Саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуға, айтыс өнерін дәріптеуге арнады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақтың белгілі айтыскер ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының және Жамбыл ауданының құрметті азаматы Надежда Андреевна Лушникова 86 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Надежда Андреевна саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуға, ұлттық айтыс өнерін дәріптеуге және жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған белгілі тұлға.
1940 жылы 22 қарашада Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені, кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған. Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек етіп, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
1960 жылдардан бастап қазақтың дәстүрлі айтыс өнеріне белсене араласып, суырыпсалма ақын ретінде кеңінен танылды. Қазақ тілінің көркемдігін, ұлттық сөз өнерінің байлығын насихаттап, айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.
Қазақ халқының тілі мен салт-дәстүрін терең құрметтеген Надежда Лушникова ұлттық мәдениеттің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әдебиет пен өнер саласындағы көп жылғы еңбегі мемлекеттік марапаттармен, құрметті атақтармен бағаланды.
Надежда Андреевнаның өнегелі өмірі, ел игілігі жолындағы еңбегі мен жарқын бейнесі ел-жұртының жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның рухы пейіште болсын!