конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / «Бекітілген терминді де бекемдеу керек»: Серікқали...

«Бекітілген терминді де бекемдеу керек»: Серікқали Байменше сұхбат берді

Мұны білген жөн 19.06.2026, 15:29 8 Сұлу
«Бекітілген терминді де бекемдеу керек»: Серікқали Байменше сұхбат берді
Автордан

«Жақсылардың көңілі - алтын сандық» дейді қазақ. СерАға– Серікқали Байменше ағамыздың Алматыға келгенін естіп, сәрсенбінің сәт күнінде, Ұлттық кітапханада жолықсақ, сүбелі сұхбат құрып, ана тіліміз хақында тілдессек деген інілік ілтипатымызды ертеден айтқанбыз. Серікққали ағамыз арзу-тілегімізді қабыл алды. Күн қонырсалқын еді. Түс әлетінде ғана орталыққа жетіп, «ғибратты ғимаратқа» ендік. Ағамыз екінші қабатта газет парақтап, әрбір материалға бажайлай назар тігіп отыр екен. Қарапайым қалпынан бір танбайды. Көпке – кішіпейіл. Елге – ықыласты. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының,  Ресей Аудармашылар одағының мүшесі, Республикалық терминология комиссиясының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымының докторы, профессор, дипломат қана емес, мына біз секілді көп талапкерге тілектес жақсы аға, кеңқолтық азамат есебінде ұлғаусар әңгіме, кенен кеңесін бірден бастап кетті. Ана тіліміздің қор-қорабасын молайта түсу, терминқорымызды жетілдіру, түйілткілдерін тану бағдарында дайындаған сұрағымызды сұрай бердік.

–  Ассалаумағалейкүм, Серікқали аға? Қал-жағдайыңыз жақсы ма? Еврей мемлекеті пайда болғаннан соң, оның әдебиет, ғылым, публицистика сынды барлық салаларында тіл қалыптастыру мәселесі тұрған екен. Ғалымдар көп ойланып, ақыры көне ивритті (діни тіл) жаңғырту дұрыс деп шешіпті. Қазіргі иврит тілі барлық салада тіл стильдерін қалыптастырған, қайта тірілген тілге айналды. Заманында Алаш қайраткерлері бастамашы болып, біздің ана тіліміздің тарихында да осындай үрдіс жүргені белгілі. Салыстыра талдап көрелікші. Қазақ тілінің барлық саладағы өз стилі қалыптасты деп айта аламыз ба?

–  Қалыптасып келе жатыр десек біршама нақтылау болатын сияқты. Өйткені салалық стильдің қалыптасуы оның терминологиясына байланысты. Бір терминнің әр салада әртүрлі қолданылуы тілдің қолданысын орнықты ете алмайды. Сол себепті бекітілген терминдердің өзін сала-сала бойынша қайта зерделеп, салыстырып, бір ізге түсіру талап етіледі. Терминология комиссиясы (бұдан әрі –   Терминком) жүргізіп келе жатқан жұмыстардың бір тармағы  осы  бағытта жалғасып жатыр.

Бастауда тұратын алғашқы буынның қазақша термин қалыптастыру жолындағы қайраткерлігі ұмытылмайтын мұра.  Сол кезден бері өзгеріссіз қолданылып келе жатқан баламалар аз емес. Алайда  аталған заманның жаппай қазақшалауды ұстанған  пуристік  бағытын бүгінгі дәуірге тұтастай алып келуге болмайды. Ол кезде сауатты адамдар саны шектеулі болса, қазір жағдайымыз мүлде басқаша. Ол кезде термин, бір жағы, түсіндірмелік сипат алды,  алдымен, терминнің мазмұнын түсіндіру жағы басым тұрды. Негізінен, орысшадан аударылғандықтан оны қазақша қалай түсіндіруге болады деген  мақсат көзделді.

Бүгінгі заманда терминнің дефинициясын білу ешқандай қиындық тудырмайды, соны негізге ала отырып, оның мағынасы қазақша қай сөзге үйлеседі, мұны тіл жағынан туыс ағайын қалай аударды екен, әлемнің қанша тілінде дәл осы тұлғасында өзгеріссіз пайдаланылады деп ізденуге де жол ашық. Терминжасамда осының бәрі ескеріледі.

Алаш арыстары, мысалы, «переводчикті» ешқашан «аудармашы» деген жоқ, «аударушы» деді. Беріректегі Ғабит Мүсірепов те «аударушы» деп өтті. «Аудармашы» қылған кейінгі ұрпақ, себебі бұл буын Алаш мұрасымен таныс емес еді, сол себепті өздерінше аударып, қолданысқа енгізді. Әлі күнге дейін аудармашы деп келеміз. «Аудармашы» мен «аударушының» мағыналық астарында елеулі айырмашылық бар екенін байқауға болады:  аудару дегенде, ең алдымен, жанды үдеріс, қозғалыс, серпін елестейді. Ал «Аударма» деген соң, әрине, солай жасағың келіп тұрады. Міне, бұрынғының айтқаны бұрыс кетпес дегендей,  Алаш туын ұстаған тұңғыштарымыз аударманың осындай иіріміне көңіл  бөлген. Ойланатын жайт, әрине.

–  «Аударманың айбозы» деп өзіңіңіз ат қойған Герольд Бельгер ақсақалымыз профессор ­М.Машановтың 1899 жылы Орынбордан шығарған «Русс­ко-киргизский словарь» деген еңбегін талдайды. Сонда бір орысша сөздің 17 қазақша баламасын кездестірген жазыпты. Бірақ кейінгі жылдары шеттен жеткен сөзге кейде балама таба алмай, сол сөзді қаз-қалпынша қотара салатын әдет шығардық. Мұнымыз дұрыс деп құптайтындар да көбейіп кеткендей. Қараптан-қарап отырып осыншама баламасы бар тілдің тынысын тарылтқанымыз қалай? 

–  Герольд Бельгер ақсақалға қатысты мысалды «Тілге тілмаш» деген кітабымызда келтіргенбіз және «өзіміздің көп томдық терминологиялық сөздікте бір терминнің баламасын түпкілікті байыптай алмай жүргенде, мынау ағыл-тегіл тіл қазынасы емес пе?!» деп атап өткенбіз. Осы көп баламалылықтың кейде сөзжасам практикасына әсері болатын сияқты.

Термин – біреу, қалғандары оған тіреу болуға тиісті екені ескерілмейді. Синонимдік қатарды тізбелеу, сөздің баламалы сипатын кең пайдалану – көркемсөз бен көсемсөзге жарасатын мәнер. Алайда жеке салаға келгенде, оның орнықты өз термині сақталуға тиіс. Сондықтан балама табуды тілдің өз қойнауынан іздейміз, одан табылмаса, түркі тілдес ағайын арасына іздеу саламыз, ол жақтан да шықпаса, амалсыз түпнұсқалы тіліне тоқтап, оны қазақша сөйлетуге тырысамыз. Жаңа термин табу, сөзжасам практикасы осылай жүзеге асып келеді.

Әлемдік қолданыстағы (халықаралық) терминдерді  тіліміз бай екен деп бас салып қазақшалай бергенді онша қолдай қоймаймыз. Бұл көп жағдайда тілді түсінуді қиындатады. Терминнің мәнін, мағынасын һәм мазмұнын түсініп алмай тұрып, оны бірден аудара салуға болмайды. Мүмкін, сол күйінде қазақшаға бейімдеп қолдану әлдеқайда тиімді болатын шығар. Оның үстіне кейбір шетелдік терминнің мағынасы түбірінен емес, алдыңғы-соңғы жалғау-жұрнақтары арқылы ашылатын да жағдаят кездеседі. Жалпы «шеттен жеткен сөзге кейде балама таба алмай» қиналатымыз да рас.

Енді жоғарыда аталған ескі сөздікке  ойысайық. Мәскеуде еңбек еткен жылдары тапқан бір олжам – қолымда 1910 жылы Қазанда Н.Катановтың төрағалығымен шыққан «Русско-киргизский словарь» деген сөздік бар. Мұндағы сирек қолданысты балаламалардың сипаты  бөлек. Қаншама жаңа сөз кездеседі. Түсіндірме сөздіктің  қызметін де атқара алады. Ол тілді білмейтін адамға бөтен тілді қалай үйрету (үйрену) керек деген ең басты сұраққа қалтқысыз жауап беретін еңбек. Әрине, сөздікті  қайта басып шығарғаннан ешкім ұтылмас еді, бірақ біздің елде бұған батылдық еткен баспа да, адам да әзір табылып тұрған жоқ.

– Аудару ісіндегі не сөзжасам практикасындағы дүдәмал күңгірттіктің бір ұшы түбір сөздің табиғатын сақтамау. Біздің сөзжасам практикасындағы кемшін тұсымыз да осыдан келіп шығып отыр емес пе? Тегі тергелмей шыққан терминдер де тілімізге әбден сіңіп те кетті (мысалы, механизм - тетік). Әу бастан терминтанудың қандай қағидаларын қатаң түрде ескеруіміз керек еді?

– Осы  бағыттағы пікіріміздің шет жағасын жоғарыда білдірдік. Дегенмен, айтылар сөз аз емес. Өзің мысалдап отырған  механизм – тетік жайынан бастайық. Біз мектепте, одан кейінгі оқыған әдебиеттерде «тетік» дегенді орыстың  «рычаг» сөзінің  қазақшасы деп  қабылдап келдік. Кейін, неге екенін білмеймін, «тетік» пайда болды. Шамасы, қазақтың «істің тегігін табу» деген тіркесіне сүйенген болуы мүмкін. Бірақ «тетігін табу» деген істің жөнін келтіру, ыңғайын табу екені екі адамның біріне белгілі. Қазіргі «салық тетігі», «нарық тетігі» дегеннің бәрінің мазмұны механизмге тіреліп тұр.

«Тетікті» сөз білетін сөздік авторының ешқайсы «механизм» демейді (дей алмайды),  оны техниканың, техникалық құрылымның бір бөлшегі, құралы, т.б. деп таниды; солай түсіндіреді; о бастағы «рычаг» сөзінің тетікке дәл келген мағынасының дұрыс екені осыдан көрінеді.

Мән-мағына жағынан «механизм» жай тетіктен жоғары тұр. Механизм дегеніңіз – машина,  былайынша айқанда, қозғалыстағы темір-терсектің жиынтығы. Сол сияқты «дені  тетік» деген тіркес бар, ол механизмді емес, адамның аман-саулығын білдіреді. Бұдан басқа,  «оқығанның көңілі тетік, сөзі майда»  деген мақал да бар.

«Тегі тергелмей шыққан терминдер» деп дұрыс айтып отырсың.  «Тетік» – осының айнымас мысалы. Ол Терминкомда бекітілген  сөз. Бірақ бекітілген терминдердің өзіне сын көзімен қарауымыз керек. Соңғы жылдары Терминком тарапынан осы бағытта елеулі жұмыс жүргізіле бастағанын білеміз.

Кезінде Еуразиялық экономикалық комиссия сапында жүріп, қазақ тілінің халықаралық мәртебеде қолданылу деңгейін көтеру мақсатында жұмыс істедік. Сонда шығарған орыс-армян-белорус-қазақ-қырғыз-ағылшын тілдеріндегі сөздігімізде қазақшасын «механизм»  деп ала отырып,  пайдаланушыларға жеңіл болуы үшін Қазақстанда «тетік» деген қолданысы бар деп ескерткенбіз.  Бірақ өз тәжірибемізде «тетік» деп жазбаймыз, мүмкіндігінше «механизм» үлгісін қолданамыз. Мұндай мысалдар аз емес.

«Тілде тоқтау жоқ» деп, әдетте бекітілген терминдердің өзіне  «тиісіп» жататын жұртқа жақтырмай қарайтын кез болады ғой. Үнемі олай емес, әрине. Оның орындысына құлдық, орынсызын орнына қою керек болады. Тілге қатысты айтылған сөздер, жарияланған пікір-ұсыныстар ешқашан ескерусіз қалмауға тиіс.  Кезінде осының бәрін жинақтап, жүйелеп, қорытынды шығарып, дұрыс жазуға нұсқау, бағыт беріп отыратын бір орган болса, не құрылған бір орган  қолына алса деп жазғанбыз.

Негізінен алғанда, бекітілген терминді сақтау керек. Ол тілдің тұрақтылығының белгісі. Баламада түбір сөздің табиғаты сақталмай тұрғанын, ең алдымен, сөз ұстаған газеткерлер тап басу керек. Жазбаша аударушылардың дені осы ортадан шығады. Газет бір сөйлемде бір сөзді екі рет қайталамауға үйретеді. Аудармаға әбден кәсіби түрде бейімделген адам мұны жақсы түсінеді әрі аударатын терминінің «ата-тегін» алдын ала тергеп-тексеріп алады.

Оқырманды өзіне көбірек тарту  үшін әр газетте «Жаңа сөздер жарысы» деген айдар ашылып, терминдер тезге түсіп тұрса,  жұртшылық пікірі жарияланып, оның нәтижесі Терминкомға ұсынылып жатса, тіл тіршілігі қыз-қыз қайнаған болар еді. Өкінішке қарай қоғамда осы бір бағыт бәсең, салғырттық сезіледі.

Мұндай мәселені жандандыруды әдетте біреу қолға алу керек. Жұртшылық арасында кең  танымал «Алматы ақшамы» газеті осыны бірінші болып бастап, «Жаңа сөздер жарысын»  ұйымдастырып, тіл, аударма, терминология, жаңа сөзжасам мәселелері бойынша республика жұртшылығына ой салып, оқырманмен екі арадағы   байланыстың жаңа жолын  ашса артық болмас-ты деп ойлаймыз.   Сонда тіл мәселесі «Ана тілі» немесе «Қазақ әдебиеті» газетінің  ғана ісі болып қалмай, бәрімізге ортақ екендігін осы қадам   көрсетер еді.

–  Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет, аға! 

Телеграм арнаға жазылыңыз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласы

Бүгін 16:27

Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады

Бүгін 16:24

Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды

Бүгін 16:22

Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуір

Бүгін 16:20

Алматының визит-орталықтары жаңа форматта жұмыс істемек

Бүгін 16:10
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);