Ауғанстандағы жағдайды бүкіл әлем бақылап отыр.
Қазіргі Ауғанстандағы жағдайды бүкіл әлем бақылап отыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек. Ауғанстандағы азаматтық соғыс ресми билік басына тәліптердің келуімен аяқталды. Елдегі қарапайым халық тәліптерден бас сауғалап, жан-жаққа қашып жатыр. Енді ауған халқының жағдай қандай болмақ? Радикалды топтың күшейіп, бір елді басып алуы, билік басына келуі Орта Азия елдеріне ғана емес, жаһандық тұрғыда қауіп төндірмей ме? Осы сынды сұрақтарға қатысты АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер «Алматы» телеарнасына арнайы сұхбат берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
- Алғашқы сұрақ Ауғанстан жағдайына қатысты болмақ. Ауғанстан – діни экстремизм, есірткі тарату қаупі жағынан Орта Азиядағы ең түйткілді аймақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ауғанстандағы жағдай, жалпы әлемдегі шиеленістің өсуіне байланысты назар аударды. Радикалды топтың күшейіп, бір елді басып алуы, билік басына келуі Орта Азия елдеріне ғана емес, жаһандық тұрғыда қауіп төндірмей ме?
- Әйгерім, Ауғанстандағы жағдай мені де қатты алаңдатады. Ауғанстанның жағдайын, оның Қазақстандағы, басқа елдердегі серіктестерімізге қалай әсер ететінін ойлап уайымдаймын. Себебі біз Орталық Азия елдерінің әрқайсысымен қарым-қатынасымызды ерекше бағалаймыз және ол елдердегі қауіпсіздік пен тұрақтылық мызғымайды деп үміттенеміз.
Осы күнгі Ауғанстанға байланысты көзқарасымызға тоқтала кетейін. Біз Ауғанстанда Талибанның бар екенін мойындаймыз. Дегенмен олар Ауғанстанда баршаға бірдей мүмкіндік беретін, бүкіл Ауғанстан халқының пайдасына қызмет ететін үкімет құрса дейміз. Осы себепті біз Біріккен Ұлттар Ұйымындағы серіктестерімізбен бірігіп, 30 тамыз күні Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясын қабылдадық. Ол резолюция Ауғанстан үкіметін инклюзивті болуға және Ауғанстанның террористік топтарға пана болуын тоқтатуға шақырады. Осы типтес шаралардың арқасында ғана Ауғанстан тұрақты ел құрып, Орталық Азияға кері емес, оң әсерін тигізе алады деп ойлаймыз. Халықаралық серіктестерімізбен бірге біз Ауғанстаннан осындай шараларды күтеміз және дипломатиялық байланысымызды жалғастырамыз.
- Бірақ тәліптермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату мүмкін екеніне сенесіз бе?
- Мен былай дер едім, Әйгерім. Мен кәсіби дипломатпын. Дипломат болып жұмыс істегеніме 30 жылдан асты. Әрі мен үзбей қарым-қатынаста болудың маңызы зор екеніне қашан да сенген адаммын. Қандай да бір үкіметпен келіспеушіліктің болғаны онымен байланысты үзу керек деген сөз емес. Тағы бір қайталап айтарым және бұны ерекше басып айту қажет, біз Ауғанстан үкіметін, Талибанды мойындауымыз мүмкін, мойындамауымыз да мүмкін. Дегенмен дипломатиялық байланысымыз тоқтайды деген сөз емес. Себебі біздің қазіргі ұстанымымыз Талибанмен келіссөзді жалғастыру, әсіресе, осы күні Қатарда орналасқан Ауғанстандағы дипломатиялық миссиямыз арқылы байланыста болу. Олар сол жердегі Талибан өкілдерімен байланыста болады және әлемдегі басқа да алаңдар арқылы олармен келіссөзді тоқтатпаймыз.
Жаңа айтқанымдай, үкіметті мойындамау онымен байланысты тоқтатумен пара-пар нәрсе емес. Оның үстіне, біз Ауғанстан халқының болашағы жарқын болса деп тілейміз. Сондықтан қарым-қатынасымыздың болуы өте маңызды. Уақыт өте келе, Талибан үкіметімен байланысымыз нәтижелі болады деп үміттенемін және ол бәріміз күтіп отырған инклюзивті үкімет болса деп үміттенемін.
- Ал, талибан режимімен келіспейтін, бірақ елде қалған ауғандар туралы не дейсіз?
- Талибанмен келіссөзді тоқтатпауымыз керек деуімнің себебі де осы. Өйткені АҚШ пен НАТО өкілдері елден кеткеннен кейін Ауғанстан азаматтарының еркін жүріп-тұруына рұқсат берсе дейміз. Яғни Ауғанстанда өз болашағын құра алмаймын дейтін адамдардың ол елден кетуге мүмкіндігі болуы керек. Бұл жолдың ашық болып қалуы, біздің ойымызша, өте маңызды. Бұл мәселе біздің Талибанға қатысты стратегиямыздың бір бөлігі. Бүгін әуежайдың коммерциялық әуе компаниялары үшін қайта ашылғанын естіп қуандым. Себебі әуежайдың коммерциялық әуе қатынасқа осылай тез арада қайта ашылуы үкіметтің әлеммен байланысты үзбеуге деген ниеттің бар екенін білдіреді. Біздің ендігі қалауымыз – үкіметтің өз халқымен де дұрыс қатынас орнатып, келіп-кетуіне кедергі жасамауы.
- Ауғанстаннан алып кетуін өтініп жатқандар өте көп, жалпы АҚШ Ауған босқындарына есігін ашуға дайын ба?
- Ауғанстан азаматтарының АҚШ жеріне кіруі біздің елдегі заң талаптарына сай жүзеге асуы керек. Біз Ауғанстанда болған жиырма жылда бізбен жұмыс істеген ондаған мың ауған азаматына АҚШ-қа баруға рұқсат бердік. Ол азаматтар арнайы иммиграциялық виза деп аталатын виза алуға құқылы. Айтпақшы, олардың мыңдағаны осы күні АҚШ-қа барып үлгерді. Кейбірі басқа елдерде визасын күтіп отыр. Бұл азаматтарға ештеңе кедергі болмайды. Бұдан бөлек, саяси баспана сұраушылар тобы бар, олар АҚШ заңы бойынша ол мәртебеге ие болу үшін қойылатын талаптарға сай болуы тиіс. Ол процессті бір сұхбат ішінде түсіндіріп шығу өте қиын. Тоқ етері осы – кейбір азаматтар АҚШ-қа кіруге рұқсат ала алады, бірақ оның барлығы заңға сәйкес жүзеге асады.
- Ауғанстанда 20 жыл тұрып, жергілікті халықпен етене жақын араласқан америкалықтарға АҚШ-қа оралудың өзі оңайға соқпағанын естіген едім, рас па?
- Иә, ол рас. Ауғанстан тұрғындарына бауыр басып қалған америкалықтар бар. Олардың АҚШ-қа оралғандағы күйі туралы БАҚ-та көп жазылды. Алайда мынаны айтып өткен орынды деп ойлаймын. Президент Байден 20 жылда біз Ауғанстандағы мақсатымызды орындадық деп анық айтты. Біз онда Әл-Каида тобынан төніп тұрған террористік қатерді жою үшін бардық. Осама бен Ладен өлтірілгеннен кейін онда қалуымыздың түпкі себебі қалмап еді. АҚШ әскерінің ол жерден кетіп, ауған халқының тағдырын өз қолына тапсыратын уақыт тіпті өтіп кетті. Ауған халқымен жақындасып кеткен америкалықтардың күйін түсінемін, бірақ Америка Құрама Штаттары өз стратегиялық мақсаттарын ойлауы керек екені айдан анық. Елдегі стратегиялық мақсаттарын орындаған болса, онда АҚШ әскерлерін ұстауға ешқандай негіз қалмады.
- Осыдан 20 жыл бұрын мен 1-курс студенті едім, 2001 жылы қыркүйекте болған Нью-Йорктегі жағдай әлі көз алдымызда. Сол сәттен бастау алған лаңкестікпен күреске биыл АҚШ нүкте қойды. Яғни 20 жыл бойы аймақта тәртіп орнатуды мақсат тұтқан НАТО-ның бұл елден кетуі оның өз миссиясын орындай алмауы емес пе? Ресми ұстаным қандай?
- Менің ойымша, бұл біздің стратегиялық мақсаттарымызды қате түсінгеннен шыққан тұжырым. Себебі Америка Құрама Штаттарының стратегиялық мақсаты Ауғанстанды қайта құру болмады. Ол реалистік мақсат болмас та еді. Біздің қамтамасыз еткіміз келетін нәрсе – Ауғанстанның терроризм ошағына айналмауы. Біз ауған халқы соңғы 20 жылда қол жеткізген жетістіктерін жоғалтып алмаса дейміз. Дипломатиялық қатынасты жалғастырғымыз келетіні де сол себептен. Бірақ, сайып келгенде, Президент Байден Ауғанстандағы шынайы стратегиялық мақсатымызды тәптіштеп талдап берді. Оның басты тұжырымы, менің ойымша, көп сұраққа жауап береді: біз алға қойған мақсатымызды орындадық, енді ауған халқының өзі қалайтын қоғамды құру үшін қажетінше әрекет ететін уақыты келді.
Тура қазір болашаққа үңілу қиын, ешкім құмалақ ашып айтып бере алмайды. Бірақ менің айтарым – бүгінгі ауған халқы 20 жылдан бұрынғы ауған халқынан бөлек, 20 жыл бұрын Талибанның қандай болғаны осы күнгі ауған жастарының есінде жоқ. Сондықтан бұл жолғы жағдай өзге болады деп ойлаймын, қазіргі әлемнің өзі де өзара тығыз байланыста.
20 жыл бұрын студент болсаңыз, есіңізде шығар. Интернет бар болса да, сапасы нашар болған шығар деп ойлаймын. Мен 1999 жылы Қазақстаннан кеткенде, елдегі ең жылдам интернет менде болды. Себебі маған ол кезде арнайы телефон желісін қосып беріп еді. Ол кез үшін оның сапасы тамаша еді. Соның өзінде ол кездегі ақпараттың тарау жылдамдығы біздің бүгінгі қолымызда бар мүмкіндіктерге жетпейтіні сөзсіз.
Ол байланыс мүмкіндігі ауған халқында да бар, сондықтан ауған жастарының болашаққа деген көзқарасы да өзгерді деп ойлаймын.
- Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Жақында ғана Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ Президенті Джозеф Байденнен құттықтау хат келіп түсті. Осы Семей полигонына нүкте қойған Елбасының рөлін қалай бағалайсыз?
- Иә, мен осында елші болғалы бері Елбасы Назарбаевтың 1991 жылы тамыз айында Семей полигонын жабу туралы шешімінің қандай батыл әрекет болғанын әрдайым айтып келемін. Шынында, бұл қадам Қазақстанның ядролық қаруды таратпауда әлемнің көшбасшы елдері қатарына қосылатынын сол кезде-ақ көрсетті.
Қазақстанды біз сол кезде ядролық полигон инфрақұрылымы мен ядролық қарудан бас тартып, оны жою – бейбітшілікке апаратын жол екенін басқа елдердің есіне салатын дабылшы ретінде көрдік, әлі де солай қабылдаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы саладағы жетістіктеріне қарасақ, Қазақстан, шынында да, әлемдік қауіпсіздік пен әлемдегі бейбітшілік үшін күресте ерекше орынға жетті.
- Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр, сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына да 30 жыл. Екі ел арасындағы ынтымақтастықта қай бағыттарға басымдық беріледі?
- 30 жыл бұрын желтоқсан айында Кристмас мерекесінде президент Джордж Буштың айтқаны бар: біз тәуелсіз, егеменді және территориясы дербес Қазақстанды қолдаймыз. Содан бері біздің әр жобамыз дәл осы мақсатты көздеп келеді. Яғни, Қазақстанның тәуелсіз, егеменді, және территориясы дербес болуы. Мәселен, Қазақстанда тегін ағылшын курстарын ұйымдастырғандағы мақсатымыз – тәуелсіз қазақстандықтардың әлеммен араласуы, өзінің ерекшелігімен елді әлемге танытуы. Сонымен қатар, заң саласындағы жобаларымыз – зайырлы елдің құқықтық жағынан мықты болуы,немесе қоршаған ортаға арналған бағдарламаларымыз Қазақстанның ең жайлы жер болуына қосқан үлес деп білеміз. Осындай жобалардың барлығы Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға, егемендігін еселеп, дербес ел екендігіне күш салып келеді. Яғни, 30 жыл бұрынғы алға қойылған мақсат-міндет өз деңгейінде орындалып келеді. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын және екі ел арасындағы 30 жылдық мерейтой да осы ұстанымды тағы да нықтай түспек.
- Сіз осыған дейін Қазақстанда, Алматыда дипломатиялық миссия бойынша қызмет еткен едіңіз. Араға біраз жыл салып, Қазақстанға елші болып оралдыңыз. Кешегі Алматы мен бүгінгі Алматының келбетін салыстырайықшы.
- Иә, әрине, мен үшін таңқаларлық айырмашылық бар. Мен сізге бір қызық айтайын, мен 1996-1999 қызмет еткен жылдары Алматыда мейрамхана аз еді, ал қазір дәмі тіл үйіретін, келбеті көздің жауын алатын мейрамханалардың түр-түрі бар. Қонақүй саны да саусақпен санарлықтай еді. Ал, қазір Алматы көшелерінде бірінен бірі өткен қонақүйлер, мейрамханалар көп. Ал, 90 жылдары да Алматы көз тартарлық болатын, дегенмен көрнекі жерлер дәл бүгінгідей емес еді. 2019 жылы сәуір айында Алматыға бір конференцияға келген едім, сол кезде қаладағы орталық арбатта серуендедім, сол кезде байқағаным, Алматы Еуропаға айналған. Балалар ойнап жүр, тұрғындардың жүздері жылы, қаладағы ауа райы, осының бәрі Алматы құлпыртып тұрғандай. Сонымен қатар, 1996 жылдардан бері Алматы кеңейе түскен, ал Алматының тауларына, әрине, сүйсінуден басқа айтарым жоқ. Сондықтан бұл әр қазақстандық Алматыны мақтан тұтуы керек. Өйткені Орталық Азияның мәдени астанасы – Алматы дер едім.
Алматының алмасы қандай? Қазір бұрынғы апорт жоқ десе де, алмасының дәмі ерекше. Менің балаларымның балалық шағы дәл осы қалада өтті. 1996 жылдары балаларым 4, 6 және 8 жаста еді. Олар Шымбұлақта шаңғы тебуді үйренді, бүгінде сол жылдарды сағынышпен еске алады. Жазда саябақта серуендеп, қала сыртында атқа мінуші еді. Жақында мен Панфилов көшесінің бойымен қыдырып, сол жылдарды еске алдым. Біз тіпті әйеліммен үйленген күнді, мерейтойды қазан айында Қапшағайда атап өткен едік. Алматыда болған 3 жылды өміріміздің керемет жарқын шақтары десем болады.
- Жақында қала күні, дәл қазір біздің эфир арқылы алматылықтарды құттықтасақ.
- Мен Алматының бүкіл тұрғын және барша қазақстандықты қала күнімен құттықтаймын. Алматы – керемет қала, әр қазақстандық Алматыны мақтан тұтуы керек.