Ерекше стиль, боялған шаш, тату. Бір кездері көпшілікке осындай кейіппен, «түсініксіз» әндерімен, онымен қоса өздерінің киім кию стильдері, сол кезде көзге жат көрінетін образдарымен жарқ ете қалған «91 тобын» жақтаушылардан гөрі оларға сын айтып, қаралағандар қарасы қалың болды. 2016 жылдары топтың көптеген концерттерін өткізуге тыйым салынып, тіпті топ мүшелерінің өміріне қауіп төнген кездер де жиіледі.
Топтың кескін-келбетіне, айтқан әндеріне ашық түрде сындар айтып, тіпті осы тақырыпта телеарна бағдарламаларында көптеген ток-шоулар түсіріліп, пікірталастар да айтылды. Топты қолдаушыларға қарағанда, оларды даттаушылардың, олардың өнеріне түсінбеушілікпен қараушылар қарасы қалың болды. Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан, бүгінде Ninety One өздерін мойындатқан, өздерінің өнерін қолдайтын қалың тыңдарманы бар жұлдыздарға айналды деуге толық негіз бар.
2023 жылғы мамырда топтың әр қатысушысы Қазақстандағы ЮНИСЕФ ізгі ниет елшілерінің бірі ретінде жеке тағайындалған болатын.
Топтың әндерінде маңызды мәселелер қозғалады және позитивтік құндылықтар насихатталады. Мәселен, «Bari biled» және «Why'm» әндерінде сөз бостандығы, қоршаған ортаның ластануы және зорлық-зомбылық сияқты тақырыптар көтеріледі.
Cурет: Unicef.org
ЮНИСЕФ-тің ізгі ниетті елшілері ретінде «NINETY ONE» қатысушылары ЮНИСЕФ-тің балаларға медициналық, білім беру және қорғау қызметтеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатын қолдап, психикалық денсаулық пен Интернеттегі қауіпсіздік жайында хабардар болу мәселесіне ерекше назар аударады.
«NINETY ONE» тобының балалардың өмірін жақсартуға деген ұмтылысы шабыт береді. Өздерінің музыкасы арқылы олар қазақстандық балалар мен олардың отбасыларының өмірін жақсы жаққа өзгертеді. ЮНИСЕФ осы музыкалық топтың мүшелері Ізгі ниет елшілері болып табылатынын мақтан тұтады және елдің барлық балалары үшін жарқын болашақ құруға бағытталған бірлескен жұмыстың жалғасатынына үміттенеді.
Биыл топтың құрылғанына – 8 жыл. Өзгеше леппен келген жаңаша форматтағы топты Орда тобының әншісі Ерболат Беделхан құрған болатын. Иә, бұл топқа көп сын айтылды, «күйе» жағылды, дейтұрғанмен, ерекше бағыттағы өнер иелері бұған сынбады. Топтың негізін қалаушы Ерболат Беделхан топтағы жастарға олардың осындай көптеген сындардан өтетінін әу баста айтып ескерткен болатын. Топтың құрушысы әрі продюсері болған Ерболат Беделханның өзі де Орда тобынан шыққан әнші екені көпке белгілі. Өткен жылдан бері 91-лік жігіттер продюсерсіз жұмыс істеп келеді. Яғни, топ продюсерімен жасалған жұмыс тоқтап, қазір топ өз алдына жеке жұмыс істеп жатыр. Бұл шешім - продюсердің қалауы, топты аяғына тұрғызып, тыңдармандарының өзі қалың «әскерге» айналып, 91 мүшелерінің қанаты қатайды деген кезде топты «ұясынан» ұшырған болуы керек. Топтың берген сұхбаттарына қарағанда, бүгінде олардың бұрынғы продюсермен қарым-қатынасы жақсы, өнердегі ағаларынан әлі де болса, ақыл-кеңес алып тұрады.
Ninety One - миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін жаулаған Q-pop бағытындағы алғашқы қазақстандық топ. Бірақ бұл бағыттың өзі шетелдік кәрістердің K-pop жанрынан туындаған деп жатады. Сырт келбеттері кәрістің дорамаларында нәзіктеу келген кәріс жігіттерінен айнымай қалған біздің жігіттер сол өнерді өздерінің шамасы жеткен «қазақша-поп», яғни Q-pop ретінде қалыптастырды. Басында айтып кеткеніміздей, бұл топқа, жалпы өнеріне қарсылық көрсеткендер, аяқтарынан шалғысы келгендер көп болды. «Бұлар нашақорлар, көздерін бояп, құлақтарын тесіп, не ұл, не қыз екенін түсініксіз» деген сыңайда қаралаушылар болды. Шын мәнінде, топтың айтуынша, олардың бар қалағаны – қазақ жастарына өздерінің тілінде, яғни қазақша Q-pop бағытында олардың сұранысын беру. Себебі, бұл топты шектегенмен, жастар осы бағытты бәрібір шетелдік топтардан іздейтін еді. Сол тұрғыдан алғанда, 91 тобы жастардың сұранысын жапты. Қазіргі жастардың арасында екінің бірінің осы топты тыңдайтынына қарап, бұған келіспеске де болмайды деп қалдық. Осы ақпаратты жазу барысында топтың You-tube арнасындағы біраз әндерін тыңдап, соңында жазылған пікірлерді де ескердік. Бір байқағанымыз, топ әндерін тыңдайтындардың басым бөлігі «тіліміз қандай керемет, осыған дейін оның осындай әдемі екенін білмеппіз» деп жазған. Бұдан Q-pop бағыты арқылы болса да, тілдің қадірін ұқтыруға болады екен деген ой келді.
Бір қызығы, топты сүйіп тыңдайтындар арасында үлкен адамдардың да бар екенін аңғардық. Оған да мысал келтіріп кетейік: «Жасым 61-де. Осы топтың әндерін жақсы көріп тыңдаймын. Жаңаша бағыт жастарға жарасып-ақ тұр. Бастысы, әндерінің бәрі қазақ тілінде» деген екен бір апамыз.
Жалпы, пікірлердің бәрін оқып шығу мүмкін емес, арасында шетелдік тыңдармандарынан да пікірлер көп екен. Теріс пікір де жоқ емес, дегенмен қазір топтың іздеп, жаңа шығатын әндерін күтіп жүріп тыңдармандары көп екені анық.
Осы ретте, Ninety One әндерін тыңдау арқылы қазақ тілін үйренуге қызығушылығы оянған деген шетелдіктер жайлы жаңалықты көзіңіз шалған болар. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Эван Аллен есімді шетелдіктің оқиғасымен бөліскен еді. Тараздағы университеттердің бірінде ағылшын тілінен сабақ беретін Эван орыс тілін мүлде білмейтінін, сондықтан қазақ тілін үйренуге дереккөз табу қиын болғанын айтқан.
«Ninety one тобын тапқан кезде қатты қуандым. Мен олардың әндерінен тілді үйрене бастадым, олардан сөздері мен интонацияларды қайталай бастадым. Қазақ тілін үйренуге көп уақыт жұмсадым», – дейді шетелдік.
Эван топ әндерінің барлық сөзін біледі екен. Топ өнеріне деген қызығушылық, сол елдің тілін үйренуге жетелесе – бұл сол ұлтқа деген құрмет деп бағалау керек шығар.
Бір жыл продюсерсіз жұмыс істеген топ осыдан 2 ай бұрын «Гәп» атта жаңа альбомдарын жарыққа шығарды. Топтың 8 жасқа толуын олар ауқымды түрде атап өтті. Алдымен Астанада, кейіннен Алматыда 1-қыркүйек күні өткен концерттері арқылы қорытындылады. Аса жоғары дайындықпен өткен концерттеріне жиналған тыңдармандарының сол жерден жариялаған бейне-үзінділері бүгінде әлеуметтік желілерде жетіп артылады. Тек Алматыда өткен концертінің өзіне 9000 адам барған.
Топтың басынан бүгінгі күнге дейінгі жасаған жұмыстарын хронологиялық ретпен ұсынуды жөн көдік. Төмендегі ақпарат қазақша википедия негізінде жасалды:
Топ ұжымы 2015 жылы «Айыптама» әнімен дебют жасап, өздерін таныстырды. Ән көптеген музыкалық чарттардан алғашқы орындарды иеленіп, бейнебаяны мен топ мүшелерінің сырт келбеттері адамдардың қызығушылықтарын тудырды. Ары қарай, шығарылған күні-ақ хит болған мини-альбомдар мен синглдер халық назарына арты-артынан ұсыныла бастады. Бейнебаяндары YouTube желісінде көп қаралымдар жинап, 120 елдің музыкалық чарттарында бой көрсеткен болатын.
2015: Айыптама әнімен дебют алуы
Ninety One тобы 2014 жылы болған K-Top Idols жобасының негізінде KTI-boys деген атаумен құрылған. ZAQ пен A.Z бұл жобаның жеңімпаздары болған, ал ALEM мен BALA топқа кастинг арқылы қосылды. ACE SM Entertainment агенттігінде 2,5 жыл стажер болып, топқа қосылды. KTI-boys 1,5 жыл бойы күрделі дайындықтан өтіп, 2015 жылдың 1 қыркүйегінде Ninety One атауымен алғашқы «Айыптама» синглын жарыққа шығарды. Дәл сол жылдың 8 қазан айында осы әнге бейнебаян түсіріліп, халық назарына ұсынылды. Клип Gakku TV арнасында Top-10 шеруінде 20 апта бойы үздік атанып, 31 наурыз күні топқа Gakku TV арнасының арнайы сыйлығы табысталды.
Сурет: Yvision.kz
2016: Қайтадан
2016 жылдың 3 ақпанында Ninety One тобының «Айыптама» альбомы «Apple Inc.» компаниясының iTunes медиаплееріне енгізілді[3]. 2016 жылдың 2 маусымында Алматы қаласында топтың «Қайтадан» әніне кезекті бейнебаян жарыққа шықты, ал 5 маусым күні Астана қаласында клиптің тұсаукесері өтті. Бұл бейнебаян да Gakku TV арнасында Top-10 шеруінде 20 апта бойы 1 орында тұрып кезекті «Gakku Top Ten» арнайы сыйлығын иеленді. 2016 жылдың 4 қыркүйегінде Астана, ал 24 қыркүйек күні Алматы қаласында өнерлеріне 1 жыл толуына орай жеке концерттерін берді. Сол жылы топ Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Өскемен, Семей, Петропавл, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау қалаларында өзінің жеке концерттерін беріп, 23 шілде - 5 тамыз аралығында Қытайда өткен Орда тобының жеке концертіне қатысты.
2017: «QARANGY ZHARYQ»
2017 жылдың 1 мамырында төрт айлық үзілістен кейін топ «QARANGY ZHARYQ» атты жаңа толық альбомына енген «Su asty» әніне түсірілген бейнебаянмен сахнаға қайта оралды (comeback). «QARANGY ZHARYQ» альбомының алғашқы бөлімінің тұсаукесерінде жігіттер аталмыш альбом бес шағын альбомнан тұратындығын және әр альбомға екі ән енетіндігін айтты. Сонымен қатар альбомның ішінде Қазақстандық алғашқы комикс - пайым («paiym») жарыққа шақты. Пайым атауы - Su Asty Corporation. Қазіргі кезде альбомның тек 2 бөлімі жарық көрді. 2017 жылдың 2 шілдесінде 91 тобы "QARANGY ZHARYQ" атты ресми турын Талдықорғанда бастап, Қазақстанның Тараз (4 шілде), Орал (7 шілде), Ақтау (9 шілде), Қостанай (11 шілде), Өскемен (13 шілде) және Семей (14 шілде) сияқты қалаларында өздерінің жеке концерттерін қойып, 16 шілде күні Қарағанды қаласында турларын аяқтады.
Топ атауы
Көпшілік арасында топ мүшелері 1991 жылы туған жігіттерден құралған деп ойлайды. Сол себепті де топ атауын 91 деп атаған деп есептейді.
Алайда топ атауы алғашында KTI-boys болған. Содан кейін 91- ге ауысты. Топтың «NINETY ONE» деп аталуын топ мүшелері Қазақстанның 1991 жылы алынған тәуелсіздігімен түсіндіреді. Топ атауынан Топ бұнымен өздерін де, өз музыкасының, стилінің тәуелсіз екенін көрсеткісі келді.
Топ мүшелерін оның тыңдармандары өз есімдерінен гөрі, лақап аттарымен жақсырақ таниды.
ALEM – Мәлік Батырхан Абайұлы, 1993 жылы 18 ақпанда туған. Топтың үлкені, вокалисті, Өзбекстан, Үшқұдық тумасы. Кішірек күнінде Қостанайға көшіп келген.
ACE – Азамат Қайратұлы Ашмақын, 1993 жылы 29 тамызда туған.Топтың лидері, вокалист, жетекші биші, топ келбеті, Алматы тумасы
ZaQ – Дулат Болатұлы Мұхаметқали, 1996 жылы 8 ақпанды туған, бас биші, рэпер, Семейдің тумасы
BALA – Данияр Ақылбайұлы Құлымша, 1998 жылы 19 ақпанда туған, бас вокалист, топтың кенжесі, Ақтөбенің тумасы
A.Z - Азамат Байболатұлы Зенкаев, топтың экс-лидері, рэпер, 1993 жылдың 28 қыркүйегінде Атырау қаласында дүниеге келген.
Топ құрамында бастапқыда 5 адам еді, 2020 жылы 4 тамызда «ninetyone» инстаграм парақшасында, Азамат Зенкаев топтан кететіні туралы ресми түрде хабарланды. Қазір топ құрамында 4 әнші бар.
ALEM
Батырхан Абайұлы Мәлік — топ вокалисті, топтың үлкені. 1993 жылдың 18 ақпанында Өзбекстан Республикасының Үшқұдық қаласында дүниеге келген. Отбасында өзінен бөлек ағасы және қарындасы бар. Ресейдің Челябі қаласында Мәдениет және өнер академиясын аяқтаған, сонымен қатар музыка мектебінің домбыра классында оқыған. «Қазақстан Дауысы» атты республикалық вокалды телевизиялық шоу жобасының финалисті. Х-фактор жобасының жартылай финалисті. Барселона (Испания), Берлин (Германия) және Ресей қалаларында өткен халықаралық конкурстар лауреаты.
ACE
Азамат Қайратұлы Ашмақын — топ вокалисті, топтың көшбасшысы, жетекші биші, 1993 жылдың 29 тамызында Алматы қаласында дүниеге келген. Інісі бар. Темірбек Қараұлы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде актерлік шеберлік мамандығын бітірген. Оңтүстік Кореялық продюсерлік SM Entertainment (кор. SM엔터테인먼트) атты музыкалық агенттік аясында 2012-2015 жылдары Корея Республикасында білім алып келген. Сондықтан қазақ және орыс тілдерінен бөлек корей тілін біледі. Тілдерге деген қызығушылығы өте жоғары. Мистикалық және эзотерикалық кітаптарды оқығанды жақсы көреді.
ZАQ
Дулат Болатұлы Мұхаметқали — хореограф, рэпер, 1996 жылдың 8 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келген. Отбасында өзінен бөлек інісі және қарындасы бар. Үржар ауданы Үржар ауылындағы «Ілияс Жансүгіров» атындағы орта мектепте 11 жыл оқыған. Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқыған. Орыс тілінен халықаралық олимпиада жеңімпазы. "K-TOP IDOLS" жобасының жеңімпазы.
BALA
Данияр Ақылбайұлы Құлымша — топ вокалисті,макнэ. 1998 жылдың 19 ақпанында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Сурет салғанды ұнатады. Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде оқыған. «Brotherhood» аспапты тобының бұрынғы мүшесі.
Фандом
Топтың фандомы – «EagleZ». «EagleZ» ағылшын тілінен аударғанда «қырандар» деген мағына білдіреді. Соңындағы «Z» әрпінің қойылу ерекшелігі де бар. Бұл тыңдаушылардың қазіргі «Z буыны» екендігін көрсетеді. «EagleZ» атауы топтың атымен тығыз байланысты. Топ мүшелері жанкүйерлерін еркін, биіктегі қыранға теңейді. Жігіттер өздерінің талантымен тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Ресей, Украина, Ұлыбритания, Түркия, Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штаттары, Канада, Қытай және басқа мемлекеттерде әйгілі болып, EagleZ-дың саны көбеюде. Шетелдік жанкүйерлер бейнебаян және видеоларына реакция түсіріп, әлеуметтік желілерге жіберіп отырады.
Топ туралы ең-ең деген ақпараттарды бір жерге жинап беруге тырыстық. Музыка әлеміне таптаурындарды бұза отырып кірген 91 тобы бүгінде көпшіліктің, әсіресе жастардың сүйікті тобына айналды. Жаңаша леп әкелген топ өздерін мойындата білді деген ойдамыз. Соңғы шыққан альбомдарын топ "Гәп" деп атаған болатын. Неге "гәп" деп атағандарын сұрағанда, олар "Әр адамның өмірі - ол өзінің таңдауы . Ал таңдау жасаған кезде, оның артында бір гәп бар" деп жауап берді. NINETY ONE тағы қандай гәп дайындап жүр екен? Қазақстан шоу-бизнесіне келгенде шу жасап келген топтың қалай болғанда да елдің шоу-бизнесінде аты қалары анық.Шоу-бизнеске келген кездерінен жұртшылықты елең еткізген топқа алдағы уақытта шығармашылық жетістіктер мен ұзақ ғұмыр тілейміз.