118-19 наурызда Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Алматы қаласында өткен сапары барысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринмен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың өзекті мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Саида Мирзиёева бірнеше мәдени іс-шараларға қатысты. Өзбекстан Президентінің көмекшісі елімізге екінші рет жұмыс сапарымен келді. Алғашқы сапарын 2024 жылы 6 тамызда жасаған болатын.
Мәдени-гуманитарлық байланыс нығая түспек
18 наурызда ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин елімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен Алматыда кездесті. Онда тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынас мәселелерін және бірлескен жобалар жайлы пікір алмасты. Сондай сәтті жобалардың бірі «Заковат» интеллектуалдық ойыны. 2024 жылы 6 тамызда Астанада интеллектуалдық ойынның таныстырылымы өткен болатын. Зияткерлік ойынға жастар, оқушылар қатысады.
Бұдан бөлек, Ерлан Қарин елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістер, Ұлттық құрылтай жұмысы жайлы айтқан. Шынында Қазақстан мен Өзбекстан арасында одақтастық және стратегиялық әріптестік бір-бірінің тәжірибесін алмасу арқылы беки түседі. Бір-бірімізден аларымыз, үйренер тұстарымыз бар.
Сонымен қатар, тараптар «Орталық Азия-ЕО» және Арал мәдени саммиттеріне дайындық мәселелерін талқылаған. «ОА-ЕО» саммиті 2025 жылы 3-4 сәуірде Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтеді. Қазақстанның көпжақты сыртқы саясаты мен Өзбекстанның сыртқы саясатында аймағымыздың Еуропалық одақпен байланысы маңызды рөл атқарады. Сондықтан кездесуде кейбір мәселелерде ортақ позициялар айқындалған шығар.
Арал мәдени саммиті 2025 жылдың 4–6 сәуірінде Өзбекстанның Нүкіс қаласында өтеді. Бұл саммитті өткізуге Өзбекстан бастама көтерген. Биыл алғаш рет өтпек. Саммитті Өзбекстанның мәдениет және өнерін дамыту қоры ұйымдастыруда. Саммит көрші елдің мәдени-гуманитарлық саласын әлемге таныту, Орталық Азия мен әлем арасында бұл салада байланысты нығайтуға әсер етпек.
Саида Мирзиёеваның Қазақстанға жұмыс сапары барысында Ә.Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік опера және балет Үлкен театрының «Лазги. Танец души и любви» атты қойылымы, суретші Орал Таңсықбаевтың кескіндемелік және графикалық жұмыстарының көрмесі өтті. Бұл іс-шаралар екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы байланысын нығайта түсетіні сөзсіз.
Тұтас аймақтың саяси мәдениті маңызды
Саида Мирзиёева 2024 жылы 6 тамызда алғаш рет елімізге жұмыс сапарымен келгенде әлеуметтік желіде «Өзбекстандық мемлекеттік қызметшіге неге мұндай көңіл бөлінуде?» деген сұрақ жиі қойылды. Бұл сұраққа жауап беріп көрейік.
Біріншіден, Өзбекстан Қазақстанның одақтасы әрі стратегиялық әріптесі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас теңгерімді және ұзақ мерзімге арналған. Дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 23 қарашадан бастау алады. Одан кейін бірнеше маңызды құжаттар қабылданды. Атап өтер болсақ, 1998 жылы «Мәңгілік достық туралы», 2023 жылы «Стратегиялық серіктестік туралы» және 2022 жылы «Одақтастық қатынастар туралы», «Мемлекеттік шекараны белгілеу туралы» шарттарға қол қойылды.
Екіншіден, Өзбекстан мен Қазақстанның ғана емес, тұтас аймақтың саяси мәдениетін ескеру қажет. Біз көрші елдің ішкі ісіне араласа алмаймыз. Қалай өмір керек екені жайлы ақыл да айта алмаймыз. Бұл тұрғыдан Қытайдың сыртқы саясаты бізге жақындау. АҚШ демократтардың көзқарастарына ұқсамайды. Сондықтан әр мемлекеттің ішкі саяси ерекшеліктерін ескеруіміз қажет. Дипломатияның заңы солай.
Аймақтың саясатында тұлға ерекше рөл атқарады. Саяси институттар жоғары деңгейде дамығанымен, тарихтағы тұлғаның рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Президенттер және өзге де саясаткерлердің арасындағы тұлғалық қарым-қатынас аймақ елдері арасындағы саясатқа әсер етеді.
Саида Мирзиёева Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы. 2023 жылы тамызда президенттің көмекшісі лауазымына тағайындалған. Бұған дейін Шавкат Мирзиёев Президент әкімшілігі құрылымына өзгеріс енгізген. Жаңа құрылым бойынша Саида Мирзиёева ақпараттық саясат, әлеуметтік даму, білім беру, жастар саясаты секілді маңызды салаларға жетекшілік етуде.
Үшіншіден, президенттің көмекшісі жетекшілік ететін салалар Өзбекстанның өзіне ғана емес, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа да оң әсер етеді. Себебі6 халықтар арасындағы байланыс мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік қарым-қатынас жасау арқылы нығаяды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс екі тарапқа да тиімді.