Әр қазақтың жүрегінен орын алған, қазақ мәдениеті мен руханиятының үніне айналған «Шалқарға» 60 жыл толды. Бастапқы кезеңдерде тәулігіне екі сағат қана хабар таратқан радио қазір күніге 18 сағат әуе толқынында. Хабарлары ел тұрғындарының 73%-ын қамтиды. Шетелдегі қазақ диаспорасы да тыңдайды.
«Шалқар» – дәстүр мен заманауи медианы ұштастырып отырған радио. Радио ғана емес, қазақтың үнін тыңдарманға жеткізетін мәдени институт десек қателеспейміз. Ұлттың үнбайрағын биікке көтеріп жүрген жанкешті радиожурналистерінің арасында ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлбану Алпамысқызының да еңбегі өлшеусіз. Оның радио әлемінде жүргеніне - 30 жыл.
...Әкесі Алпамыс қарапайым жұмысшы болғанымен, кітапты көп оқитын. Ауыл кітапханасында оқымаған кітабы қалмаған соң, ауданнан тапсырыспен алдыртатын. Анасы бастауышқа сабақ берді. Үйге газет-журналды көптеп жаздырып алып отыратын. Олардың ішінде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Балдырған» мен «Пионер» (кейін «Ақ желкен» болды) журналдары міндетті түрде болатын.
Гүлбану үйдің тұңғышы болды, әжесінің бауырында өсті. Аңыз-әңгіме, ертегілерді көп тыңдайтын. Соның да әсері болды ма, 3-сыныптан бастап «Балдырғанның» соңғы бетіндегі суреттерге өз бетінше әңгіме құрастырып жаза бастады. Уақыт өте келе мектепте болып жатқан іс-шараларды бүге-шегесіне дейін жазып, газетке жолдайтын болды. Жарияланса, бәріне мақтанатын. Ал 7-сыныптан журналист боламын деп, жазуды қолға алды. Аудандық, облыстық газеттерден бастап, сол кездегі «Жас алаш», «Мәдениет және тұрмыс» (кейін «Парасат» болды), «Қазақ әдебиеті», «Дружные ребята», Ресейден шығатын «Пионерская правда» газетіне де мақала жолдайтын.
Қаламды серік ете бастағанын байқаған әкесі оны Алматыдағы Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп-интернатқа (Абай атындағы дарынды балалар мектебі) алып келді. Бір Жамбыл облысының өзінен 19-20 бала екен, соның екеуі ғана өтеді деді. Үлкен тартыспен байқаудан өтіп, мектепке қабылданды.
Ал радиоға деген әуестігі қашан оянды? Ауылда бес сомдық радио ас бөлмеде үнемі саңқылдап тұратын. Ерден атайдың ертегілерін тыңдап, Жұмбақбай атайдың жұмбақтарын шешіп, хатқа түсіріп, пошта арқылы жіберетін. «Бірнеше баланың ішінде Гүлбану Мұхтарқұлова да дұрыс жауабын жолдапты» деген бірауыз сөзді есту үшін, радионың жанынан шықпайтын.
1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, 1996 жылы радиожурналист мамандығы бойынша бітіріп, сол жылы Республикалық Қазақ радиосына аға редактор қызметіне қабылданды. Студент кезінен Қазақ радиосымен тығыз байланыста болып, түрлі балалар хабарларын жасауға атсалысты.
Радиодағы тікелей ұстазы Қымбат Әбілдақызына алғысы шексіз. Сол кездегі салмағы ап-ауыр «R-7» репортёрін қалай пайдалану керектігінен бастап, үйреткені көп болды. Балабақша, мектептерге бірге ертіп апарып, баламен қалай сөйлесу қажет, қандай сұрақ қою керектігіне дейін түсіндіретін.
Режиссерлер Ақбол Өмірзаққызы мен Болат Түлкібаевтың да жастарға үйреткені көп. Кейде сөйлеу барысында дыбыс дұрыс шықпаса, үндестік заңына мән бермей сөйлей қалса, орта жолдан тоқтатып қойып, дұрыс сөйлемейінше қайталата беретін.
Ол радио – екінші отбасым, тіпті үйім деп айтқанды артық көрмейді. Өйткені, таңертеңнен қас қарайғанға дейінгі барлық уақыты осында өтеді. Тіпті таңғы эфирден түнгі эфирге дейін үздіксіз әуе толқынына шығатын кездері де болды. Диктор Омархан Қалмырзаев, Бүркіт Бекмағамбет, Аманжан Еңсебайұлы, Болат Біжібаев ағалары, Ұлжан Пармашқызы эфирге шыққанда қате жіберіп қойып жатса, қалай айтылу керектігін баппен отырып түсіндіретін. Марқұм Дүйсенбек Қанатбаев, Тыныс Өтебаев, Нұртілеу Иманғалиұлы ағалары кездескен жерде «сенде нағыз радиоға тән қоңыр дауыс бар» деп үнемі мақтайтын. Жас маманға одан сайын шабыттану қандай керемет сезім еді десеңізші!
Ең алғаш тікелей эфирге шыққан күні де әлі есінде. Бөлім басшысы Бақыт Досымов желтоқсанның соңында кабинетке келді де, қаңтардың басында тікелей эфирге шығасың деді. Қатты жүрексінді. Сөйтіп Жаңа жылды ұйқысыз қарсы алды. Сонымен аңқылдаған ақжарқын журналист-жазушы ағасы Серік Әбдірайымұлымен сұхбаты сәтті шықты. Ол хабарда өзі басқарып отырған «Санат» баспасы және сонда жарық көрген қазақ кітаптары туралы айтты. Студиядан шықса, Қымбат ұстазы бастаған баладай аңғал Қасағасы – Қасымхан Ерсарин, Әлімжан Сабыржанұлы бар, бір топ аға-апасы қарсы алып, құшақтап, құттықтап жатты. Әлімжан ағасының «Қара қыз, еш саспадың» дегені, Қымбат апасының «мен қара қызыма сендім» деген жылы сөздерін қалай ұмытар?!
Кейіннен Серік Әбдірайымұлы Қазақстанның халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» шипажайында ем алып жатқан жеріне ертіп апарды. Жас маман Гүлбанудың қолында дәу репортер. Бір жарым, екі сағатқа дейін сұхбат алды. Микрофон ұстаған нәзік білегінің талғанына қарамастан, соңына дейін жазып алып, оны таспаға түсіріп, көлемді хабар жасады қаршадай қыз. Кейіннен Серік ағасы қоғам қайраткері Асанбай Асқаровты студияға шақырып, тағы да бір сағатқа жуық сұхбат алды. Хабар эфирге шықты, бірақ өкінішке орай, сол таспаны кейіннен таппай қалды. Ол жылдары қазіргідей компьютер жоқ, кезекке тұрып жазғандарын машинкаға тергізетін. Ал қазір барлық жағдай жасалған, әрқайсысында бір-бір компьютер, өздері сұхбат алып, өздері таспаға түсіреді. Өздері монтаждайды. Бұрынғыдай дикторға оқыту деген жоқ, өз жазғандарын өздері оқып, саунд операторға тас-түйін дайындап, тек хабарды жинауға барады. Ал кезінде сұхбатты репортермен жазып келетін, операторға барып, оны бабинаға көшіртетін. Артық сөздерін бірге отырып алып, қайшымен қиып, желіммен жапсыратын. Кейін бір таспадан келесі таспаға магнитті түрде көшіретін. Міне, кейінгі толқын осының бірін де көрмеді.
Таңғы эфирді жүргізіп жүргендегі мына бір оқиға есінен кетпейді. Ақпараттың соңында ауа райы туралы мәліметте «Қазгидромет» Алматыда күн ашық, осынша градус жылы деп берген екен. Соны оқып болып студиядан шыққан сәтінде жұмыстың телефоны шырылдап қоя берді. Тұтқаның арғы жағындағы тыңдарман бейтаныс әжей: «Айналайын, қарағым Гүлбану, жаңа ғана қар жаумайды деп едің. Алматыда қар жапалақтап тұрып жауып жатыр», – дегені. Жүгіріп барып терезеге үңілсе, расында қар борап тұр. Әуе толқынынан берілген әннен кейін қайта шығып, ауа райын түзеп айтқан кезі болған-ды.
Осы ретте салалық журналистика жайлы айтып кетер болсақ, Гүлбану Алпамысқызы талай жылдан бері медицина саласын жазып жүр. Радионың “дипломсыз дәрігері. Әлі есінде, 1998 жылдары «Дәрігер кеңесі» айдарында екі-үш минуттық таспа үшін қара терге түсетін еді. Себебі, дәрігер қазақша түсіндіріп айтып бере алмайды. Сол айтатын сөзін алдымен орыс тілінде жеткізеді де, оны Гүлбану аударады. Сол аударманы дәрігердің ежіктеп оқып бергенін эфирге шығарған күндер де болды. Ал қазір 30 минут емес, сағаттап сұхбат алсаңыз да, дес бермей сөйлеп шығады дәрігерлеріміз. Осы Қазақ радиосында шыққан «Денсаулық» хабары «Сорос Қазақстан» халықаралық қоры ұйымдастырған Республикалық байқауда бас жүлде алып, Польша еліне он күндік жолдама ұтып алғаны бар Гүлбанудың. Дәл осы хабары бір емес, бірнеше байқауда бірнеше мәрте жүлделі орын алды.
Еліміздің өнер, әдебиет, мәдениет саласында ізі, қолтаңбасы қалған талай тұлғамен сұхбаттасқан сәттері де әлі күнге жадында сайрап тұр.
Бірде журфактағы ұстазы, сатира сардары Темірбек Қожакеевті Күлкі күніне орай тікелей эфирге шақырды. Оқытушысы айналдырған жарты сағатта қара терге түскені есінде. Эфирден шыққан соң: «Әй, қу қыз, оқуда жүргендегі есеңді қайтардың ба?», – дегені бар-ды. «Ағай, сіз мыңдаған студенттің алдында сөйлеп жүрсіз ғой», – дегенінде, «Мына қара микрофонның мысы басады екен» деп езу тартқан еді аяулы ұстазы.
Тікелей эфирге грек-рим күресінің палуаны, Халықаралық спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш чемпион Жақсылық Үшкемпіровтей тұлғаны шақырған сәті де есінде. Чемпионға бір апта бұрын хабарласып, 50 минуттық «Қазақ спорты» хабарына шақырып, күні мен уақытын келісіп алды. Алдын ала сұрақтарын да жұптап қояды. Эфир кешкі тоғызда шығатын еді. Гүлбану түстен кейін кейіпкерінің есіне салып қояйын деп қоңырау шалса, Жақсылық Үшкемпіров «есімнен шығып кетіпті, мен Шуда жүрмін» деген ғой. Гүлбану Алпамысқызы шырылдап қоя берген. «Аға, бұл тікелей эфир, кестеде сіз тұрсыз. Эфирге шықпасақ, мен сөгіс аламын», – дейді есі шығып. Содан марқұм Жақсылық Үшкемпіров ұшып отырып көлікпен Шудан Алматыға эфирге бес-он минут қалғанда жеткен. Міне, адамгершілік, биіктік! Осыдан бес-алты жыл бұрын «Дода» хабарын жүргізгенінде, талай спортшыны шақырғаны бар. Келемін деп келісіп алып, ал эфир күні «уақытым болмады» деп келмей қалғандары да көп болған. Ал Гүлбану Алпамысқызы адами құндылықты әркез жоғары қоятын кейіпкерлеріне қарап бойын, ойын түзеуді ешқашан ұмытпады. Гүлбану Алпамысқызы 1996-1998 жылдары Қазақ радиосының «Жастар және балалар» редакциясында аға редактор болып еңбек еткен. 1998 жылдан таңертеңгілік «Қайырлы таң» бағдарламасының тұрақты жүргізушісі болған. Сондай-ақ, сол жылдары Қазақ радиосында «Дәрігерлік кеңес», кейіннен «Денсаулық» хабарын ашқан, қазір редакторы әрі жүргізушісі. «Ақ босаға», «Нашақорлық – ғасыр індеті», сонымен қатар Қазақ радиосы мен «Шалқар» ұлттық арнасынан тұрмысы төмен, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, өмірдің теперішін көп көрген жандарды қатыстыра отырып дайындалатын «Бәрі жақсы көрінер алғашқыда» хабарының редакторы. «Сәлеметсің бе, жас толқын!», балаларға арналған «Балауса», «Адам құқы» т.б хабарларының авторы. Жұма сайын жүретін екі сағаттық «Менің Қазақстаным» хабарлар топтамасының жауапты редакторы болды. 2010 жылға дейін экономика және әлеуметтік бағдарламалар Бас редакциясында шолушы-редактор қызметін атқарды. Ал 2010 жылдан аптасына екі рет Қазақ радиосының тікелей толқынында жүретін «Заң және қоғам» хабарын және халқымыз үкілеп, болашағынан үміт артып отырған дарынды жастарымыздың еңбегін дәріптейтін «Үкілі үміт» хабарын тұрақты жүргізді. Осы уақыт аралығындағы еткен еңбегі бағаланып, 2011 жылы Қазақ радиосының «Үздік қызметкері» төсбелгісін иеленді. 2012 жылдан «Бүгінгі Қазақстан» радиожурналын әуе толқынына әзірлеп, 2013 жылдан елбасы жолдауына байланысты «Қазақстан - 2050» бағдарламасын дайындап, жүргізді. 2014 жылдан тұрақты жүргізетін бағдарламалары: «Бірінші байлық», «Қарттарым, аман-саумысың» хабары. Сондай-ақ, «Шалқардан» «Алматы түні» бағдарламасын әр бейсенбіде дайындап, эфирге шығарды. Бүгінде «Шалқар» радиосы арқылы сәрсенбіде «Жәдігер» хабарын дайындаса, әр сейсенбі тікелей эфирде «Түскі әуен» ақпаратты-сазды, танымдық бағдарламасын жүргізеді. Сонымен бірге бейсенбі сайын тікелей эфирге шығатын жарты сағаттық «Бүгінгі сөз» хабарына медицинаның әр саласынан мамандар шақырады.
Радиожурналистика – көзге көрінбейтін, бірақ мың сан жүрекке жететін өнер. Гүлбану Алпамысқызы осы өнердің қыр-сырын терең меңгерген маман. Оның дауысы талай тыңдарманға таныс, ал жүргізген хабарлары – сананың сүзгісінен өткен сапалы дүниелер.
Заман көшіне ілесіп, «Қазақ радиолары» ЖШС-не төрт радио біріктіріліп, Қазақ радиосы – Астанадан, ал «Шалқар» Алматыдан әуе толқынына шығып жатыр бүгінде. Гүлбану Алпамысқызының жағымды қоңыр үні әлі талай тыңдарманының жүрегіне жол табары анық.
Ол бүгінде – асыл жар, төрт баланың аяулы анасы, екі немеренің әдемі әжесі.
Нұржамал ӘЛІШ