Еңбегі ерең, пайымы терең журналист, тілтанушы, әдебиеттанушы ғалым, оқытушы-ұстаз, аудармашы, дипломат Серікқали Байменше ағамыз бұл жолы «Аударма асқарының» теріскейі мен күнгейін, тіл маманы ретінде зор беделге жетіп, толық мойындалған Ахаң һәм Алаш өнегесін, сөз өнерінің сыры мен сынын төл әңгімегесіне арқау етті. Сауалды Әлихан Бөкейхан сөзінен бастадық.
– Әлихан Бөкейхан өзінің аударма теориясы туралы жазған бір мақаласында: «Орыстың кітабын қазаққа деп өзгерткенде, Крыловтың басына тымақ кигізген Ахметті ұмытпау керек...» - дейді. Өзіңіз де біраз жыл журналистерді оқытып, тәржімаға баулыдыңыз. Қазіргі аударма саласында, аударма өнерінде қандай кілтипандар бар?
– Аударма – шығармашылық. Солай болғандықтан да оның дамуға, динамикаға негізделетіні белгілі. Даму барысында әртүрлі жағдай, тоқырау, тоқтау болмай тұрмайды. Қазақ аудармасы осының бәрін бастан кешірді. Өткен ғасыр басындағы жаппай қазақшалаудан арылдық. ХХ ғасыр бойындағы аударма өте биікке көтерілді. Саяси, экономикалық, техникалық, көркем және басқа аударма айтарлықтай дамыды. Өткен жылы жарық көрген «Тілге тілмаш» деген кітабымызда аударма жайын біраз сөз еткенбіз, оны өзің жақсы білесің. Сол кезден бергі бірер ойымызды білдірсек, жалпы тəжірибедегі аударма барысында орысшаға байланып, қазақша ойлау жүйесіне үйлеспейтін тəржімалау бар екенін айтқан жөн. Бөтен сөздің бетін қалқыған калька жарықтық та қалыспай келеді.
Дегенмен, ХХІ ғасыр аударманы жаңартты. Көркем әдебиетке қатысты айтқанда, бұрын тек орыс тілінен аудару басым келсе, қазір кез келген тілдегі түпнұсқадан тікелей қазақшаға аудару қанат жайды. БАҚ-та да солай. Бірақ БАҚ-тың орысшадан аударылған ақпараттық хабарларында, сайттардың жаңалықтарында тілің тұтылып, сөйлемің сүрініп жататын, қазақша қотара салған аудармалар кездесіп қалады. Бұл жайында жазып та жүрміз. Жоғарыдағы кітабымызда біраз мысал бар. Жалпы баспасөзді оқырманға жақындата түсу осы тілді дұрыстаудан басталады. Жұрт газетті оқып, газеттен үйренеді. Әлеуметтік желідегі кім көрінген жазатын неше түрлі «хабаршалар» тілдің бағын ашады деп сенуге болмайды.
Аударманың арқауында бұрын жан бар сияқты еді, қазір құрғап, жаны кетіп қалған сияқты көрінеді... Нейрожелі кез келген мәтінді аударып береді. Аудармашы осы «жансызға» жан бітіремін деп күресуі керек. Веб-сервистер мен мобильді қосымшаларға ғана иек артып кеткен аударушы тоқырайды.
– Бір байқағаным, сала терминдері әлі де екіұшты, ала-құла. Мысалы, экономика терминдерінде дефицитті «тапшылық» дедік. Оған қарама-қарсы тұрған профицитті «баршылық» деп аударсақ қалай деп ұсыныс айттыңыз. «Чувствительные товары» деген сөздің де ақылға сыйымсыз, ойға қонымсыз қазақшасын біраз сынадыңыз. Осы сын-пікірдің бәрі ескеріліп жатыр ма?
– Толық ескерілді деп айта алмаймыз. Жоғарыда айтқанымдай, осындай нәрселер көп жазылып, айтылып жатыр. Бірақ оның дұрысын – дұрыс, бұрысын – бұрыс деп баға беріп отыратын жүйелеуші мекеме жоқ. Мұндай жаңа қолданыстарды баспасөз арқылы ғана орнықтыра аламыз.
– «Ана тілі» газетінде жария көрген мақалаңызда «жасанды интеллект» пен «жасанды интеллекті» жайлы да жаздыңыз ғой. Қайтарымды байланыс болды ма?
– Иә, жаздым... Қазіргі «модный»» тақырып қой. Қазақ тілінің ережесі бойынша қалай жазуымыз керек деп «Ана тілі» газеті арқылы тілге жауапты мекемелерге сөз тастап ем, ешкім мойын бұра қойған жоқ. Әркім өз қалауынша жазып жатыр. «Интеллекті», «интелектіге», «интеллектінің...», т.б. деп жазу басым тұр. Солай қалыптасатын шығар, бірақ ертең «тіл ережесі бойынша бұлай жазу дұрыс емес» деп ұйғарылса, бағынуымызға тура келеді. Дегенмен, осындай тіл ұшындағы мәселенің жедел шешілгені жалпы ана тілімізді дамытуға елеулі ықпал еткен болар еді.
– Даму дегеннен шығады ғой. Амал нешік, қазір біздің сөзжасамда «лық», «лік», «тық», «тік» жұрнақтары нағыз сөз тудырушыға жұрнаққа айналды. Туризм агенттігін - «туристік агенттік», диплом жұмысын - «дипломдық жұмыс», ботаника бағын - «ботаникалық бақ», қазақша контентті - «қазақ тілдік контент» деп айтатынды шығардық. Қоғамда екеуі де қатар қолданылып жүр. Тіпті, бұл процесс үдеп, күш алып, тіл ғалымдарының ырқына көнбей кетті. Тілдің ұсқынын кетіру ме бұл? Шешімі бар ма?
– Бір кезде бұл жұрнақтар, әсіресе қоғамда орыс тілінің ықпалы қатты сезілген кезеңде, шынында, сөзтудырушылық рөл атқарды. Төте аудару әдісі көп болды. Орысша қалай тұр, солай алуымыз керек деген қағида болды. Сөйтіп, «ский» сияқтылардың бәрін «лық», «лік», «тық», «тік» деп қазақшалау қанат жайды. Өзіміз де солай жаздық кезінде.
Жалпы жұрнақсыз жазғаннан ештеңе кеміп қалмайды. Бұған енді мән беріп жатқан сияқтымыз. Өзің айтқандай, қоғамда бұлардың екі нұсқасы да қолданылып жүргені рас. Мағына, мазмұн жағынан екеуінің де кемдігі жоқ. Бірақ тілдің тазалығы, қолданылуы, үйретілуі тұрғысынан, жұрнақсыз жазылғаны тиімді. Бір ізге түсіріледі деп ойламыз. Бұдан басқа, өзге тілден енген сөздерге «лизиниг+тік, демпинг+тік, рейтинг-тік...» деп жалғау жалғамай жазуды жаппай орнықтыруымыз керек. Бұл жайында баспасөзде, кітабымызда жазғанбыз. Тіл үйренуді осы қиындатып жүр, қазақша білетін адамның өзіне айту қиын. Соңғы кезде бекітіліп, ортаға түсе бастаған «мониториң», «рейтиң» нұсқасы «ң» әрпінің рөлін арттырды әрі осындай терминдердің айтылуы мен жазылуын жеңілдету мақсатын көздеді.
– «Тіл үйренудің һәм үйретудің үлкен бір жолы – «заттаңба» деп қазақшаланған этикеткада жатқанына әлі мән бермей келе жатқан сияқтымыз» депсіз. Оқырманға ұғынықты болсын, осы пікіріңізді тарқатып айтып беріңізші....
– Қазір барлық бұйымда заттаңба бар. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан, қай елде шықса да, бүкіл өнімнің заттаңбасы бес тілде жазылады. Заттаңбаны оқымайтын адам жоқ, оны жалғыз Қазақстанда емес, Ресейдегі, Армениядағы, Беларусьтағы, Қырғызстандағы қазақша білетін тұтынушының бәрі оқиды. Егер ол қазақша сауатсыз жазылса не істейміз? Біздің бір босатып алған саламыз осы. Кейде түсініксіз заттаңба кездеседі, жұрт соны ұға алмай, амалсыз орысшасын оқуға көшеді. Осыны болдырмау үшін заттаңбаға қатты зер салуымыз һәм зерделеп отыруымыз керек. Мұндай сыртқа шығатын сөзіміздің дұрыс жұпталуы үшін заңтаңбаның қазақша аудармасын тіл саясаты саласындағы уәкілетті органның сараптамасынан өткізу қажет.
Кезінде баспасөзде де айттық, сатып алушылар көп тұтынатын «Молочная девочка» деген торт бар. Осы торттың қазақша заттаңбасында «Сүтті қыз» деп жазылыпты. Астананың, Алматының, Шымкенттің және басқа қалалардың дүкенінде тап солай жазулы тұр. Бұл анайылыққа не айтуға болады? Мұны Терминком «Аппақ қыз торты» деп 2023 жылы бекіткен екен. Бірақ оны қарап жатқан кім бар? Бұл терминнің қоғам игілігіне жарамай жатуы болмаса керек, керісінше көземелдеп отыратын бір буынның жетпей жатқаны шығар деп ойлаймыз.
– Qulpynai кондитерлік дүкендер желісі «Аппақ қыз торты» деп жазыпты. Өткенде көріп қуанып қалдық. Айтқандай, кітабыңызда «Тілдің жайы – тіл маманының ғана міндеті деген қасаң көзқарас өзгеруге тиіс. Біз мұны барша жұрт лингвист болуы керек, бәріміз де Тілстанның тілшісіміз деп толықтырар едік» деп жазасыз. Журналистер, әріптес аға-әпкелеріміз де сөзжасамға көп-көрім араласып жүр. Мұның соңы «Аққу, шортан һәм шаян» мысалына ұқсап кетпей ме?
– Бұл – біздің түрлендіріп айтқан түріміз. Шынында да, орыстың А.Реформатский деген ғалымының «кез келген әдебиетші лингвист болуы керек, ал лингвистің әдебиетші болуы міндетті емес» деген сөзі бар. Ресейде өзіміз көрген өмірдің мысалы да осындай. Онда орыс тілінен бөлек тұрған ештеңе жоқ. Бәрі орыс тіліне байланысты. Орыс тілін дамытумен, бейнелеп айтсақ, еңбектеген баладан еңкейген ақсақалға дейін айналысады. Бізде де солай болса екен деген тілектен туған жазба. Журналистердің сөзжасамға араласып жүргенін білеміз, солай болуға тиіс те. Бірақ жаңа сөзжасам бір ортада қалып қоймай, көпшіліктің таразысына тартылуы шарт. Оңтайлы балама табылып жатса, Терминком назарына ұсыну керек. Ондағы мамандар мен сарапшылардың сөздің тегін тексеріп, терминдік қуатын, пайдалану орбитасын анықтап беруге білігі жетеді.
– Ж.Аймауытұлы «Сөзді пән мамандары, кітап жазушылар шығарсын. Жаңадан сөз қосушылар тапқан сөздерін кітабына айрықша жазып отырсын» - деп жазады. Әр салада қазақшаға шорқақ бауырларымыз бар. Күнделікті көріп жүрміз. Өз ана тілінде сөйлемейтін, сөз сырын ұқпайтын маман өз саласының терминін қазақшалай алмайды ғой. Осыны кеш болса да ойласып, қалай шешімін тапсақ болады?
– Бұл орайда, жаңадан табылған сөздерді ортаға салып, сыннан өткізіп отыру керек деген сөзді тағы қайталауға тура келеді. Екінші мәселе – қазір бұрынғыдай емес, қазақ тілін меңгерген сала мамандары жеткілікті, салалық терминдер негізінен осындай мамандардың, сарапшылардың кеңінен қатысуымен әзірленеді.
– Шығыста «Cегіз жұп аяқ киімім бар, бірақ қайда барарымды нақты білмеймін» деген тәмсіл бар. Қазіргі қым-қуыт метамодерн адамының тағдырын, мінез-құлқын нақты ашатын сөз. Осындай заманда аударма саласына аяқ басқан жас талапкерлерімізге кеңес қылып, іс ретін, қызмет жүйесін шақтап қана айта кетсеңіз...
– Біріншіден, ана тілінің қыры мен сырын жақсы игеруі керек. Екіншіден, қазір орыс тілін құбыжық көретін әдет пайда болған сияқты. Бұл дұрыс емес, аударушы орыс тілін де жетік білуі шарт. Ақпараттың көпшілігі осы тіл арқылы келетінін ұмытпаған жөн. Дұрыс аударылмаған мәтінге тап болғанда, түсіну үшін орыс тіліне жүгініп жататын кез аударушы тәжірибесінде жиі кездеседі. Үшіншіден, қазіргі заманғы аударушы ағылшын тілін жақсы білгені жөн, ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударатын аударушылар тобы қалыптасты. Бұл өте жақсы ілгерілеу. Басқа тілдерден де тікелей аударатын тәржімандардың тегеуірінді толқыны бар. Аударманы кәсіп, мамандық деп қана қабылдамай, шынайы шығармашылық, өскелең өнер тұлғасында дамытқан дұрыс.
Аударушы шығармашылық зертхана мәселесіне қатты мән беру керек. Оның жеке кітапханасында әр түрлі сөздіктер, анықтамалықтар болуы керек. Аударманы мақсат тұтқан адам қазірден осындай нәрселерді жинақтай беруі керек. Оның өз аударма кітапханасы болғаны жөн. Мысалы, біздің жеке кітапханамызда осы мақсатқа орай жинақталаған қазақ тілінің әдеби, түсіндірме, синоним, этимологиялық, фразеологиялық, энциклопедиялық, терминдер, емле сөздіктерімен қатар, біраз салалық сөздік, орысша – қазақша (қырғыз, татар, ноғай, саха тілдеріндегі) аударма сөздік бар. Болашақ аударушылардың сөздіктерді мұқият зерделеуіне, сөзге сергек болуына тілектеспін.
– Салиқалы сөз, озық ой айтқаныңызға көп рақмет!
Дастан ҚАСТАЙ