ffin.kz

«Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз»

«Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз» abai.kz

Мемлекет Басшысы кезекті Жолдауында  халыққа сенімді түрде осылай деді.


Парламентте айтылған Жолдауын түгел тыңдадым. Өзім үшін өзекті деген жерлерін қағазыма түртіп алдым. Түстен кейін интернеттен тағы қайталап оқып шығып, өзімнің оқырмандарым үшін ойға түйгендерімді қағазға түсірдім. Қазақстанда өмір сүретін, елінің тағдырына алаңдайтын, өз болашағын осы елмен байланыстыратын әрбір қазақстандық бұл Жолдауды осылай тәптіштеп оқып, жүрген ортасында талқылауы керек.


Сонымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев не деді?


«Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. 


Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.


Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз»,- деді алдымен.  Соған жету үшін Мемлекет басшысы айтқандай “…Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер...”


Біз осындай батыл қадамға барып отырған Президентімізге әрқайсымыз көмектесуіміз керек! Маған мемлекет не береді деп емес, мен қайтсем Тәуелсіздігімді баянды етуге атсалысамын. Қайтсем бір тамшы терім сіңеді деуіміз керек.


Мемлекеттің басты тірегі –Экономика. Жолдауда соған қалай реформа жасаймыз дейді.


«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет.


Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек». Бұдан артық не десін?! Бірдеңе десе, жұмыс жоқ дейміз ғой. Егер осы бағытты қолға алсақ – жұмыс табылды деген сөз бәріне.


Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайтындықтан, алдымен


«Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті.  Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек»,- деп тапсырды..


Бәріміз ауылдан өстік. Соның тілеуін тілейміз. Ауыл гүлденсе екен дейміз. Қазақтың даласы бай, жері кең.  Неге аграрлық саланы өркендетпейміз деп армандаймыз. Міне соған Жолдауда: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.


Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет»,- деді. .


Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозып кеткенін де Президент біліп, Жолдауында тілге тиек етті.  «Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».


Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн»..


Халқымызда «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Ал, әлемде даудың басы – Су болып тұр. Әсіресе, ауыз су тапшы. Алдағы уақытта үлкен соғыс су үшін болуы мүмкін деген болжам бар.


«Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.


Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын»,- деген Мемлекет Басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын мәлімдеді.  


Орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталып, «Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек.


Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет»,- деген Жолдауда.



«Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе»,- деді де сондықтан  жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткізетінін мәлімдеді.



Сонымен қатар аудан әкімдеріне сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін жергілікті бюджетті басқару құқығы берілетінін айтты.


«Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды»,- деп сенім білдірді. .«Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын.


Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!»,- деген Жолдау неге көңілімізге қонбасын. Қашан біз осындай ақтарыла айтылған Жолдау көрдік. Енді әрқайсымыз онда айтылғандардың орындалуына атсалысайық.


 




 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04