"Бала - бауыр етің" деген теңеу қазақтың балаға деген көзқарасын, жауапкершілігі мен мейірімін айқын көрсетеді. Дегенмен бала тәрбиесі мен тәліміне қатысты дәстүр мен заманның талабы үнемі бір арнада тоғыса бермейді. Соның бірі - қазақ қоғамында ертеден келе жатқан "баланы бауырына салу" дәстүрі. Бұл - біраздан бері де қоғамда пікірталас тудырып отырған салттардың бірі. Aqshamnews.kz тілшісі осы тақырып төңірегінде қалам тербеп көрді.
Бауырына салу деген не?
Бауырына салу – қазақ отбасылық дәстүріндегі бала асырап алудың бір түрі. Әдетте ата-әжелер тұңғыш немересін немесе үлкен аға-інілер өзінен кіші бауырының баласын қолына алып, өз баласындай бағып-қағып, тәрбиелеп өсірген. Кей жағдайда жақын туыстар да бала бауырына салған.
Бұл үрдіс кездейсоқ немесе кез келген адамға қатысты бола бермеген. Этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, бауырына салу - белгілі бір иерархияға негізделген дәстүр:
"Бауырына басу деген - ағайындардың балаларын бірін-бірі иемденуі. Мұнда үлкеннің кішіге құрметі жатыр. Бауырына өзінен кішілерінің баласын ағалары алады, ата мен әжесі алады. Бұл - ата институты мен әже институтына негізделген ұлттық құндылық. Дәстүрлі қоғамда бұл баланың психологиясын керісінше нығайтқан".
Яғни, бұл салттың астарында әлеуметтік жауапкершілік, ұрпақ сабақтастығы, әулет бірлігі жатқан.
Дәстүрдің өзгеруі және қазіргі көзқарас
Бұрын кең тараған бұл салт бүгінгі таңда сирек кездеседі. "Пәленше баласын бауырына басыпты", "Бұл - шалдың баласы" деген сөздерді қазіргі қоғамда көп ести бермейміз. Қала өмірі, шағын отбасы форматы, жеке шекара ұғымының күшеюі бұл дәстүрдің өміршеңдігін әлсіретті.
"Бауырына салу" салты жайлы орта жастан асқан аға буын өкілдері ғана ата-әжесінің қолында өскенін айтып отырады. Ал бүгінгі ата-аналардың баласын, тіпті ең жақын туысына беруге де құлықсыз екені байқалады.
Психологтар не дейді?
Қазіргі психологтардың бір бөлігі баланы ата-әженің бауырына салуға сыни көзқарас танытады. Олардың айтуынша, бала кішкентайынан ата-анасымен тығыз эмоционалды байланыс орнатпаса, болашақта қарым-қатынас құруда қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Психологтардың пікірінше:
- ата-ананың махаббатын толық сезінбеген бала;
- өз отбасында да, өз орнында да өзін жат сезінуі ықтимал;
- туған бауырларынан алыстап, салқын қарым-қатынаста болуы мүмкін.
"Психологиялық тұрғыда бұл дұрыс емес. Қазіргі таңда “бірінші баланы ата-әжесіне беру керек” деу - орынсыз. Жауапкершілік ата-әжеде болмауы керек. Әр балаға өз ата-анасы өзі қарауға тиіс. Бала - қолдан-қолға өтетін зат емес", - дейді мамандар.
Қоғамдағы әртүрлі пікірлер
Бұл мәселеге қатысты қоғамда біржақты пікір жоқ. Бауырына салынып өскен жандардың өз тәжірибесіне сүйенген ойлары да әртүрлі.
Бір пікірде:
"Баланы әке-шешесі тәрбиелеу керек, ата-әжесі қосымша махаббат береді. Өзім әжемнің қызы болдым, саналы адаммын, бірақ анамның махаббатын сезінбедім. Балаға ана керек", - десе:
Тағы бір көзқарас:
"Әртүрлі ата-әже бар, дәл сәйкесінше, әртүрлі ата-ана да болады. Баланың мінезі де туа бітеді. Бір ғана мысалмен бүкіл дәстүрді жоққа шығару дұрыс емес. Тәрбие жан-жақтан берілуі керек, бірақ кейде ата-әжелер еркелетіп, еңбекке баулымай өсіріп қоятын жағдайлар да бар", - дейді.
Дәстүрді жақтайтындар болса:
"Ата-әже тәрбиесін көрген бала мейірімді, ақылды болады. Бірінші бала дұрыс тәрбие алса, кейінгі балалар да соған қарап өседі".
Қарсы пікір:
"Ата-әжесіне берілген бала кейін туған бауырларына жат болып кетеді. Үлкендер қайтыс болған соң, ол өз отбасына, бірге туған бауырларына сіңісе алмай қиналады".
"Баланы бауырына салу" - қазақ қоғамында өзіндік орны бар, белгілі бір тарихи кезеңде әлеуметтік қажеттіліктен туған дәстүр. Ол бір кездері әулеттің тұтастығын сақтауға, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға, үлкенге құрмет пен балаға қамқорлық көрсетуге қызмет етті. Кеңейтілген отбасы үлгісі үстем болған заманда бұл салт табиғи әрі өміршең саналды.

Алайда уақыт өзгерген сайын қоғамның құрылымы, отбасының формасы, сондай-ақ бала психологиясына қатысты көзқарастар да басқа арнаға бұрылды. Бүгінгі күні бұл дәстүрдің мазмұны мен қолданылу аясы бұрынғыдай емес. Сондықтан "баланы бауырына салу" үрдісін міндетті норма немесе жалғыз дұрыс тәрбие жолы ретінде ұсыну біржақты шешім болмақ.
"Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар". Сол секілді атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-сананы заман талабына сай саралап, оның қоғамға да, отбасына да, ең бастысы – балаға зиян келтірмейтін тұстарын ғана қабылдай білген жөн болар. Бұл тұрғыда баланың мүддесін бірінші орынға қойып, ата-ана мен ата-әженің рөлін бір-біріне қарсы қоймай, керісінше үйлестіре білсе құба-құп.
Өйткені әр бала – жеке тұлға, ал әр отбасының әлеуметтік жағдайы, ішкі қарым-қатынасы мен тәрбиелік мүмкіндігі әртүрлі. Демек, кез келген дәстүр баланың психологиялық жай-күйіне, тәрбиесіне және болашақтағы өміріне кері әсер етпейтін жағдайда ғана өз құндылығын сақтай алады.