Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясындағы «Бірегей бірліктің баянды жолы» атты сөзінде әр азаматтың көкейінде тұруы тиіс – ел тұтастығы, татулық пен ынтымақ, береке мен бірлік сияқты – қоғам дамуының тұғыры болып табылатын тағдыршешті мәселеге қайырыла мән берген. Қазіргі алмағайып заманда елдің ішкі тыныштығы мен жұдырықтай жұмылған рухани тұтастықтың құны күн сайын қымбаттап барады. Сондықтан да Мемлекет басшысы осыны әр қазақстандықтың берік есте ұстап, айнымайтын өмір салтына айналдыруы қажет екендігін оқтын-оқтын қайталаудан жалыққан емес.
Кеңес өкіметі бізге Қазақстан қоғамын құрайтын қауымның әртектілігін мұраға қалдырды. Олар тегі ғана емес, тілі жағынан да екі алуан ел болды. Міне, осындай әртекті ортаны бір мемлекеттік мүддеге ұйыстырып, біртұтас ұлттық мақсатқа бағыттап сара жолға салу әрқашанда зор күш-жігерді, саяси сара жолды қажет ететіні белгілі. Президенттің бұл мәселені үнемі назарында ұстайтыны да сондықтан. Бұл орайда, мемлекеттік саясаттың алтын өзегін құрайтын қазақ халқының сабырлы, салиқалы, сарабдал даналығы ел тәуелсіздігінің алтын тұғыры болып келе жатқандығын атап айтпасқа болмайды. Президент осы тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді, соның ішінде тілдік теңсіздікте болған олқылықтардың толған орнын пайыздық көрсеткіштермен өрнектеді. Бірақ бұған тоқмейілсуге әлі ерте. Ең алдымен, отыз жылдан астам төзімділікпен жүргізіліп келе жатқан тауқыметті шаруаның берекесін де көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет. Оған төніп тұрған ішкі де, сыртқы да қауіп-қатер жоқ емес. Ондай жағдайлардың құқықтық тұрғыдан қатаң жазаланып, әділетті түрде айыпталатынын ескертеді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тіл мәселесімен қоса жастар тәрбиесіне де ерекше назар аударды. Оның пікірінше, болашақ ұрпақ тек білімді ғана емес, рухани-мәдени тұрғыдан да білікті, елжанды азамат болып қалыптасуы тиіс. Мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін арттыру – барлық этнос өкілдерінің ортақ міндеті екенін де атап көрсетті.
Президент елдегі ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, арандатушылық пен жалған ақпараттарға қарсы тұрудың маңызын да айтты. Бұл – қоғамдық сананы уытты әсерден сақтау арқылы бірлікке бастайтын жол.
Сөз барысында Президент қазіргі заманның жаңа сын-тегеуріндеріне бейімделу қажеттігіне назар аударды. Әсіресе, этносаралық қарым-қатынастарда ашықтық пен әділеттілік қағидаларын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау маңызды екені, этностардың әлеуметтік өмірге тең қатысуы мен олардың мәдени ерекшеліктерін сақтау арқылы ғана елде тұрақтылық пен сенімді орта қалыптастыруға болатынын баса айтты. Қазақстан қоғамының тату-тәтті өмір сүруі – тек тарихи ерекшелік емес, сонымен бірге мемлекет жүргізіп отырған сындарлы саясаттың да нәтижесі. Осы орайда, Мемлекет басшысы Ассамблеяны елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау жолындағы жұмысын жаңғырту қажеттігін алға тартты.
Бұл толғамды сөзді ел болашағына бағытталған нақты ой-пікірлер мен терең сараптамаларға негізделген тұжырымдамалық көзқарас деп қабылдауға болады.