Депутаттар қала тұрғындарының ұсынысына құлақ асып, спорт инфрақұрылымын дамытуға басымдық бергені жөн, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бүгін алматылық каратэші Дидар Әмірәлі Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты. Спортшы Д.Қонаев атындағы колледжде орналасқан №169 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Дидар Әмірәлі болашақ депутаттардың жұмысына қатысты ойын айтты. Спортшы үшін балалардың үйіне жақын жерде спортпен айналысуына көбірек мүмкіндік жасалғаны маңызды. Оның айтуынша, депутаттар қала тұрғындарының ұсынысына құлақ асып, спорт инфрақұрылымын дамытуға басымдық бергені жөн.
Дидар Әмірәлі WKF каратэден әлем чемпионаттарында екі мәрте қола жүлдегер атанған. Ол бұл жетістікке Будапешт пен Каир қалаларында өткен жарыстарда қол жеткізді. Сондай-ақ спортшының қоржынында Ханчжоуда өткен Азия ойындарының қола медалі бар.
Еске сала кетейік, Алматы мәслихаты депутаттарының сайлауы партиялық тізім және 21 бірмандатты сайлау округі бойынша өтеді. Барлығы 168 кандидат тіркелген, сайлауға төрт саяси партия қатысуда.
Сайлау учаскесінің мекенжайын @almaty_maslihat_2026 Telegram-боты немесе 109 бірыңғай нөмірі арқылы білуге болады.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.