37 қылмыстық іс қозғалған.
Бейбіт шеруге қатысушыларды азаптаған полицейлердің ісімен ANTIKOR айналысып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Turkystan.kz сілтеме жасап.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі бүлікшілерді анықтап, жазалау мақсатында жүргізіліп жатқан құқықтық шаралар барысында асыра сілтеуге жол берілгені белгілі. Ұсталғандарды азаптауға қатысты қозғалған қылмыстық істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы облыстық департаменті жүргізіп жатқаны белгілі болды. Ведомство бастығының орынбасары Дулат Мадияровтың айтуынша, бүгінде дәл осы бап бойынша 37 қылмыстық іс қозғалған.
«Келіп түскен жәбірленушілердің өтініштерінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан азаптауға ұшырағаны жайында айтылған. Яғни, олардың барлығында қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде азаптаулар жасалғаны баяндалған. Полиция және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бұл әрекеттеріне жәбірлеушілердің қорғаушылары, туыстары, ата-аналары өтініш білдірді. Сонымен қатар, күн сайын жүргізілетін қажетті тергеу әрекеттеріне БАҚ мониторингі жасалуда. Қазіргі уақытта тергеудің жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін бірқатар тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Дулат Мадияров.
Жалпы, Алматы облысында қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 409 қылмыстық іс тергелуде, оның ішінде 158 іс ұрлыққа, 191 іс қаруды заңсыз сақтауға 11 іс терроризмге, 3 іс жаппай тәртіпсіздік және 3 іс кісі өлтіру бабына қатысты қозғалған.
Бүгінге дейін осы ұсталғандардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, 60-тан астам тұлғаға қатысты іс жеңілдетілген. Олардың деніне қоғамнан оқшаулау бабынан тыс түрлі бұлтартпау шаралары қолданылып отыр екен. Тергеу нәтижелері бойынша жазаны жеңілдету мақсатында 93 апелляциялық өтінішхат енгізіліп, сот тарапы прокурордың актілерін қанағаттандырыпты. Нәтижесінде 71 адам қамаудан босатылып, 22 адамға салынған айыппұл ескертуге ауыстырылды. Прокуратураның дерегіне сенсек, қазір облыс аумағында әкімшілік іс бойынша қамауда отырған адамдар жоқ екен.