Азаматтық белсенділік ел алдындағы жауапкершіліктен басталады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде бақылаушылар Алматыдағы сайлау учаскелерінде түскен фотосуретін жариялап, ондағы ахуал туралы айтып жатыр. Жарияланымдарында олар дауыс берудің алғашқы сәтінен бастап қала тұрғындарының белсенділігі байқалғанын атап өткен.
Мәселен, сайлау учаскесінің нөмірін көрсетпеген бақылаушы Дидарәлі Сәруарбек таңертең оның учаскесінде адам қарасы көп болғанын, тіпті дауыс беруге келген тұрғындардың кезегі қалыптасқанын хабарлады.
Ал №377 сайлау учаскесінде жұмыс істеп жатқан тағы бір бақылаушы дауыс беру үдерісі ұйымдасқан түрде өтіп жатқанын және сайлаушылар легі толастамағанын жеткізді.
«Азаматтық белсенділік ел алдындағы жауапкершіліктен басталады. Бүгін мен маңызды оқиғаның барысын бақылап отырмын», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушыларының бірі.
Еске сала кетейік, бүгін Алматы қаласында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 41-інде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.