Бостандық ауданында кәсіпкерлер аумақтарды жан-жақты абаттандыруға атсалысып жатыр. «Игілік Бостандық» жобасы аясында жалпы құны 34,5 млрд теңгеден асатын 26 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылдың соңына дейін 3 млрд теңге көлеміндегі жобаларды аяқтау көзделіп отыр. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Азамат Қалдыбеков мәлімдеді.
Қазіргі уақытта 21 жоба толық жүзеге асырылды. Бұл ретте аяқталған жобаларды іске асыруға бюджеттен ақша бөлінген жоқ.
«Аяқталған жұмыстың қатарында Тимирязев пен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы ұзындығы 300 метр жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақ орындарын абаттандыру, Розыбакиев көшесі, 250 мекенжайындағы тұрғын үйдің қасбетін жаңарту, Әл-Фараби даңғылы мен Қожанов көшесінің қиылысында санитарлық-гигиеналық кешен орнату, Әл-Фараби даңғылындағы бес жерасты өткелін жөндеу мен қосымша діңгекті жарықтандыру орнату да бар», – дейді Азамат Қалдыбеков.
Оның айтуынша, көгалдандыру мен қоғамдық кеңістік құруға да ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, Әл-Фараби даңғылындағы аллеяның 170 метрлік бөлігі жаңартылып, 1 мың бұта мен 60 туя егілді. Абай даңғылының Үлкен Алматы өзенінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігінде 5 мың бұта егіліп, 2 мың шаршы метр аумаққа көгал төселді. Дулати көшесінде ауданы 2,8 мың шаршы метр болатын алаңқайды және абаттандырды.
Қазіргі уақытта тағы бірнеше үлкен нысанда жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Сәтбаев көшесінің Әуезов пен Жароков көшесінің арасындағы бөлігінде ұзындығы 360 метр жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылады. Шашкин көшесінде ұзындығы 160 метр аллея құрылып жатыр. Ал Ганди көшесінен оңтүстікке қарай Назарбаев даңғылындағы алаңқайда аумағы 1,5 гектар болатын жасыл аймақ түгелдей жаңартылып жатыр.
«Сонымен қатар Абай даңғылы мен 20-шы желінің қиылысында, Бостандық шағына уданында, сондай-ақ Серкебаев даңғылында жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Атап айтқанда, мұнда субұрқағы, перголалар мен шағын сәулет нысаны бар «Shuaq» аллеясы ашылады», – деді аудан басшысы.