Алматыда Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды. Жаңа ҒЗИ Қазақстанның азаматтық авиациясы алдында тұрған қолданбалы ғылыми және технологиялық міндеттерді шешу үшін отандық ғылымның, авиация саласының және халықаралық серіктестердің мүмкіндіктерін біріктіруге бағытталған.
Институттың құрылуы Қазақстанда өзіндік авиациялық зерттеулер жүйесін қалыптастыру және Мемлекет басшысының отандық авиация ғылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жолындағы маңызды қадам болды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Көлік министрлігінің қолдауымен Академия базасында жаңа ҒЗИ-дың ұйымдастырушылық және ғылыми-зерттеу негізі қалыптастырылды.
![]()
Институттың ашылуы аясында Академия Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен және бейінді ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастығын нығайтты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев іргелі ғылымды авиация саласының практикалық қажеттіліктерімен ұштастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің миссиямыз ұлттық іргелі ғылымды саланың қолданбалы қажеттіліктерімен байланыстыру», - деді Асқар Жұмаділдаев.
![]()
Азаматтық авиация академиясының ректоры Дәулет Мамеков атап өткендей, ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық меморандумдарға қол қоюмен ғана шектелмеуі тиіс.
«Бізге жұмыс істейтін ғылыми кооперация қажет. Келісімге қол қойылғаннан кейін негізгі жұмыс басталуы керек: нақты міндеттерді анықтау, әр серіктестің зертханалық базасының мүмкіндіктерін бағалау, зерттеу топтарын қалыптастыру және алғашқы бірлескен жобаларды дайындау қажет», - деді ректор.
![]()
Оның айтуынша, осындай нақты жобалардың қалыптасуы құрылған модельдің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің біріне айналады.
Болашақта бір ғылыми міндетті шешуге Азаматтық авиация академиясы, бейінді ғылыми-зерттеу институты, шетелдік университет және авиация саласының кәсіпорны бірлесіп қатыса алады. Академия саланың проблематикасын түсінуді және мамандар даярлауды қамтамасыз етсе, ғылыми институттар зерттеу сараптамасы мен зертханалық базаны ұсынады. Халықаралық серіктестер қосымша ғылыми және технологиялық тәжірибемен бөліседі, ал кәсіпорындар нақты практикалық міндеттерді қойып, алынған нәтижелерді сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
![]()
Бұл модельде халықаралық ынтымақтастыққа да ерекше мән беріледі. Академияның Қытайдың Азаматтық авиация университетімен (Civil Aviation University of China, CAUC) серіктестігінің алғашқы практикалық нәтижелерінің бірі — «Азаматтық авиацияның қауіпсіздігі және интеллектуалды технологиялары» бірлескен ғылыми-зерттеу зертханасының құрылуы.
Зертхананы құру туралы келісімге 2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары аясындағы іс-шаралар барысында Шанхай қаласында қол қойылды. Бүгінде бұл уағдаластық нақты іске асып, бірлескен зертхана Академия базасында ашылды.
Зертхана бірлескен зерттеулер жүргізуге, халықаралық ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ оқытушыларды, зерттеушілерді, магистранттар мен докторанттарды ғылыми жұмысқа тартуға арналған алаңға айналады.
Бұл тәсілдің перспективалылығын Қазақстанның Авиация әкімшілігінің Бас атқарушы директоры, Басқарма төрағасы Майкл Дэниел атап өтті.
«Қазақстан жаңа шешімдер зерттелетін, сынақтан өткізілетін және халықаралық серіктестермен бірлесіп одан әрі дамытылатын алаңға айналу үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Қазақстан авиациялық реттеуді дамыту тұрғысынан өте қолайлы позицияда тұр», — деді Майкл Дэниел.