршіміз Қытай елінің келіп қосылғанын көріп отырмыз. Ең басты нысана: туризмді дамыту, сауда-саяхат істерін ілгерлету екені анық. Қазақстан теңізбен шектеспейтін құрлықтық мемлекет болғандықтан осы күнге дейін туризм қызметі өте нашар деуге болады. Тағы бір жағынан сервистік қызмет көрсету жоққа тән. Осындай себептер қазақ жеріне келіп кететіндердің назарын аударған жоқ. Кеңестер одағының көлеңкесінде көмескі тартып келген елдің жарнамасы да жоққа тән.
Ал, шындығына келер болсақ, қазақ даласында ғажайыптың бәрі бар. Бір мезгілдің өзінде төрт маусымды көруге болады. Ақбас Алтай мен Айбынды Алатаудың төбесінде қысы-жазы ақ қар, көк мұз жатса, бауырында қызғалдақ ашылып масатыдай құлпырып тұрады. Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы, Жетісу облысы, Көкшетау өңірі таулы, сулы, ну орманды болып келеді. Оның өзі басқа бір әлем. Орал өңірі, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда аумағына қарасаң, ұшы-қиыры жоқ баябан құмды өлке, ақшағыл алқап. Қысқасы не іздесеңіз сол бар. Көкшетаудағы сексен көл, Солтүстік Қазақстандағы ірілі-ұсақты мыңдаған көлдер, Балқаш, Алакөл, Марқакөл, Зайсан, Бұқтырма, Арал, Каспий секілді құпияға толы су көздері бірінен бірі өтеді. Одан өзге тарихи қалалар, ежелгі елді мекеннің ескі жұрттары, Алтын адам шыққан өңірлер, Сақ және Үйсін қорғандары... айта берсең толып жатыр. Міне, осы өңірлердің бәріне туристік нысандар салынып, қонақ үй, тас жол, көлік қатынастары шешілсе, қазақ туризмі дүр ете түскелі тұр. Ашылмаған арал секілді мемлекетпіз. Сондықтан да шетелдік туристердің назарын аударып, бағытын елге бұру үшін визасыз режимдерді іске қосуды қолға алды. Оның абзал тұстарын бізде біліп отырмыз. Осы жағынан алып қарасақ, өзге елдерге рұқсат етілген кіріп-шығу қытайларға да бірдей болуға тиіс. Олардың жан саны көп, экономикалық әлеуеті күн сайын артып келеді. Саяхатшылары мен саудагері көп. Елімізге түсетін қаржысы да мол екені анық. Солай бола тұра, халық, қыбырлаған бұқара қытайлықтардың көптеп, қаптап келуінен қорқады, жүрексінеді, үрейленеді. Басқа елдің азаматтарының келіп-кетуіне бұлай алаңдай қоймайды. Олар келеді және бірі қалмай еліне кетеді деп есептейді. Ал, қытайлықтарға келгенде әр адамның қорқынышы басым.
Басты қорқыныш келген қытайдың әр түрлі жолдарды тауып жерленіп қалуынан туындайды. Қазақ жеріне қытайлардың тарауынан, сіңіп кетуінен қатты сақтанады. Себеп екеу. Біріншіден, қытайлар "Қай жер өмір сүруге қолайлы болса, сол жер сенің Отаның" деген қағиданы ұстанады. Сондықтан олар әлемге жаппай жайылуда, таралуда. Екіншіден, қазақстандық мемлекеттік жүйенің, құқық, заң саласының қатаң емес, солқылдақ екенін халық біледі. Сондықтан да шекарадан кірген Қытайды құлағынан тартып санап кіргізіп, құлағынан тартып санап шығарып жіберуге қауқарлы ма? Дайын ба?... Жеңілдіктер жасалып, айналып өтетін жолдарды көрсетіп, немқұрайлылық танытса, қалатындар мен сіңіп кететіндер көбейетіні анық. Олардың біздің елде заводтары көп, базарлары мен жұмыс орындары жеткілікті. Сол жерлерде біртіндеп қала берсе, өсімтал халық тез қаулап кетеді. Міне, қорқыныштың себебі осы. Өйткені бізді жайлаған парақорлықтың кірмеген есік-тесігі қалмады. Жемқорлық жайлаған елде не сұмдықтың болатынын бәрі біледі. Халық осындай қитұрқылықтан, заңсыздықтардан қорқады. Егер заңымыз кемелді, тәртібіміз қатаң, жүйеміз берік болса, алаңдайтын не бар?!.. Саудасын жасайды, саяхаты мен туристік бағытын орындайды да елден шығады, аулақ кетеді. Олардың тұрақты қоныстануы мен азаматтық алуына ешқашан жол бермеу керек. Өйткені әлемге тез жайылып бара жатқан қытайлар жиырма миллионға жетпейтін халқы бар біздің елді басып қалуы мүмкін. Олардың жолы ашылса, лек-легімен жөңкіледі. Өздері өте өсімтал. Мұндағы қаракөз қыздарымыз олардың көзінің құрты, үйлену, онан соң азаматтық алу деген өршиді. Экология бүлінеді, жұмыс орындары азаяды. Тыныс тарылады, адамдар суынады, мәселе туындайды. Айта берсек, тиімсіз жағы көп. Құқық қорғау орындары мен бақылау жүйесі тізгінді сәл жіберсе, алдын тосуға болмайтын апат туындауы мүмкін. Қытай мәселесі әрі нәзік, әрі күрделі. Кез-келген басқа елмен салыстыруға болмайтын қиындықтары бар. Өйткені Қазақстан қытайлардың Еуразияға шығатын құрлықтағы бірден бір жолы, абайламасақ өкініп қаламыз. Жәй өкіну былай тұрсын, орнына келмейтін салдарға ұрындыруы мүмкін. Туризм мен ел экономикасын көтеру саясаты елімізді қытайлану мен ассимиляцияға құлдыратса, ол деген орны толмас қасірет болады.
Осыдан екі мың жыл бұрынғы түркінің ұлы империялары, ата-бабаларымыз Хұндар мен Үйсіндердің трагедиясы біздің жадымыздан шықпау керек. Қазақ деген халық жаулаушы елдердің күшінен, қуатынан именген емес, тізесі дірілдеп ешқашан бүгілген емес. Жиырма ғасырлық тарихқа қарасақ, қазақ жатжұрттықтардың жұмсақ саясаты мен айлакерлігінен ғана зардап шеккен екен. Керегеміз қирап, шаңырағымыз ортасына түскен кездеріміз көп болды. Шығысымыз да, солтүстігіміз де сонысымен қауіпті. Ел азаматтарының күдігі де содан. Ақша үшін ардан аттайтындар арамызда бар. Олар жұлынқұрт секілді жүйеміздің ішінде жүр. Сорлап қалмасақ болғаны. Биліктің көздегені "жақсылық" болғанымен, соны атқаратын адам ала-құла. Біз қорықсақ содан қорқамыз. Өйткені, небір күшті, кемелді алпауыт мемлекеттердің өзі Қытайға визасыз кіруге рұқсат бермейді. Ал, біз әлімізге қарамай тәуекел етіп жатырмыз. Осы көзсіз ерлік ертеңімізге көлеңке түсірмесе жарар еді.