Бұл жолы ауа райының қолайсыздығына байланысты қаламызда «Әлеуметтік қызмет көрсету» үйінде «Халықтың әлеуметтік осал топтары» тізімінде тұрған азаматтарға кезек тәртібімен пәтер кілті табысталды.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен жыл соңына дейін қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан «Халықтың әлеуметтік осал топтары» (ХӘОТ) тізімінде тұрған азаматтарға кезек тәртібімен 2000 жалдамалы пәтер беру жоспарланған болатын. Ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында Наурызбай мен Медеу аудандарында І кезеңде ХӘОТ бойынша кезекте тұрған жетім балалар мен 1080 тұрғынға пәтер кілті тапсырылып, тіркеуден өткізілді.
«Алты баланың анасымын. Көпбалалы отбасы ретінде 2017 жылдан кезекте тұрғанмын. Пәтерлі болғанымызға қатты қуанып тұрмыз. Бізді елеп-ескеріп, баспаналы еткен қалалық әкімдікке, құрылысшыларға алғысымызды айтамыз», – деп қуаныштан бал-бұл жанып тұрды қала тұрғыны Айжан Қалиева.
ІІ кезеңде ағымдағы жылдың қараша айының басында Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» ықшамауданында аталған топтағы, сондай-ақ жетім балалар арасында кезекте тұрған тағы 920 адамға пәтер кілттерін тапсыру және пәтерге көшіру жоспарлануда. 1 қарашада кезекте тұрған 201 адамға, 5 қарашада кезекте тұрған 200 адамға пәтер кілті табысталып, қоныстанды. 7 қарашада Наурызбай ауданы «Шұғыла» ықшамауданындағы «Әлем Сити-3» тұрғын үй кешенінде орналасқан 5 үйде ХӘОТ бойынша кезекте тұрған 175 адамға пәтер кілті тапсырылды. Соның ішінде: 1 бөлмелі – 50 пәтер, 2 бөлмелі – 46 пәтер, 3 бөлмелі – 79 пәтер.
«Бүгін Наурызбай ауданында орналасқан «Шұғыла» ықшамауданындағы «Әлем Сити-3» тұрғын үй кешенінде орналасқан 5 үйден ХӘОТ бойынша кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілті тапсырылуда. Олардың саны – 175. Пәтерлер таза, дайын күйінде берілуде. Жылу, жарық қосылған. Газ келер жылдың соңына таман (пәтер иелері түгел қоныстанған шақта) қосылады. 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер бар. Аумағы шамамен алғанда, бір бөлмелі пәтер – 40 шаршы метр, үш бөлмелі пәтер – 90 шаршы метрден асады. Келісім-шартпен көзделген жалдау ақысы бар. Бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысы – 10 мың теңге, үш бөлмелі пәтердікі 20-25 мың теңге көлемінде болады. Оған қоса, коммуналдық қызмет көрсету төлемдері бар», – деп мәлімдеді Алматы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Пәтер кілті тапсырылған 175 адамның ішінде «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санаты бойынша бөлінген кезекте тұрған 29 жетім бала (2012–2014 жылдар аралығында кезекте тұрған), 1 және 2 топтағы 30 мүгедек (2012 жылдан 2017 жылға дейін кезекте), 29 көпбалалы отбасы (2018-2019 жылдар аралығында кезекте), мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 16 отбасы (2011–2017 жылдар аралығында кезекте), 7 зейнеткер (2013-2014 жылдар аралығында кезекте), 60 толық емес отбасы (2012–2017 жылдар аралығында кезекте), жеңілдігі бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандармен теңестірілген 4 ардагер бар.