Осы бір жыл Алматы үшін жаңа басқару мәдениетіне бет бұрған, жүйелі шешімдерге негізделген кезең болды. Қаланың өркендеуі үшін енді жекелеген нысандар ғана емес, өзара байланысқан тұтас жүйені дамытуға басымдық берілді. Бүгінде абаттандыру, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, экология, әлеуметтік қолдау, экономика, қала құрылысы мен аудандық даму бағыттары бір-бірімен үйлесім тауып, ортақ логикамен дамып келеді.
Қаланың жаңа даму қағидасы айқын: алдымен базалық инфрақұрылым қалыптастыру, содан кейін өмір сүру сапасын жақсарту, кейін ғана ұзақ мерзімді әрі тұрақты нәтижеге қол жеткізу.
Қалалық ортаны дамыту Алматыдағы басты басымдықтардың біріне айналды. Қазір қалада «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша кешенді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл көшені тек көлік өтетін жол емес, адамдар өмір сүретін толыққанды қоғамдық кеңістік ретінде қарастыруды білдіреді. Мұнда жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру, көгалдандыру, шағын сәулеттік нысандар, навигация, қауіпсіздік, қолжетімділік және кейінгі күтім секілді барлық элемент біртұтас жүйе ретінде қарастырылады.
2026 жылы Алматыда Жароков, Сәтбаев, Сейфуллин секілді негізгі көшелерді жаңғырту басталып, дәл осы қағидат негізінде қайта құрылуда. Сонымен қатар Тұңғыш Президент саябағы да қайта жаңғыртылуда.
Осы бағыт аясында қалада бірыңғай абаттандыру стандарттары мен дизайн-код енгізіліп жатыр. Қоғамдық кеңістіктерді басқарудың орталықтандырылған үлгісі қалыптасуда. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылған «Жасыл Алматы» КММ бүгінде скверлерді, бульварларды, жаяу жүргінші көшелерін және жасыл аймақтарды күтіп ұстаумен айналысады. Бұл жүйе көгалдандыру сапасын арттырып қана қоймай, заманауи агротехникалық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Алматыда Урбанистика орталығы құрылып, ол қалалық жобаларды үйлестіретін және әдістемелік бағыт беретін негізгі құрылымға айналды. Орталық жобалардың бекітілген стандарттар мен дизайн-кодқа сәйкестігін бақылап, қатысушылардың жұмысын үйлестіреді және заманауи урбанистикалық тәжірибелерді енгізеді. Мұнда қоғамдық кеңістіктердің өзара байланысына, жаяу және велоинфрақұрылымға, сондай-ақ қаланың жасыл қаңқасын сақтауға ерекше назар аударылуда.
Өткен бір жылда Алматыда ірі қоғамдық кеңістік жобалары жүзеге асырылды. Олардың қатарында Ганди көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысындағы 5,2 гектарлық сквер, көлемі 47,6 гектар болатын «Сайран» су қоймасы аумағы, Терренкур-2 сквері және А. Иманов атындағы сквер бар. Сонымен қатар төрт субұрқақ кешеніне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Бауым тоғайы, Есентай өзенінің жағалауы, Flow Park, Геологтар аллеясы, «Оңтүстік» саябағы, Достық пен Пушкин көшелері секілді жобалар жоғары дайындық деңгейінде.
Аудандардағы өзгерістер де айқын сезіледі. Наурызбай ауданында негізгі назар халық санының жылдам өсуінен пайда болған инфрақұрылым тапшылығын жоюға аударылды. Тек 2025 жылдың өзінде мұнда №219, №214 және №221 мектептері ашылып, 5 500 оқушы орны құрылды. 2026 жылдың сәуірінде «Шұғыла» ықшамауданындағы Alem City тұрғын үй кешенінде 1 200 орындық №41 мектеп пайдалануға берілді. Ал жақын уақытта «Алма Сити-3» кешенінде №223 мектеп пен №174 мектепке қосымша корпус ашылады.
Сонымен қатар мектепке дейінгі инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Қазір ауданда 168 балабақша жұмыс істейді. 2026 жылдың соңына дейін Құрамыс, Шұғыла және Қалқаман ықшамаудандарында жаңа балабақшалар салынады.
Инженерлік және жол инфрақұрылымы да қатар дамуда. Ақжар ықшамауданында инженерлік желілер тартылғаннан кейін жол құрылысы басталып, бүгінде 20 шақырым жаңа жол салынды. 2026 жылы тағы 25 шақырым жол төселмек. Тастыбұлақта су және кәріз желілері жүргізілуде. Мұндай тәсілдің басты ерекшелігі — алдымен инженерлік жүйелер жүргізіліп, содан кейін ғана жол салынуы. Бұл қайта қазу жұмыстарын азайтып, бюджет шығынын төмендетеді.
Наурызбай ауданындағы маңызды жобалардың бірі — Сапожников өзенінің арнасын бекіту. Жоба жоспарланған мерзімнен ерте аяқталып, 3,3 шақырым арна нығайтылды. Сонымен бірге жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер, шлюздер және ұзындығы 1 шақырым болатын серуен аймағы салынды. Бұл жоба бір мезетте қауіпсіздік мәселесін шешіп, су тасқыны қаупін азайтып әрі жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастырды.
Бостандық ауданында басты назар қалалық орта сапасына аударылды. Торайғыров көшесінде жаңа жаяу жүргінші аймағы абаттандырылып, онда жарық бағандары, орындықтар, урналар, веложолдар, автоматтандырылған суару жүйесі мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жай ғана жөндеу емес, тұрғындардың серуендеуі мен демалысына арналған толыққанды орта қалыптастыру қадамы болды.
Республика алаңындағы әкімдік маңындағы сквер жаңартылып, көгалдандыру мен автоматтандырылған суару жүйелері орнатылды. Сонымен қатар Үлкен Алматы өзені арқылы жаяу жүргінші көпірлері салынуда.
Алмалы ауданында қоғамдық кеңістіктер, білім беру, денсаулық сақтау және қалалық экономика бағытында өзгерістер байқалады. Амангелді Иманов атындағы сквер абаттандырылып, жаңа мектеп пен «Шабыт» оқушылар үйі ашылды. Сонымен бірге BOXPARK Almaty жастар мен шағын бизнеске арналған жаңа тартымды орталыққа айналды.
Алатау ауданында әлеуметтік инфрақұрылым мен қауіпсіздікке ерекше мән берілді. Саялы ықшамауданында шығармашылық орталық пен дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Теректі мен Рахат-Мәдениетте көше жарығы толық жаңартылып, ондаған шақырым инженерлік желі тартылды.
Жетісу ауданында жаңа емхана ашылып, тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігі артты. Сонымен бірге көшкін қаупі жоғары аймақтарда нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Түрксіб ауданында білім беру инфрақұрылымы дамып келеді. Мұнда телекоммуникация және машина жасау колледжі салынып, бірқатар мектеп қайта жаңғыртылуда.
Әуезов ауданында жаңа балабақша салынып, төтенше жағдайларға үйрететін оқу-әдістемелік орталық жобалануда. Алматы секілді сейсмикалық қауіпті қала үшін мұндай нысандардың маңызы ерекше.
Медеу ауданында мектептерді сейсмокүшейту, қосымша корпустар салу және қауіпті тау беткейлерін бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру саласы қаладағы ең ауқымды бағыттардың біріне айналды. Бір жыл ішінде Алматыда 38 білім нысаны ашылып, 39 мыңнан астам оқушы орны құрылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 20 жаңа мектеп салынды. Сонымен бірге халықаралық IB бағдарламасы енгізіліп, мектептерде жасанды интеллект құралдары белсенді қолданылып жатыр.
Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігіне басымдық берілді. Жаңа емханалар ашылып, ауруханалар жаңғыртылуда. Перзентхана, жедел жәрдем станциялары мен репродуктивтік орталықтарға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Көлік жүйесінде қоғамдық көлік айтарлықтай жаңарды. Қалада бүгінде 3 мыңнан астам автобус қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары мыңдаған жаңа автобус сатып алынып, бағыттар саны арттырылды.
Экология саласында қалдықтарды энергияға айналдыратын зауыт салу жобасы басталды. Сонымен бірге санитарлық тазалау жүйесі жаңа басқару моделіне көшті. Енді «бір аудан — бір мердігер» қағидаты енгізіліп, жауапкершілік нақты бөлінуде.
Алматы атмосфералық ауаны қорғау бойынша да алғашқылардың бірі болды. Қалада арнайы ережелер қабылданып, төмен шығарындылар аймағы (LEZ) іске қосылды. Бұл көлік ластануын азайтып, экологиялық талаптарды күшейтуге бағытталған.
Әлеуметтік саясатта атаулы қолдау маңызды орын алды. JobCoach жобасы арқылы ерекше қажеттілігі бар азаматтар жұмысқа орналасуға және бейімделуге көмек алуда. Сонымен бірге қалада қолжетімді орта қалыптастыру үшін мыңдаған нысанға паспортизация жүргізілді.
Жастар саясаты да нақты нәтижеге бағытталды. Мыңдаған жас жұмысқа орналасып, оқыту бағдарламаларынан өтті. Волонтерлік қозғалыс күшейіп, «Наркостоп» жобасы арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Экономикада өнеркәсіптік аймақтарды кеңейту мен кәсіпкерлікті қолдау басты бағытқа айналды. Индустриялық аймақтарда жаңа өндірістер іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны құрылуда. Almaty Business – 2030 бағдарламасы арқылы жүздеген жоба қаржыландырылды.
Қала құрылысы саласында бақылау күшейтілді. Заңсыз құрылыс нысандарына қарсы сот процестері жүргізіліп, бірқатар нысан сүрілді. Бұл бағыттағы басты мақсат — құрылыс сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мәдениет пен туризм Алматының басты ерекшелігінің бірі болып қала береді. Қалада мыңдаған мәдени шара өткізіліп, туристік инфрақұрылым дамып келеді. Алматы халықаралық рейтингтерде жиі аталып, әлемдік туристік бағыттардың бірі ретінде танылуда.
Спорт саласында спортшыларды қолдау мен материалдық базаны жаңарту жұмыстары жүргізілді. Ал азаматтық қорғаныс бағытында жер сілкінісін ерте ескерту жүйесі күшейтілді.
Бүгінде Алматы цифрлық қауіпсіздік жүйесін де дамытып келеді. Қалада ондаған мың камерадан тұратын бірыңғай бейнемониторинг жүйесі жұмыс істейді. Ол қоғамдық қауіпсіздік пен қалалық тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді.
Егер осының бәрін бір арнаға тоғыстырсақ, 2025 жылдың мамырынан бергі кезең Алматы үшін қалалық жүйені қайта баптау кезеңі болды деуге болады. Қала енді тек жаңа нысандар салып қана қоймай, олардың сапалы жұмыс істеуіне, ұзақмерзімді күтіміне және тиімді басқарылуына басымдық бере бастады.
Алматы бүгін біртіндеп жаңа даму логикасына көшіп келеді: алдымен инфрақұрылым, кейін сапалы орта, одан соң тұрақты жүйе. Дәл осы тәсіл мегаполисті тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі басқаруға ыңғайлы қалаға айналдырудың басты жолына айналуда.