Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көше жол желісінің жай-күйін жақсарту мәселелері бойынша аппараттық кеңес өткізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қала әкімі жыл сайын автокөлік санының артып, жол инфрақұрылымына түсетін жүктеменің көбейіп келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты қалада жүргінші қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
Дархан Сатыбалды 21 наурыз әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасында қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, бұл жағдай жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жүйелі түрде күшейтудің және полиция тарапынан бақылауды арттырудың маңызын айқын көрсеткенін атап өтті.
Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдолдиновтың мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі — жол қозғалысы ережесін бұзу. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулігіне 270 патрульдік экипаж қызмет атқарады. Қалада 9 415 камераны біріктіретін 1 641 «Сергек» кешені жұмыс істейді. Алматыдағы жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім деңгейі ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр.
«Бір ғана адамның өмірі қиылса да, құрғақ статистиканың мәні жоқ. Жол мен тротуарлардағы қауіпсіздік біздің басты басымдығымыз. Инфрақұрылымды жақсарту және цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастырамыз. Алайда ереже сақталмаса, тәртіп болмайды. Полиция барлық құқық бұзушылық бойынша көлікті тұраққа дұрыс қоймаудан өрескел әрекеттерге дейін бақылауды күшейтіп, қатаң шаралар қабылдауға тиіс», — деді Дархан Сатыбалды.
Кеңесте сондай-ақ көше жол желісін алдағы жөндеу мәселесі қаралды.
Биыл орташа жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 290,2 шақырым болатын 360 көшені, оның ішінде 40,9 шақырым 17 магистральды көшені қамтиды. Магистральды көшелердегі орташа жөндеу жұмыстары жаз мезгілінде жүргізіледі.
Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабдановтың айтуынша, наурыз айының ортасынан бастап ағымдағы жөндеу және ақауларды жою жұмыстары басталды. Атап айтқанда, жол құдықтарының қақпағы мен жаңбыр суын қабылдау құрылғыларының шөгуі, қоғамдық көлік жолақтарындағы ойықтың пайда болуы, сондай-ақ инженерлік желілерді жүргізгеннен кейінгі жол жабынының бұзылуы ретке келтірілуде.
Сонымен қатар биыл Алатау ауданының көше-жол желісіне ерекше назар аударылады. Мұнда жол құрылысы және орташа жөндеу аясында ұзындығы 121,9 шақырым болатын 304 көшені қамту жоспарланған.
«Жыл сайын жол жөндеуге қомақты қаражат бөлінеді. Алайда қыс мезгілінен кейінгі жағдайды тұрғындар орынды түрде сынап отыр. Мердігер ұйымдармен нақты әрі талаппен жұмыс жүргізу қажет. Міндеттемелерін сапасыз орындаған компаниялар қаладағы жұмыстарға араласпайды. Жөндеу учаскелері кедергі жолағына айналмауға тиіс — жұмыс дұрыс ұйымдастырылуы керек. Жалпы, жол белгілері, бағдаршамдар,жүргіншілер өткелі, жол таңбалары, көпір мен жолайырықтардың барлығы тиісті талапқа сай болуға тиіс. Қаланы жүйелі түрде аралап, жұмыстардың барысын жеке бақылауда ұстаймын», — деп сөзін қорытындылады Дархан Сатыбалды.