конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Сайлау 2026 / Бес құрылтай, бір сайлау: 23 тамызда Қазақстанда н...

Бес құрылтай, бір сайлау: 23 тамызда Қазақстанда не өзгереді?

Сайлау 2026 23.07.2026, 13:07 13
Бес құрылтай, бір сайлау: 23 тамызда Қазақстанда не өзгереді?

Қазақстанда «Құрылтай» сөзі кейінгі төрт жылда қоғамдық-саяси өмірдің негізгі ұғымдарының біріне айналды. 2022 жылы Ұлытауда басталған жиын Түркістан, Атырау, Бурабай арқылы Қызылордаға жетті. Осы уақыт ішінде Ұлттық құрылтай бес рет өтіп, елдің құндылықтары, заң мен тәртіп, әлеуметтік кеселдер, экономика, мәдениет және мемлекеттік басқару мәселелері талқыланды.

Алайда биылғы «Құрылтай» бұрынғы бес жиыннан мүлде бөлек мағынаға ие.

23 тамызда қазақстандықтар Президент жанындағы кеңесші органның мүшелерін емес, елдің жаңа бір палаталы Парламенті – Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлайды. Яғни осыған дейін Құрылтайда елдің болашағына қатысты ұсыныстар айтылса, енді Құрылтайдың өзінде заң қабылдайтын депутаттар отырады.

Ұқсас атаулар қоғамды шатастыруы мүмкін. Сондықтан ең алдымен екі ұғымның ара-жігін ажыратып алған жөн. Аqshamnews.kz тілшісі егжей-тегжей талдап шықты.

Ұлттық құрылтай мен жаңа Құрылтайдың айырмасы қандай?

Ұлттық құрылтай – 2022 жылы құрылған Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Оның негізгі мақсаты – қоғамды біріктіруге бағытталған идеялар мен ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, азаматтық қоғам және сарапшылар арасында диалог орнату. Оның мүшелері заң қабылдамайды және халық сайлайтын депутат мәртебесіне ие емес.

Ал Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – бұрынғы Парламенттің орнына құрылған бір палаталы заң шығарушы орган. Оның депутаттарын халық сайлайды, ал қабылдаған заңдары бүкіл елге міндетті болады.

Демек, Қазақстанда бұған дейін бес рет Ұлттық құрылтай отырысы өтті. Ал 2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлау – жаңа заң шығарушы Құрылтайдың алғашқы шақырылымын қалыптастыратын тарихи саяси науқан.

Бірінші Құрылтай: Ұлытаудағы саяси бастау

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өтті.

Өтетін орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Жошы хан кесенесінің маңында ұйымдастырылған жиынның тарихи-символдық мәні басым болды. Мемлекет басшысы алғашқы отырыста қазақ даласындағы құрылтай дәстүрінің ел тағдыры шешілген кезеңдерде ерекше рөл атқарғанын атап өтті.

Алғашқы жиынның саяси мағынасы – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа алаңын қалыптастыру еді. Бұл кезеңде Қазақстан Қаңтар оқиғасынан кейінгі күрделі қоғамдық өзгерістерді бастан өткеріп жатқан. Елде саяси реформалар жарияланып, Конституцияға өзгерістер енгізілген болатын.

Сондықтан Ұлытаудағы басқосу тарихи дәстүрді жаңғыртумен ғана шектелген жоқ. Ол жаңарған саяси жүйеде қоғамның түрлі өкілдерін бір үстел басына жинауға бағытталған қадам болды.

Алғашқы Құрылтайда:

  • ұлттық бірлік;

  • тарихи сана;

  • мемлекеттік рәміздер;

  • ел атаулары мен ономастика;

  • жастар тәрбиесі;

  • қоғамдық диалог;

  • саяси реформалардың мәні сөз болды.

Ұлытау Құрылтайы мемлекетті жаңғырту тек заңдарды өзгертумен аяқталмайтынын көрсетті. Реформа қоғамның санасы мен саяси мәдениетіне де әсер етуі керек деген ұстаным осы жиында айқын байқалды.

Екінші Құрылтай: «Адал азамат» идеясы қалай пайда болды?

Екінші Ұлттық құрылтай 2023 жылғы 17 маусымда Түркістанда өтті. Оның тақырыбы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталды.

Түркістандағы жиынның басты ерекшелігі – саяси және экономикалық реформалардан бөлек, қоғамның сапасы мәселесінің алдыңғы қатарға шығуы.

Президент өз сөзінде Әділетті Қазақстанды тек мемлекеттік аппарат немесе әкімдер мен министрлер құра алмайтынын айтты. Мемлекеттегі өзгерістер әр азаматтың көзқарасы, жауапкершілігі мен күнделікті әрекетінен басталуға тиіс деген ой айтылды.

Осылайша «Адал азамат» ұғымы мемлекеттік идеологиядағы негізгі тұжырымдардың біріне айналды. Оған:

  • отаншылдық;

  • еңбекқорлық;

  • білімпаздық;

  • кәсібилік;

  • үнемшілдік;

  • жауапкершілік;

  • ел мен жерге жанашырлық сияқты қасиеттер енгізілді.

Түркістан отырысында тіл саясаты, ұлттық бірегейлік, кітап оқу мәдениеті, балалар тәрбиесі, жастардың интернетке тәуелділігі және тарихи мұраны сақтау мәселелері де көтерілді.

Бұл кезеңде Ұлттық құрылтай біртіндеп жылына бір рет өтетін салтанатты басқосудан қоғамдық құндылықтарды қалыптастыратын идеологиялық алаңға ауыса бастады.

Үшінші Құрылтай: қоғамдағы бес кеселге қарсы күрес

Үшінші Ұлттық құрылтай 2024 жылғы наурызда Атырауда өтті. Оның тақырыбы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» болды.

Бұл жиында қоғамдағы нақты әлеуметтік проблемалар ашық айтылды. Мемлекет басшысы елдің дамуына кедергі келтіретін бес кеселді атады:

  1. есірткі саудасы мен нашақорлық;

  2. лудомания;

  3. тұрмыстық зорлық-зомбылық;

  4. буллинг пен агрессия;

  5. вандализм мен ысырапшылдық.

Президент бұл құбылыстарды тек құқық қорғау органдарының мәселесі ретінде қарауға болмайтынын, оларға бүкіл қоғам болып қарсы тұру керектігін айтты.

Атыраудағы отырыстың маңызды тұсы – Құрылтайда айтылған мәселелердің заңнамалық және әкімшілік шешімдермен байланыса түсуі.

Жиын қорытындысы бойынша 40 бөлімнен тұратын арнайы іс-шаралар жоспары қабылданды. Кейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оның басым бөлігі орындалғанын мәлімдеді. Жоспарға жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыру, заң мен тәртіп қағидатын күшейту, еңбекқорлық пен жауапкершілікті насихаттау жөніндегі бастамалар енгізілді.

Осы кезеңде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, вейп айналымына шектеу қою, лудоманияға қарсы күрес секілді мәселелер мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды.

Әрине, мұның барлығын тек Құрылтайдың тікелей нәтижесі деуге болмайды. Себебі заң әзірлеу мен қабылдау көптеген мемлекеттік органның және Парламенттің қатысуымен жүзеге асады. Дегенмен Ұлттық құрылтай осы мәселелерді жоғары саяси деңгейде көтеріп, қоғамдық күн тәртібіне шығарған алаңдардың бірі болды.

Төртінші Құрылтай: руханият, экономика

Төртінші Ұлттық құрылтай 2025 жылы Бурабайда өтті.

Ал алдыңғы жиындарда ұлттық құндылықтар мен әлеуметтік мәселелер басым талқыланса, Бурабайдағы басқосуда экономикалық күн тәртібіне көбірек назар аударылды. Соның ішінде салық реформасы, бюджет кірісі, кәсіпкерлік, аймақтарды дамыту және экономикалық шешімдерді халыққа түсіндіру мәселесі көтерілді.

Президент салық жүйесін мемлекеттік жүйенің тірегі деп атап, бюджетте жеткілікті қаржы болмаса, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді толық орындай алмайтынын айтты. Сонымен қатар қандай да бір экономикалық реформаның себебін тұрғындарға түсінікті тілмен жеткізу қажеттігіне тоқталды.

Бурабай Құрылтайында руханият, кино, мәдениет, тарихи сана, дін және ұлттық мүдде мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Осылайша Құрылтайдың күн тәртібі бір ғана идеологиялық бағытпен шектелмейтіні анық көрінді. Ол мәдениет пен тәрбие мәселесін де, мемлекеттік бюджет пен салық саясатын да қатар талқылайтын жалпыұлттық алаңға айналды.

Бесінші Құрылтай: Қызылордада тарихи шешімге жол ашылды

Бесінші Ұлттық құрылтай 2026 жылы Қызылордада өтті.

Президент өз сөзінде бұл Ұлттық құрылтайдың бесінші жиыны екенін арнайы атап, бұған дейінгі отырыстардың Ұлытау, Түркістан, Атырау және Көкшетау өңірлерінде өткенін еске салды.

Қызылордадағы жиынның саяси маңызы бұрынғы отырыстардан өзгеше болды. Мұнда мәдениет, руханият және қоғамдық даму мәселелерімен қатар, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауға бағытталған парламенттік реформа талқыланды.

Бесінші Құрылтайдан кейін «Құрылтай» сөзі кеңесші алаңның атауынан мемлекеттің негізгі заң шығарушы органының атауына айналды.

Бұл – жай ғана атау ауыстыру емес.

Бұрынғы Парламент екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұрса, жаңа жүйеде заң шығару билігі бір палаталы Құрылтайға беріледі. Осылайша заң қабылдау үдерісіндегі палаталар арасындағы кейбір кезеңдер қысқарып, саяси жауапкершілік бір органға шоғырланады.

Бес жиынның негізгі нәтижесі қандай?

Ұлттық құрылтайдың қызметін бағалағанда екі шектен де аулақ болған жөн.

Біріншісі – онда айтылған ұсыныстың бәрін дайын заң немесе орындалған реформа ретінде көрсету. Құрылтай – заң қабылдайтын орган емес. Оның ұсыныстары қосымша зерделеуден өтіп, Үкімет, Президент Әкімшілігі, бұрынғы Парламент және басқа мемлекеттік құрылымдар арқылы жүзеге асырылады.

Екіншісі – Құрылтайды ешқандай ықпалы жоқ жиын деп бағалау.

Соңғы бес отырыстың күн тәртібіне қарасақ, Құрылтайда көтерілген тақырыптар кейін мемлекеттік саясатта қайта көрініс тапқанын байқауға болады. Олардың қатарында:

  • әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі;

  • тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес;

  • лудоманияны шектеу;

  • вейпке қарсы шаралар;

  • ұлттық құндылықтарды жүйелеу;

  • кітап оқу мәдениетін дамыту;

  • тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау;

  • ономастика;

  • балаларды интернеттегі зиянды контенттен қорғау;

  • заң мен тәртіп қағидаты;

  • салық және парламенттік реформалар бар.

Құрылтайдың ең маңызды нәтижесі белгілі бір заңдардың тізімімен ғана өлшенбеуі мүмкін. Оның басты әсері – қоғамдағы шашыраңқы мәселелерді бір саяси күн тәртібіне жинақтауы.

Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық бұрын көбіне жеке отбасының мәселесі ретінде қабылданса, Атырау Құрылтайынан кейін ол мемлекеттің және бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне қатысты проблема ретінде қарастырыла бастады.

Лудомания да бір адамның әуестігі емес, отбасының қаржысына, қарызға, ажырасуға және қылмысқа әсер ететін әлеуметтік кесел ретінде көтерілді.

Яғни Құрылтай тек шешім ұсынатын алаң емес, қоғамның белгілі бір мәселеге көзқарасын өзгерту тетігіне де айналды.

23 тамызда халық нені сайлайды?

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді. Сайлау Президенттің 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығымен тағайындалды.

Жаңа Құрылтай:

  • 145 депутаттан тұрады;

  • депутаттар бес жылға сайланады;

  • сайлау біртұтас жалпыұлттық округ бойынша өтеді;

  • депутаттар саяси партиялардың тізімі арқылы сайланады;

  • дауыс беру жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде, жасырын түрде өткізіледі.

Партиялық тізімдерде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс. Депутаттыққа 25 жасқа толған және Қазақстанда соңғы он жыл тұрақты тұрған азамат үміткер бола алады.

Мұнда сайлаушы жекелеген кандидатқа емес, саяси партияға дауыс береді. Сондықтан 23 тамыздағы таңдаудың салмағы бір депутаттың атымен ғана өлшенбейді. Азаматтар елдің заң шығару бағытын айқындайтын партиялық бағдарламалардың арасынан таңдау жасайды.

Неліктен бұл сайлау тарихи саналады?

Бұл кезекті парламент сайлауы емес.

Біріншіден, сайлау жаңа Конституция негізінде өтеді. Жаңа Конституцияның жобасы 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумға шығарылды.

Екіншіден, Қазақстан алғаш рет бір палаталы заң шығарушы органның депутаттарын сайламақ.

Үшіншіден, Құрылтайдың алғашқы шақырылымы жаңа саяси жүйенің қалай жұмыс істейтінін іс жүзінде көрсетеді. Оның қабылдайтын алғашқы заңдары, Үкіметпен қарым-қатынасы, депутаттардың белсенділігі мен саяси партиялардың ұстанымы келесі бес жылдағы мемлекеттік саясатқа әсер етеді.

Төртіншіден, Парламент атауының Құрылтай болып өзгеруі елдің тарихи саяси дәстүріне қайта оралуды білдіреді. Дегенмен қазіргі Құрылтай – хандық дәуірдегі кеңестің көшірмесі емес. Ол Конституция мен заңдарға сүйенетін, депутаттары жалпыұлттық сайлау арқылы анықталатын заманауи өкілді орган.

Бір атау, екі кезең

Кейінгі төрт жылда Қазақстандағы Құрылтай екі кезеңнен өтті.

Бірінші кезеңде ол қоғамның ұсынысын билікке жеткізетін кеңесші алаң болды. Ұлытаудан Қызылордаға дейінгі бес отырыста ұлттық сана, тәрбие, қауіпсіздік, экономика және мемлекеттік құрылым мәселелері көтерілді.

Екінші кезең енді басталмақ. Құрылтай кеңесші органның атауынан елдің заң шығару билігінің атауына айналды.

Сондықтан «Құрылтай елімізде неше рет өтті?» деген сұраққа бір ғана санмен жауап беру жеткіліксіз.

Ұлттық құрылтай бес рет өтті.

Ал Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы депутаттық сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.

Бес жиында билік пен қоғам елдің қай бағытта дамуы керектігін талқыласа, енді сол бағытты заңмен бекітетін адамдарды халықтың өзі таңдайды.

Ұлытауда ақ шатыр астында басталған саяси үдеріс төрт жылдан кейін бүкілхалықтық сайлауға ұласып отыр. Сондықтан 23 тамыздағы дауыс беру – жаңа органның құрамын анықтайтын науқан ғана емес, Қазақстандағы билік архитектурасының жаңа кезеңін бастайтын тарихи таңдау.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#құрылтай #сайлау
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Құрылтай сайлауы туралы сіз білуіңіз керек 10 дерек

Бүгін 23:52

Қазақтың құрылтайы қашан пайда болды?

Бүгін 23:17

Алматының Бостандық ауданының әкімі ашық meet-up өткізді

Кеше 19:00

Сайлауалды науқанда басты назар – еңбек адамы: партиялар мұғалімдерге, дәрігерлерге және өндіріс қызметкерлеріне не ұсынады?

Кеше 17:29

Арбатта «Сайлау» әуеге көтерілді: Алматы жастары сайлау туралы авторлық әнмен жарқын флешмоб ұсынды

Кеше 16:47
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);