Синоптиктер 5 наурызда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтілетінін ескертті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» мәліметінше, елдің 16 өңірінде қар мен жаңбыр, боран, көктайғақ, екпінді жел және тұман болжанып отыр. Кей аймақтарда желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Ақмола облысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран және көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с болса, облыстың солтүстігі мен шығысында кей уақытта 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Көкшетау қаласында таңертең және күндіз қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болады.
Солтүстік Қазақстан облысында да қар, боран және көктайғақ болжанып отыр. Батыс бөлігінде тұман түседі. Желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Петропавл қаласында да осындай ауа райы сақталады.
Қостанай облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, боран күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Осындай жағдай Қостанай қаласында да байқалуы мүмкін.
Павлодар облысында түнде қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ болса, күндіз жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болжанып отыр. Павлодар қаласында күндіз көктайғақ пен жауын-шашын күтіледі.
Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде және шығысында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, ал күндіз көктайғақ болуы мүмкін. Қарағанды қаласында да күндіз қар жауады.
Ұлытау облысында түнде қар мен жаяу бұрқасын, күндіз көктайғақ күтіледі. Жезқазған қаласында күндіз жолдардың тайғақ болуы ықтимал.
Шығыс Қазақстан облысында қар, жаяу бұрқасын және тұман болжанып отыр. Ал Абай облысында түнде қар жауып, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.
Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аймақтарында кей уақытта қатты жауын-шашын, тауларда қалың қар жауады деп күтіледі. Қонаев қаласында тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Алматы қаласында да кей уақытта тұман түсіп, көктайғақ болады. Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктерінде күндіз қалың қар жаууы мүмкін.
Жамбыл облысында тұман мен көктайғақ күтіледі. Осындай ауа райы Тараз қаласында да сақталады.
Түркістан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында қатты жауын-шашын болжанып отыр. Соның салдарынан өзендердегі су деңгейі көтеріліп, тасқын қаупі сақталады.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі. Қызылорда қаласында да тұман түседі.
Ақтөбе облысының кей жерлерінде жауын-шашын, көктайғақ және жаяу бұрқасын болжанып отыр. Ақтөбе қаласында да көктайғақ болады.
Батыс Қазақстан облысында түнде аздаған қар жауып, күндіз жауын-шашын, боран және көктайғақ болуы мүмкін. Орал қаласында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, тұман және көктайғақ күтіледі.
Маңғыстау облысының кей аумақтарында тұман түсіп, көктайғақ болады.
Ал Атырау облысында тұман мен көктайғақ, кей жерлерде шаңды дауыл күтіледі. Атырау қаласында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз көктайғақ болуы мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт нашарлауына байланысты сақтық шараларын сақтап, алыс жолға шыққанда абай болуға кеңес береді.