Қала аумағында есірткіні жарнамалайтын 80-ге жуық граффити-жазу жойылған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік штабтың отырысы өтті. Жиынға қатысушылар есірткіден зардап шеккендерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткі саудасы, соның ішінде интернет-ресурстар мен мессенджерлердегі есірткі бизнесін анықтау және оған тосқауыл қою мәселелерін талқылады.
Отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2026 жылдың басынан 2 481 адам есепте тұр, оның 537-сі есірткіге тәуелді, бұл былтырғыдан 21 адамға артық. Мұндай азаматтарды жұмысқа орналастыру деңгейі 30% шамасында. Мәселенің бір шешімі ретінде әр пациентті мультидисциплинарлық топтың қолдауымен жеке жоспар бойынша жүретін “Бір пациент — бір бағыт”қағидатын енгізу ұсынылған.
Өңір басшысы профилактика жұмыстары мейлінше ерте басталуы керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде консультативті есеппен қамту шамамен 60% деңгейінде және ол наркологиялық бақылаудағы азаматтарды жүйелі түрде сүйемелдей отырып, көрсеткішті 100%-ға жеткізуді тапсырды.
Алдын алу жұмыстарының жайы туралы Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Қадралиев баяндады. Оның мәліметінше, қала аумағында есірткіні жарнамалайтын 80-ге жуық граффити-жазу жойылған, саламатты өмір салтын насихаттау бағытында тақырыптық баннерлер мен бейнематериалдар орналастырылып, сенім телефондарының нөмірі жарияланған.
Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Байжанов құқық қорғау органдары қызметінің нәтижелері туралы баяндады. 2026 жылғы сегіз айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 91 құқық бұзушылық анықталып, 62 қылмыс тіркелген. “Дәрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 30 тонна прекурсор және 4 мыңға жуық есірткі мен психотроптық препарат тәркіленді. Мамандардың айтуынша, негізгі мәселелердің бірі – ресурстарды бұғаттаған бойда жаңа Telegram-арналардың пайда болуы.
Жиында аудан әкімдері жергілікті жердегі алдын алу жұмыстары, жастарға арналған спорттық және мәдени іс-шаралар мен бейнебақылау жүйесін кеңейту жайында мәлімдеді.
Болат Ақшолақов отырысты қорытындылай келе, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, денсаулық сақтау жүйесі және жергілікті атқарушы органдардың алдына міндеттер қойды.
– Психикалық белсенді заттарды тұтынатын адамдарды ерте анықтау, оларды кешенді есепке қою, емдеу, оңалту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын түбегейлі күшейтуіміз керек. Бейнероликтермен және бір реттік іс-шаралармен шектелуге болмайды. Жұмысты әр ауданның жағдайын ескере отырып, жаңаша жүргізуіміз қажет. Балалармен және жасөспірімдермен жұмысқа жете мән беруіміз керек, оларды еріктілікке, спортқа және қоғамдық қызметке тарту, сонымен қатар отбасылармен психологиялық жұмысты күшейту және мансап орталықтарымен бірлесіп, бақылауда тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу аса маңызды. Құқық қорғау органдарына интернетте есірткі сататын арналарға бақылауды күшейту және есірткі бизнесінен түсетін табысты заңдастырудың жолын кесу жүктеледі, – деді Болат Ақшолақов.