Алматы қаласында «Байқа! Алаяқ!» атты жаңа детективтік комедияның премьерасы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Фильмнің режиссері - Дархан Саркенов, ал жобаның инвесторы - Tolqyn Film Fund жеке киноқоры. Картина 19 наурыздан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады.

Фильм қазіргі замандағы өзекті тақырыпты - кибералаяқтық пен адамдардың сенгіштігін қозғайды. Оқиға желісінің ортасында - онлайн қылмыстармен күрес бөлімінде жұмыс істейтін полиция қызметкері. Алайда тағдырдың тәлкегімен оның өз ата-анасы алаяқтардың құрбанына айналады.
Tolqyn Film Fund бас директоры Эрнар Құрмашевтің айтуынша, фильм тек әлеуметтік мәселені көтеріп қана қоймай, нағыз отбасылық туындыға айналған:
«Көбіне онлайн алаяқтардың құрбаны қарт жастағы адамдар болып табылады. Бұл фильмде - дәл сондай оқиға. Сюжет бойынша ата-ана балалары жинаған ақшаны алаяқтарға беріп қойып, кейін бәрін өздері түзетуге тырысады. Егер фильм кем дегенде бір адамды алаяқтардан сақтандырса — демек, ол бекер түсірілмеген», - дейді Құрмашев.
Қазақстандағы венчурлық модель бойынша толықметражды фильмдерге инвестиция салатын алғашқы жеке киноқор үшін бұл - екінші жоба. Алғашқысы – режиссер Әлішер Өтевтің “Дәстүр: Теріс бата” фильмі, ол прокатта 876 млн теңге жинаған. «Байқа! Алаяқ!» фильмінен де осындай жоғары нәтиже күтілуде.
Көрермен қызығушылығын режиссердің аты да арттырып отыр. Дархан Саркенов - отандық киноның ең өнімді режиссерлерінің бірі. Тек өткен жылдың өзінде ол жеті фильм түсіріп, соның ішінде “Қолыңнан келсе алып қаш” атты хиті прокатта миллиардтан астам табыс тапқан.
Фильмде Қуандық Шәкіржанов (“Жас емес жұбайлар”), Бақыт Әліпбаева (“Күшік құда”), Жазира Еркін (“Қызым”), Бексұлтан Піләл (“Патруль”) және Жахан Отарғалиев (“Джохан”) ойнайды. Бексұлтан үшін бұл жоба ерекше маңызға ие:

«Бұл - менің басты рөлдердің бірін сомдаған алғашқы ірі жобам. Мен алаяқтарға қарапайым адамдар арасынан құрбандар табуға көмектесетін дропперді ойнаймын», — деді ол.
«Байқа! Алаяқ!» фильмі 19 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде.
