Жаз — балалар үшін асыға күткен демалыс маусымы. Алайда бұл кезеңді қызықты әрі мазмұнды етіп ұйымдастыру ата-ана үшін бір мезгілде жауапкершілік пен қиындыққа айналады. Қаланың қым-қуыт тіршілігінде ата-аналар жұмыстан босамай, балалар болса уақытты көбіне телефон мен гаджетке телміріп өткізетіні тағы бар.
Ендеше, жазғы демалысты тиімді өткізудің нақты жолдарына тоқталайық.
Неліктен жазғы демалысты алдын ала жоспарлау маңызды?
• Баланың уақыты босқа кетпеуі үшін;
• Қауіпсіздік талаптарын ескеріп, сенімді орта қалыптастыру үшін;
• Жаңа білім мен дағдыны ойын түрінде меңгеруіне мүмкіндік беру үшін;
• Әр баланың қабілеті мен қызығушылығына сай орта таңдау үшін.
Ең алдымен Алматы маңындағы жазғы лагерьлерге шолу жасап көруді жөн санадық. Олардың дені - жекеменшік лагерьлер.
Алматы қаласы мен маңында орналасқан балаларға арналған лагерьлерді төмендегідей топтастыруға болады:
1. Табиғаттағы лагерьлер
Іле Алатауында орналасқан сондай лагерлердің біріне хабарласып көрдік. Бағдарламада тауға жорық, катамаранмен жүзу, шатыр тігу, от жағу, квесттер, атқа міну, садақ ату, гольф, ағылшын тіліндегі ойындар бар.
Бөлмелерде 4–6 орынға шақталған, 5 мезгіл тамақ беріледі.
Бағасы: 10 күнге ~210 000 ₸
2. Спорттық лагерьлер
Олар негізінен футбол, жүзу, каратэ, гимнастикаға бағытталған. Балалар негізінен мұндай лагерлерде күнделікті жаттығу мен кішігірім жарыстарда өзара бақ сынасып көреді.
Бұлар негізінен энергиясы көп, спортты жақсы көретін балалар үшін таптырмайтын орта. Артықшылығы, мұнда балалар тәртіпке үйренеді, дене шынықтырып, демалысты денсаулық үшін пайдалы етіп өткізеді.
Алматы маңында Бағанашыл шипажайында орналасқан футбол лагерлерінің бірінің бағыт-бағдарын, бағасын біліп көрдік. Бұл жер доп теуіп, футбол ойнағанды жақсы көретін балалар үшін қызықты екен. Жыл сайын демалыс орны 10 шілде мен 24 шілде аралығында балаларды қабылдайды. Жас футболшылар үшін төрт мезгіл тамақ беріледі. Мұнда балалар таңды жаттығу жасаудан бастайды. Одан бөлек футбол алаңында күніне екі рет жаттығып, бассейнде де жаттығады.
Лагерь аумағы күзетіледі, қажетті медициналық персоналы да бар. Ата-аналары уайымдамас үшін балаларының не істеп, қай жерде жүргендерінің бәрі онлайн-чатта есебі беріліп отырады. Балалардың жаттығуын өткізіп, шынығу сабақтарын Алматының тәжірибелі және белді жаттықтырушылары қадағалайды.
Бағасы: 10 күн бойы күндіз ғана келетін болса -170.000 теңге
10 күн бойы лагерьде қалатын болса - 230 000 тг.
3. Шығармашылық лагерьлер
Сурет салуға, музыкаға, би мен театрдан хабары балаларға арналған лагерьлер де бар. Олардың мақсаты - баланың көркемдік қабілетін дамыту.
Мұндай ортада балалар сахналық қойылым қоюды, көрме өткізуді үйренеді.
4. Тілдік лагерьлер
Баланың ағылшын не басқа шет тілді үйренуіне қызығушылығын арттыратын мұндай лагерлерде балалар өздеріне қызықты орта қалыптастыра алады. Мұндай ортада балалардың тілді ойын арқылы үйренуіне мүмкіндік мол.
Мақсаты: Баланың тілді үйренуге қызығушылығын ояту
Артықшылығы: Шет тілін табиғи қабылдау, сөйлеу машығын дамыту
5. Этнолагерь: Ұлттық тәрбие мен дәстүрді сіңіру
Осындай бағытты ұстанып отырған лагерьлердің бірінен де бағдарламасы мен бағасын сұрастырдық. Бата, бесік жыры, мақал-мәтел жаттатып, шешендік өнерге де сусындататын лагерьлер бар. Біз хабарласқан сондай лагерьлердің бірі балаларға қолөнерді де үйретеді екен. Балалар атқа отырып көреді, ұлттық ойындармен де танысатын көрінеді.
Тамақтану: 6 мезгіл
Бағасы: 135 000 ₸
Артықшылығы: Тамырын танитын, ұлттық болмысқа бай бала тәрбиелеу.
Лагерьлердің бірнешеуіне хабарласа келе, жекеменшік жазғы лагерлердің ең арзан дегені 85 мың мен 100 мыңның арасында, ал одан қымбатырақтарының бағасы 300 мыңға жуықтайды. Қалтаға салмақ түсетіні болмаса, жазғы лагерлердің түрлеріне қарай бағалары да, бағдарламалары да сан алуан. Барлығы бала қауіпсіздігін басты назарға қойып отыр. Көпшілігінің аумағы күзетіледі. Демалысқа баратын балалардың ата-аналарымен 24/7 кері байланыс орнатылған.
Медреселер де балаларды жазды жай өткізбеуге шақырады
Баласының діни сауатын арттырып, иманға қарай бейімдегісі келетін ата-аналар балаларын мешіттерге, медреселерге беріп жатады. Онда балалар Құран әліппесімен танысып, ислам әдебін үйренеді. Негізінен олардың дені курс ретінде өтеді. Мәселен, ҚМДБ-ға қарайтын мешіттердің біріне хабарласып көрдік. Сөйтсек, маусымның екінші аптасынан бастап, "Имани жаз" деген тақырыппен 10-15 жас аралығындағы ұл және қыздар үшін "Діни сауат ашу" курстары өтеді екен. Қатысу тегін. Басты талап: ата-аналардың жазбаша өтініші, баланың құжатқа қажетті суреті және туу туралы куәліктің көшірмесі. Бұл жерде балалар күніне екі сағат білім алып, үйлеріне қайтады. Діни сауатты ашатын, әдеп сабақтарын оқытатын жекеменшік діни мекемелер де бар. Олардың бәрі тегін оқытпайды.
Мектеп жанындағы жазғы лагерьлер
Алматы қаласында маусым айынан бастап мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастайды. Қазіргі таңда мегаполистегі 200-ден астам мектеп жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыруға белсенді дайындық жүргізіп жатыр.
Қалай қатысуға болады?
Ата-аналар баласын лагерьге мектеп әкімшілігіне жүгіну арқылы тіркей алады.
Қатысу – толықтай тегін.
Бағдарлама мазмұны:
• Зияткерлік және шығармашылық ойындар
• Спорттық жарыстар мен эстафеталар
• Викториналар мен пікірсайыс клубтары
• Жазғы тіл мектептері
• «Жас ұлан» және «Жас қыран» бағдарламалары
• Этнолагерь, эколагерь, спорттық лагерьлер түрінде арнайы бағыттар
Арнайы бағыттағы мектеп лагерьлері:
• 6 мектепте — этнолагерь (киіз үйде ұлттық дәстүр, қолөнер, әдеп)
• 24 мектепте — футбол, волейбол, баскетбол және ұлттық спорт жарыстары
• 50 мектепте — экологиялық мәдениет пен табиғатқа жауапкершілікке баулитын эколагерьлер
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов атап өткендей:
• Барлық мектеп лагерьлері медициналық кабинеттермен жабдықталады
• Мектеп директорларымен бірге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің қатысуымен дайындық жиналыстары өткізілді
• Балаларға:
• Су айдындарындағы қауіпсіздік,
• Жолда, қоғамдық орындарда өзін ұстау ережелері бойынша
арнайы алдын алу сабақтары ұйымдастырылады
Қосымша білім беру және IT-лагерьлер
Алматыда жаз мезгілінде мектептен тыс қосымша білім беретін мекемелер базасында бейінді және көшпелі лагерьлер де іске қосылады.
Қайда ұйымдастырылады?
• «Шабыт» орталығы
• «Самғау» орталығы
• №1 Оқушылар үйі
• Екі инновациялық шығармашылық орталық
• Оқушылар сарайы және басқа да мекемелер
Бағыттары:
• IT және ғылымға қызығушылықты арттыратын лагерьлер:
Жобалық қызмет, тәжірибелер мен эксперименттер
• Шығармашылық бағыттағы курстар:
Шахмат, вокал, би, күрес, сахналық өнер және т.б.
Әр ата-ана баласының жазғы демалысының көңілді, пайдалы әрі естен кетпестей өтуін қалайды. Ал оны алдын ала ұйымдастыру және қауіпсіз өткізу ата-аналардың жауапкершілігі мен таңдауы.