29 тамыз – тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем мен ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыс үшін ерекше мәні бар күн. 1991 жылдың дәл осы күні Семей өңіріндегі ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды.
· Полигон қалай пайда болды?
Полигон 1947 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен құрылып, құжаттарда жасырын түрде «№2 оқу-жаттығу алаңы» деп аталды. Алғашқы ядролық жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда болды. Бомба жер бетіндегі 30 метрге жуық биік мұнараға орнатылып жарылды. Қуаты 22 килотонна болған жарылыстың толқыны 5 шақырымға дейін жетіп, сынақ орнында үлкен шұңқыр пайда болды. Алайда бұл кейінгі сынақтармен салыстырғанда әлсіз еді: кейін сыналған бомбалардың қуаты одан ондаған есе асып түсті.
Мұның бәрі II дүниежүзілік соғыстан кейінгі ахуалмен байланысты. Сол кезде АҚШ пен КСРО арасындағы бәсеке ушығып, екі алып держава қару-жарақ жарысына кірісті. Әр тарап өз атом қаруын сынауға кіріскенде, Кеңес Одағы бұл мақсатқа Семей өңірін таңдады. Полигонға 18,5 мың шаршы шақырым аумақ берілді.
· Картада жоқ құпия қала
Полигонға қызмет еткен қала ешбір картада белгіленбеді. Құпияны сақтау үшін оның атауы бірнеше рет ауысты: «Москва-400», «Семипалатинск-21», «Конечная» деп аталып келген қала кейінірек ғана «Курчатов» деген атпен белгілі болды.
Мұнда сынақтарды өткізуді қамтамасыз еткен әскерилер мен бейбіт тұрғындар өмір сүрді. Қалада ғылыми зертханалар жұмыс істеп, дәрігерлер мен биологтар, физиктер мен математиктер, сондай-ақ шахта салушылар, бұрғылаушылар, геологтар мен құрылысшылар жиналды. Қаланың Мәскеуден ұшақ қабылдайтын өз әуежайы, теміржол және автобус бекеттері болды. Сынақ алаңдарына дейін жүздеген шақырымдық бетон жолдар төселіп, жер астымен құпия байланыс желілері жүргізілді. Радиоантенналар мен радарларды бақылаған мамандар күні-түні ауысыммен жұмыс істеді.
· Сынақтардың ауқымы
Полигонда жарылыстың соққы толқынына әртүрлі құрылыстардың қаншалықты төтеп беретіні де тексерілді. Ол үшін сынақ алаңының маңына түрлі нысандардың үлгілері салынды. Солардың бірі – Мәскеу метросының үлгісі. Ол жарылысқа шыдас берді, осылайша метроны бомбадан пана ретінде пайдалануға болатыны дәлелденді.
Барлығы Семей полигонында 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалды. Оның 116-сы ашық түрде, яғни жер бетінде немесе әуеде өтті. Тек әуеде және жер бетінде сыналған зарядтардың жиынтық қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есе көп болды.
Сынақтар ең қарқынды жүрген кезең – 1961–1962 жылдар. Осы екі жылда 68 жарылыс жасалып, 1961 жылдың қыркүйегінің өзінде 15 сынақ өтті. 1964–1989 жылдары полигонда 352 жерасты жарылысы болды, олардың қуаты 150 килотоннаға дейін жетті. Қорытындысында қазақ жерінде жасалған жарылыстардың жалпы қуаты 50 мегатоннадан асты. Радиоактивті жауын-шашын 304 мың шаршы шақырым аумаққа тарап, онда тұратын 1,7 миллионнан астам адамға әсер етті. Семей өңірі экологиялық апат аймағына айналды.
· Халықтың басына түскен зардап
Сынақтардың салдары тек Семей облысымен шектелмей, көршілес Павлодар және Қарағанды облыстарына да тиді. Бұл өңірлерде қатерлі ісік ауруларына шалдыққандар саны күрт көбейді. Ресми мәліметтер бойынша 40 жыл ішінде сынақтардан миллионнан астам адам зардап шеккен, ал кейбір деректерде бұл сан 1,5 миллионға дейін жетеді.
Бұл қасірет әлі толық аяқталған жоқ. Онкологиялық аурулар өңірдегі жас ұрпақ арасында да кездесіп отыр. Полигон жабылғанына көп жыл өтсе де, кей жерлерде радиация деңгейі әлі де нормадан жоғары, ал бұрынғы жарылыс орындарының маңында жүру қауіпті болып қала береді.
· Халық үні полигонды жапты
1989 жылы белгілі ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Халықтың кең қолдауына сүйенген қозғалыс полигонда жоспарланған 18 сынақтың 11-ін тоқтатуға қол жеткізді. Қалған жеті сынақтың соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда өтті. Ал 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы шешім қабылданды.
Осылайша қазақ халқына таңылған ядролық қасіретке нүкте қойылды. Дегенмен полигон жабылған соң жас мемлекеттің алдында жаңа міндеттер тұрды: әскери-өнеркәсіптік әлеуетті сақтап қалу, атом энергетикасын дамыту үшін технологиялық негіз бен білікті кадрлар даярлау қажет болды. Осы мақсатпен Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Қазір бұл орталық атом энергетикасын дамыту, ядролық және термоядролық технологияларды зерттеу, ядролық қаруды таратпау және сала мамандарын даярлау сияқты стратегиялық бағыттарда жұмыс істеп келеді.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ