ffin.kz

Бала тәрбиесі -  мектеп пен отбасына ортақ міндет

Бала тәрбиесі -  мектеп пен отбасына ортақ міндет almaty-akshamy.kz

«Шетел тәжірибесі негізінде құндылыққа бағдарланған білім мен тәрбие беру»



Біз өмір сүріп отырған уақыт – өзгермелі әлем. Өзгермелі әлем жаңалыққа толы. Әлем қанша өзгерсе де, мәні мен қажеттілігін жоймайтын, керісінше, талабы күшейетін,  әлемдік деңгейде назарда болатын бір нәрсе болса, ол – білім саласы.


 Оқу мен білім ұлтқа бөлінбейді. Әлемнің қай түпкірінде болса да ортақ өлшемі бар. Сондықтан, халықаралық деңгейде өркениеті мен білімі озық елдермен тәжірибе алмасу, ұтымды тұстарын тәжірибеге енгізу – заңдылық.


Осы мақсатта Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен Алматы қаласының бір топ мектеп директорлары Англия, Жапония елдерінің оқу, оқыту үрдісімен танысып қайттық.


Білім сапасы бойынша көш бастап келе жатқан Англия мен Жапония елдері мектепке дейінгі оқыту, бастауыш мектеп, орта білім, жоғары білім беру тәжірибелерімен бөлісіп, тиімді әдіс-тәсілдерінің нәтижесін көрсетті.



«Жақсыны көрмекке» демекші, өзімді толғандырған сұрақтарға жауап алып, керегін түртіп алып жүрдім. Түсінгенім, теориялық біліммен қатар оқушы бойына құндылықты қалыптастыруға баса назар аударады екен. Бұл біз үшін жаңалық емес. Дегенмен, техника мен технологияның дамыған кезеңінде білім алушылармен осы бағытта атқарылып келе жатқан дағдылы іс-шараларына көңілім толды.


Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім және ғылым» тамыз конференциясында: «Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді» - деген еді. Сол өзгерістерге дайын болатын кез келді.


Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Халықаралық деңгейдегі мақсатты тәжірибе алмасудан келе сала, №206 мектеп-гимназия ұжымымен ағымдағы оқу жылында Англия, Жапония елдерінің тәжірибесі негізінде мектеп-гимназияда атқарылатын жұмыстардың жоспарын құрып, жоспар бойынша іске кірісіп кеттік.


         Ондағы мақсатымыз көшірме жұмысымен айналысу емес. Озық елдердің әлемдік үздік тәжірибелерін қолдана отырып, білім беру саласына пайдамызды тигізу. Оқытып отырған, елдің ертеңі болар жас ұрпақтың білімді, ұлт құндылығымен қаруланған тұлға етіп даярлауда ұтымды әдістерді қолдану.


         Жоспарымыз төрт бөлімнен тұрады:



  1. Білім берудегі заманауи инновациялар бағыты



  • 4 «Ә», 4 «Б», 4 «В» сыныптарында математика пәнінен «А», «Б», «С» деңгейлеріне бөліп оқыту тәжірибесін іске асыру.



  1. Ұлттық, рухани құндылықтар бағыты



  • Рухани, ұлттық құндылықтарды жаратылыстану пәндеріне енгізу. Шеберлік сабақтары.

  • Рухани, ұлттық құндылықтарды гуманитарлық пәндерге енгізу. Шеберлік сабақтары.

  • Отан, ұлттық құндылық, еліне, туған жеріне деген махаббат тақырыптарында эссе байқаулары.

  • Тәрбие сағаттарын сынып жетекшілерімен бірге ата-аналардың өткізуі, ұлттық құндылыққа байланысты ғибратты әңгіме айту, тренинг өткізу, ойындар ойнату, ұлы тұлғалар туралы тарихи әңгіме, хикая айту, сахналау,т.б.



  1. Еңбекке баулу бағыты



  • «Таза бейсенбі» жобасы. Сыныптардың апталық кезекшілігі. Тақырыптық салтанатты жиындар өткізу. «1 аптада 1 кітап оқу» жобасы.

  • Көркем еңбек пәнінде оқушылардың жасаған бұйымдарынан мектеп фойелерінде көрмелер жасау.

  • Отан, ұлттық құндылық, еліне, туған жеріне деген махаббат тақырыптарында сурет байқауларын өткізу.



  1. Ұлттық ойындар.

  2. «Оқуға құштар мектеп» бағыты.



  • Оқушылар мен ұстаздардың жоспарлы кітап оқу.



Бұл жоспардың бір үлгісі ғана. Жоспар бойынша іс-шаралар оқушы мен педагогтер арасында  үздіксіз атқарылып келеді. Мәселен, 206 мектеп-гимназия Англия елінің ұлттық білім беру жүйесіндегі оқу процесінің ұйымдастырудың тиімді тәсілі ретінде КӨП ДЕҢГЕЙЛІ ОҚЫТУ тәсілін өз тәжірибемізге алдық. 4-сынып ұстаздары Мергенбаева Н.О., Малаева А.С., Кокымбекова М.К. биылғы 2023-2024 оқу жылында  4-сынып оқушыларымен математика пәнін оқыту процесінде тәжірибе жұмыстары жүргізілуде. Жекелеген пән бойынша 4-сынып математика пәнін таңдай отырып, 4 А, 4 Ә, 4 Б сынып оқушыларын алдын ала зерделенген тест нәтижесі бойынша әр түрлі деңгейдегі «А», «В», «С» топтарына біріктірілді. Әр сыныптың оқушылары өз сыныптарында оқуларын жалғастыра береді, ал гимназия компонентіне бөлінген уақытта аталған үш сыныптың оқушылары өз деңгейлері бойынша бірігіп, топпен білім алады. Бұл тәсілдің тағы бір маңызды аспектісі – әр топта әртүрлі әдістерді қолдану болып табылады. «С» тобы үшін оқушының аналитикалық ойлауын, түрлі мазмұнда, түрлі форматта берілген есептерді шешу үшін өзіндік шығармашылық көзқарастарын дамытуға бағытталған күрделі тапсырмалар ұсынылады. Оны шешудің түрлі моделдері талданады. «В» тобы үшін жетілдірілген оқу материалдарымен жұмыс жасалатын болса, «А» тобы үшін базалық білімді сауатты меңгертуге баса көңіл бөлінеді. Математиканы көп деңгейлі оқыту әр оқушының дамуына, әр оқушының әлеуетін ашуға жағдай жасауға бағытталған жүйе.


Рухани, ұлттық құндылықтарды жаратылыстану, гуманитарлық пәндерінде  енгізу бағытында ұстаздар оқу мақсатына сай теориялық біліммен қатар, өмірлік сабақ болар құндылықтарды оқушы бойына сіңірудің тиімді жолдарын көрсетіп, шеберлік сабақтарын өтуде. Ғұлама ғалым Әл-Фараби  айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ұлттық құндылық – тәрбиенің бастауы. Біздің мақсат та – осы.


 



Бала тәрбиесі -  мектеп пен отбасына ортақ міндет. Бүгінгі қоғамда ата-аналар жұмысбасты. Бала тәрбиесіне келгенде ақсап жататыны жасырын емес. Осы олқылықтың орынын толтыру үшін, сынып жетекші мен ата-ана бірлескен тәрбие сағатын ұйымдастыру да қолға алынды. Екі тараптан да қолдау жақсы. Ата-ана мен мұғалім біріксе, мақсатқа жету жолы жеңілдейді.



Ұлттық ойын,  киім,  ас,  салт-дәстүр, мәдениет – сол елдің тіршілік ерекшелігінен хабар беретін құндылықтар. Жоспардың негізгі бөлігінде дене шынықтыру сабақтары мен сыныптан тыс шараларда, театр үйірмесі, эстетикалық пәндер бірлестігі арқылы ұлт келбетін танытатын қоғамдық шаралар ұйымдастырылуда. Театр және кино өнерінің қайраткері –Тұңғышбай Жаманқұлов, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театр әртістері Әсет Иманғали, Жақсылық Тұрлығазы, тележүргізуші, ақын Бейбіт Сарыбай, шешендік өнерді насихаттаушы Жарқын Сәленұлы, ақын Ақберен Елгезек сынды бірқатар  танымал тұлғалармен жоспарлы кездесулер өтілді. Әр кездесудің ұлттық құндылықты дәріптеуде өзінің қосар  үлесі болды. 



Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Бала оқыту ісінде қателесуге болмайды. Сондықтан қолданатын әдіс-тәсілімізді, көрсететін үлгімізді, әлемдік деңгейдегі тәжірибені  ұлттың болмысына сай қолдана білуміз керек.


Англия, Жапония елдерінің тәжірибесі негізінде мектеп-гимназияда атқарылатын жұмыстардың жоспарын құрар да осы міндетті басшылыққа алдық.


Уақыт өткен сайын адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сандық ғасырда әлемде болып жатқан жаңалықтан кеш қалуға болмайды. Экономикасы дамыған, білімі жетілген ел қатарына қосылғымыз келсе, үнемі ізденіс үстінде болуымыз керек. Әсіресе, ұстаздар қауымы. Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен барған Англия, Жапония елдерінің білім саласы,  тәжірибесі, нәтижесі мені қанаттандырып қайтарды. Міндетім мен жауапкершілігім екі еселенді.


Алиакбарова Фатима, №206 мектеп-гимназия директоры











Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04