Еліміздегі ең алғашқы қуыршақ театры – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының даңқы бүгінде қаладан шығып, республика асып, шетелдерде де естіле бастады. Осындай айтулы жетістіктерге жету жолында актер, режиссерлерден бөлек, қуыршақтарды жасайтын шеберлердің де еңбегі жатыр. Олар бізге көрінбейді, себебі сахна сыртында жүреді. Біз бүгін Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының қуыршақ жасау шебері Болат Аманқұл туралы айтатын боламыз.
Ермексаздан басталған өнер
Оның негізгі мамандығы – суретші. Бұған дейін істеген шығармашылық мекемесінде қысқартуға ұшырап, жұмыс іздеуге тура келгені бар. Содан жарнамадан театрға суретші керек дегенді оқып, Алматыдағы «Зазеркалье» театрына барды. Қуыршақтарды алғаш рет сол жерден көрді. Өзінің мамандығы да бұл саладан соншалықты алыс, бөтен емес, сондықтан қуыршақтар табиғатына үңіліп, дендей еніп, өзі де жасай бастады. Сол жерден жинаған мол тәжірибесімен нағыз қуыршақтар театрының, яғни Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының табалдырығынан сенімді аттады. Содан бері он екі жылдан асыпты. Ешқайда кеткісі жоқ.
«Бала күнімде ермексаздан түрлі бейнелер жасап ойнаушы едім. Өрт сөндірушіні, полицейді, ұшқышты жиі жасайтынмын. Басы мен көзін, ауыз-мұрнына дейін айнытпай жасауға, дәлдікке мән беретін едім. Қазір қуыршақ жасап отырып, сол бала шағым жиі еске оралатыны да бар. Енді, міне, кішкентай көрермендер мен ата-аналарына өнерден алқа тағып жүрмін», – дейді қуыршақ жасау шебері.
Тақырыпқа орай айта кетсек, бұрынғылар бүгінгідей түрлі қызылды-жасылды әшекей бұйымдар болмаған заманда қуыршақты қолдан да тігіп, ішін шөппен, матамен толтырып, көзін жіптен тігіп, ағаштан да жонып жасап, баласын қуантуға, ойнатуға, ой-өрісін дамытуға ұмтылған. Ал бүгінде қуыршақтың түр-түрі бар, бәрі қолжетімді.
Шеберлер үндестігі
Қуыршақ жасау шебері әуелі спектакль режиссерінің қолтаңбасымен танысады. Режиссер қуыршақты қай бағытта көргісі келеді, оның мінез-құлқы, образы қандай, соны түсіндіреді. Мысалы, қойылым мазмұны драма бағыты немесе балаларға арналған көңілді шығарма болуы мүмкін. Осы жағын әбден зерделеп болған соң, қуыршақ кейіпкерді жасауға кіріседі.
Әуелгі жұмыс эскизді қағазға түсіруден басталады. Эскиз бетіндегі қуыршақтың образы ермексаздан жасалады. Ол ауқымды форма болып есептеледі. Оған гипс құйылады. Ары қарай гипс қалыптың ішіне газет пен картон қиындылары жапсырылып, кейіпкер-қуыршақтың басы жасалады. Одан кейін ағаш, поролон, пластик сынды заттардан денесін жасауға кіріседі.
Қуыршақтың жалпы нобайы дайын болған соң, детальдау және механизация жұмысы басталады. Яғни шеберлер режиссер айтқан образға қарап, қуыршақтың эмоциясын білдіретін бөліктерін іске қосады. Ең көп уақыт қуыршақтың механизміне кетеді, ол оңай нәрсе емес. Қуыршақтың әр дене мүшесінің қозғалысын қамтамасыз ету үшін көзге көрінбейтін қыруар жұмыс істеледі. Шеберлер қуыршақты дайындап бергеннен кейін, тігін цехында оларға арнайы киім тігіледі. Онымен басқа мамандар айналысады. Әр жаңа образды жасау уақыт пен табандылықты талап етеді. Әрі шеберлер өзара үндестік тапқанда ғана қуыршақтар сәтті шығады.
«Маған қуыршақтардың бәрі ұнайды. Ағаштан, поролоннан, пенопласттан да, түрлі сымдардан желім, бояуларды пайдаланып жасай береміз. Кейіпкеріңіздің сахнада не айтатынын, характерін білсеңіз болды. Біздің өзге театрлардан ерекшелігіміз – басты мақсатымыз – не нәрсені де сол күйінде қабылдайтын балаларды қуанту. «Баланың аты – бала, оған қуыршақ болса болды емес пе» деп қарамаймыз, біз жасаған қуыршақ бейнесі, сөзсіз бала жүрегіне жол табуы керек. Тіпті, қуыршақтар да олардың тәрбиесіне оң ықпал ете алады», – дейді Болат Аманқұл.
«Ұр, тоқпақ!»
Мемлекеттік қуыршақ театрының ең бір артықшылығы – өзінің қуыршақ жасау, киім тігу цехы бар. Өкінішке орай, біздің елде қуыршақ жасау шеберлері оқытылмайды. Қазір театрда үш қуыршақ жасау шебері жұмыс істейді. Олар негізгі мамандығын қуыршақ жасау өнерімен байланыстырған, жүрек қалауымен ұзақ жылдар ізденіп, өзін-өзі дамытқан, шеберлігін шыңдаған шығармашыл жандар. Ең қызығы, бұл қуыршақ жасау шеберлеріне Алматы театрының ғана емес, өзге театрлардың да режиссерлері қолқа салады. Мысалы, сонау Анкара (Түркия) қуыршақ театры бірнеше рет осы алматылық мамандарға арнайы тапсырыс беріп, сахна қуыршақтарын жасатқан екен.
Қуыршақ жасауда ең алдымен оның бет-бейнесіне мән беріледі. Егер бет-жүзі тартымды болып, сәтті жасалса, сахнада әдемі көрінеді. Одан кейін қолына мән беріледі.
«Қазір бала біткен гаджетке жіпсіз байланды ғой. Көбін алақандай телефоннан басқа ештеңе қызықтырмайды. Бала тәрбиесіне әсер ететін қуыршақтар көп болса деймін. Театрдың, оның ішінде қуыршақтардың мақсаты – жеткіншектерге рухани азық сыйлап, бойына адами ізгі қасиеттерді сіңіру. Бір жылдары, дәлірек айтсам, сексенінші жылдардан бері қарай біздің театрда орысша спектакльдер жиі қойылған екен. Ал қазір өнер ұжымының реперуары жаңаланды. Қуыршақ театры ұлттық шығармаларды көбейтіп, арнайы қазақ тілінде жазылған пьесаларды сахналай бастады. Мысалы, ұлттық наным-сенімдер, салт-дәстүрлерден көрініс беріп, батырлық, батылдық, достық ұғымдарына түсінік беретін «Ер Төстік», «Ұр, тоқпақ!», «Қаңбақ шал» қойылымдары бүгінде үлкен-кіші көрермен тарапынан аса үлкен сұранысқа ие», – дейді Болат Аманқұл.
Қуыршақ жасау шеберінің айтуынша, талғампаз көрермендердің жүрегінен орын алған «Қуыршақ думан», «Қасқыр мен жеті лақ», «Үш торай», «Есте сақта, балақай!» қойылымдарына кейде билет табылмай қалатын сәттер де болады. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы спектакльге де кішкентай көрермендеріміз ұзақ қол соғатын көрінеді.
Иә, қуыршақ театры да – адамның, оның ішінде баланың танымын өсіретін рухани һәм мәдени өнер ордасы. Мәселен, жас көрермендерді мейірімділікке, қайырымдылыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа жетелейтін «Буратиноның шым-шытырық оқиғасы», «Аладдиннің сиқырлы шамы», «Үйшік», «Көңілді қонжықтар», «Қызыл телпек», «Қаздар мен аққулар» қойылымдары әлі ескірген жоқ, өміршең туындылар.
«ОРТЕКЕ»
«Ортеке ‒ қазақ қуыршақ өнерінің бастауы» деген екен белгілі ғалым Ахмет Жұбанов. Ерте заманда дала өнерпаздары ағаштан жонылған ортекені ою-өрнекпен көмкерілген тұғырға орнатып, жіптің бір басын домбыра ұстаған оң қолының саусақтарына байлап қоятын болған. Күйші күйді тарта бастағанда, байланған жіппен бірге қуыршақ та қозғалып, билей бастайды. Бұл көшпенділердің алғашқы мобильді қуыршақ театры деп бағаланған. Мұндай жылжымалы қуыршақ театры «Ортеке» деп аталды. Ертеде балаларға домбыра үйретуде оларды қызықтыру үшін осы «Ортеке» қуыршағы қолданылған.
500 ҚУЫРШАҒЫ БАР
Еліміздегі ең алғашқы қуыршақ театры – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры. Құрылғанына – 90 жыл.
Театр цехында 500-ден астам қуыршақ-бейне бар. Театр сахнасында жыл сайын 5 жаңа спектакльдің тұсауы кесіледі. Яғни, репертуар толығып, жаңа кейіпкерлердің саны көбейіп отырады. Қуыршақ театрының артисі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, періштедей таза балдырған жасандылықты қабылдамайды. Қуыршақ театрының артистері өзін көрсетуге емес, қуыршаққа жан бітіруге, кейіпкерін ашуға барын салады.
ШЕБЕРДІҢ ЕҢБЕГІ
Шеберлер жасаған қуыршақтар әртүрлі. Бірі шаттанып тұрса, екіншісінің көзінде мұң бар. Үшіншісі бұзықтау, қырсық, ал төртіншісі еркелеу немесе сабырлы, әлде жайдары. Олар актердың қолына тиген соң тіпті түрленіп сала береді. Театр артистері оларға қолмен қимылдатып, дыбыстау арқылы жан бітіреді. Ол да – үлкен өнер. Яғни, шеберлердің жұмысында көркемдік пен техника ерекше үйлесім табуы шарт.
НЕГЕ АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ?
Ертеде ежелгі славян жерінде қуыршақтардың бет-аузы болмаған. Себебі, біреулер жансыз қуыршақты адамды дуалау, сиқырлау үшін пайдалануы мүмкін деп сескенген.
Отбасын түрлі сәтсіздіктер мен ауру-сырқаудан қорғайды деген наным-сеніммен жасалатын да қуыршақтар болаған. Үйдің ауасын, энергетикасын тазалау үшін жасалатын қуыршақтар әлі күнге бар.
КӨҢІЛДІ КӨТЕРЕТІН КЕЙІПКЕРЛЕР
Театр сахнасында қолданылатын қуыршақтың түрі өте көп. Мәселен, саусаққа киілетін қуыршақ, яғни қолғап, тросты қуыршақ дейміз. Планшетті қуыршақты ірі планда актермен бірге көруге болады. Одан кейін марионетка және үлкен бойлы қуыршақтар болады.
Саусақты, қолғап-қуыршақтарды бір сағат ішінде жасап шығуға болады. Ал тросты қуыршақтар сәл қиындау, жасалу жолы күрделірек болатындықтан, оған екі-үш апта кетеді.
ОЙЫН БАЛАСЫ
Мектеп жасына дейінгі балаларға тұрқы 20-35 см қуыршақтар ыңғайлы. Бұл қуыршақтардың «сөйлей білуі» міндетті емес, өйткені олар үшін балалардың өздері сөйлейді. 1-4 жастағы сәбилерге шомылдыруға, құндақтауға, көрпемен орауға болатын киімі жоқ қуыршақ әперген жақсы дейді мамандар.
Бала жасы үлкейген сайын ойыншықтың нақты бейнеге ұқсас болуын қалайды. 3 жасынан бастап олар ойыншық арбаны, жиһазды, ыдыстар және т.б. қолданады.
Қуыршақтар әр түрлі болуы тиіс, өйткені балалар олардың мінез-құлқын, көңілді, көңілсізін өзі айырып, ойын барысында әрқайсысына өзінше міндеттер жүктейді.