Алматыға кейіннен қосылған қала іргесіндегі елдімекендерде алақандай ауласын бау-бақшаға айналдырып, сол бақтан күзге қарай әжептәуір өнім алып отырған отбасылар көп. Бүгінде олар аулаларына түрлі дәнді-дақылдар мен жеміс-жидектерін егіп те үлгерген.
«Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, егер бақшаңызды жақсылап күтіп-баптасаңыз, кез келген өнім күзде жемісін берері сөзсіз. Ең бастысы, еш қоспасы жоқ, құнарлы өнімді отбасыңыз тұтынады. Ол ішіп-жеміңізден артылып жатса, сатып пұл жасайсыз. Демек, баптай білсеңіз, алақандай бақшаның өзін бір отбасының табыс көзіне айналдыруға болады.
Кез келген адам үйінің айналасын көгалдандыруды қолға алып, ауласына қызылды-жасылды гүл егіп, бақшасына жеміс-жидек еккенді құп көреді. Көпшілігі жеміс беретін ағаштар егеді. Алайда, оларды егудің өз тәртібі бар. Өйткені, кейбір ағаштар адамның көңіл күйіне, денсаулығына қатты әсер ететін көрінеді. Бұл жағдай ілгеріректе халық арасындағы наным-сенімге байланысты болса, қазіргі таңда ғылыми түрде дәлелденген дүние екен. Сол себепті, сала мамандары үйдің жанына адамның жағымсыз энергетикасын өзіне тартып, оның орнын жағымды әсерге толтыратын ағаштар егуге кеңес береді.
Молшылық пен байлықтың белгісі
ШИЕ ағашы күй талғамайтын, күтімді аз қажет ететін жеміс ағаштарының қатарына жатады. Бұл ағаш көктемде айналсын хош иіске бөлеп, әдемі гүлдерімен айналасына керемет көңіл күй сыйлай алады. Деректерге сүйенсек, шығыс елдерінде бұл ағашты сәттілік тұмары деп бағалайды есептейді. Мен тұратын елдімекендегі жұртшылық түгелдей дерлік бақшаларына жеміс егеді. Кейде ағаштар гүлдеп тұрған кезде жанына кәуап пісіріп, от жағып жатқандарын өз басым талай көргенмін. Көршім егде жастағы грек әйелі болатын. Бірде әлгі апайымды көріп қалып: «оттың жалыны ағашқа әсер етеді ғой, неге алысырақ жақпайсыздар?» деп сұрадым. Сонда көршім: «Шие ағашын бақшаның шетіне немесе көрінбейтін қуыс жаққа емес, үйге жақын, ас пісіруге ыңғайлы жерге еккен жөн. Тіпті, ағашқа жақын жерде ас пісіретін ошақ болса да артық етпейді. Өйткені, шие гүлдеген кезде астына от жағылатын болса, онда сол үйдің байлығы еселене түседі, молшылық болады» деді. Сонда барып, мен әлгі жанып жатқан оттың сырын білдім.
Жалпы, бағбандар шие ағашын көктемде бүршік жармай тұрып егу қажет екенін айтады. Сондықтан оны егу үшін жердің толық қызғанын күтудің қажеті жоқ. Содан кейін шие ағашын жаңғақ, алмұрт секілді жемістердің жанына егуге болмайды екен.
Ұзақ өмір сүрудің кепілі
АЛМҰРТ ағашын жер жағдайына қарай наурыз айының ортасынан мамыр айына дейін еге беруге болады. Алмұрт үйдің жанында жақсы өседі. Бірақ оның қасына сүйекті ағаштарды егуге болмайды. Мәселен, алмұрттың қасына қараөрік, шие, өрік ағаштарын егетін болсаңыз, алмұрт ағашының жеміс беруі мен тәттілігі азаяды, дәмі қышқыл татып кетеді. Керісінше, оның жанына қарақат пен таңқурай еккен жөн. Наным-сенімдерде алмұрт ағашын ұзақ өмір сүрудің кепілі, махаббат пен тұрақтылықтың белгісі деп бағалайды.
Отбасылық өмірге шаттық сыйлайды
АЛМА ағашы көпшілігіміздің бақшамызда бар. Славян елдерінде бұл ағашты көбінесе қыздары жататын бөлме терезесінің тұсына егеді екен. Ол әдемілік сыйлайтын, өз-өзіңе деген сенімділікті күшейтетін және махаббатта сәттілік әкелетін, отбасылық өмірге шаттық сыйлайтын күшке ие деген сенім бар. Алайда, алма ағашымен қатар сирень, шие, алша, шабдалы жемістерін егуге болмайды. Мәселен, шабдалының тамыры жан-жаққа жайылып өсетіндіктен, топырақтағы барлық қоректі өзіне тартып алады. Алмамен қатар арасын алшақтау етіп, айва, черешня егуге болады. Бұл ағашты көктемде жер қатты қызбай тұрып, кешке қарай еккен дұрыс.
Махаббат энергетикасын береді
ӨРІК пен ШАБДАЛЫ ағашы. Екі жеміс те сұлулық пен махаббат энергетикасын береді, яғни өте ұқсас ағаштар. Екеуін де үйдің жанына егуге болады, бірақ екеуін қатар екпеген жөн. Бағбандар екі ағаштың көшетін ерте көктемде, күн молынан түсетін жерге егуге кеңес береді.
ҚҰЛПЫНАЙ – ылғал мен күн көзін сүйетін дақыл. Сондықтан оны құрғатпай суарып тұрған абзал. Байқасаңыз, құлпынай гүлдей бастағанда әр түп ұзын-ұзын мұртшалар тастайды. Оны дер кезінде қиып тастап отырмаса, бар қуатты мұртшалар алып қойып, негізгі түптің жемісінің өсуіне мүмкіндік бермейді.
Алайда, кез келген өнім құнарлы жеміс беру үшін оны дұрыс күтіп-баптау қажет. Ол үшін бізге арнайы мамандардың кеңесі қажет-ақ. Мамандар кеңесін алдағы нөмірде жазатын боламыз.
P.S. Несібесін қара жерден іздеген талай жұрт бүгінде ең алдымен ауласын тазалап, одан кейін үйінің айналасындағы алақандай жеріне түрлі жеміс ағаштары мен көкөністің дәндеріп егіп жатыр. Ендеше, көктемде жеріңізді шаршамай баптап, күзде жемісті молынан алыңыз!
- Тақырыпқа орай:
«АҒАШ ЕКСЕҢ, КҮНӘҢ ЖЕҢІЛДЕЙДІ»
Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:
– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Қандай амал жасасам, Құдай күнәмді кешеді? – деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:
– Жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді.
Қарақшы жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бақшасына кезігеді.
– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.
– Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты, – дейді.
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады.
Шайқы:
– Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр? – деп сұрайды.
– Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ахиретте өшпес азыққа айналды, – дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.
Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді», – деп насихат айтыпты.