Жаз – әр баланың асыға күтетін мезгілі. Ал жазғы демалысты мазмұнды да қуанышқа толы етіп ұйымдастыру – әрбір ұстаз бен тәрбиешінің міндеті. 167 жалпы білім беретін мектеп жанындағы «Балдәурен» жазғы демалыс лагері – осы міндетті абыроймен атқарған жарқын жобаға айналды.
2025 жылдың 26 мамыры күні салтанатты түрде ашылған «Балдәурен» лагерінің алғашқы күні ерекше көңіл-күймен басталды. Түрлі-түсті шарлармен безендірілген алаң, балалардың шаттыққа толы жүздері, көтеріңкі көңіл-күй – барлығы жазғы маусымның жарқын басталғанының дәлелі болды.
Лагерь жұмысы әр күн сайын қызықты шаралармен өрбіді.
27 мамырда балалар қаламыздағы Ботаникалық баққа саяхат жасап, табиғат аясында серуендеп, өсімдіктер әлемімен танысты.
28 мамырда мектеп алаңында ұйымдастырылған спорттық эстафета балаларды ұйымшылдыққа, салауатты өмір салтына тәрбиеледі.
29 мамырда Disney студиясының “Райя және соңғы айдаһар” мультфильмін тамашалау арқылы достық, сенім, батылдық сияқты құндылықтарға баулынды.
30 мамырда балалар 28 панфиловшы-батырға арналған саябаққа барып, патриоттық рухты бойларына сіңіріп қайтты. Олар саябақта пикник ұйымдастырып, батырлардың ерлігін еске алды.
Маусым айында ерекше әсерге толы күндер жалғасын тапты:
2 маусымда «Максима» сауда орталығындағы «Наследники» ойын-сауық кешенінде балалар еркін ойнап, өздерін ертегі әлемінде жүргендей сезінді.
4 маусымда «Алматы мемлекеттік қуыршақ театрына» бару – балалардың өнерге деген қызығушылығын оятты. «Қуыршақ думан» қойылымы олардың жүрегінен ерекше орын алды.
5 маусымда «Москва» кинотеатрында «Лило мен Стич» мультфильмін көрген балалардың эмоциялары мен қуанышы шексіз болды.
Барлық күндері балалар мектеп асханасынан ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, күн соңында дәстүрлі балмұздақпен қуантылып отырды. Бұл – лагерь ұйымдастырушыларының балалардың тек рухани емес, физикалық саулығын да ойлағанының көрінісі.
Көбікті кеш – «Балдәуреннің» жарқын нүктесі
Лагерьдің жабылуына орай ұйымдастырылған көбікті кеш (foam party) – балалардың жазғы маусымда алған әсерін екі есе күшейтті. Ақ көбікке шомылып, шаттыққа толы музыкамен би билеген балалардың қуанышты жүздері, күміс күлкісі жазғы демалыстың ең жарқын сәті болды. Жабылу салтанаты – жүрекке сақталған естелік.
Бұл лагерь – бақытты балалық шақтың бір жарқын беті болып қалғандай. Лагерьдің соңғы күні балалар шаттық пен достыққа толы «Балдәуреннен» алған ерекше әсерлерімен бөлісіп, тапқан достарын қимай қоштасты. Кейбір балалар көздеріне жас алып, тәрбиешілеріне алғысын айтып, тағы келгісі келетінін жасырмады.
«Балдәурен» – жай ғана лагерь емес. Бұл – бақытты балалық шақтың бір бейнесі, жаңа достықтың бастауы, жарқын естеліктердің мекені. Ұйымдастырушылардың жанкешті еңбегі мен шығармашылық көзқарасы балалардың жан дүниесінде ұмытылмас із қалдырды. Келер жазда «Балдәурен» балалықтың шаттығын тағы да жалғастыратынына сенім мол.