Алматыда аты аңызға айналған A’Studio тобының әндері желісімен түсірілген «Тоқта, түн!» киномюзиклының (режиссеры Фархат Шарипов) таныстырылымы өтті. Оның алғашқы көрермендері БАҚ өкілдері болды.
...Бейбіт есімді жас музыкант табысты артист болу армандайды. Еңбекқор жігіт өзінің «Дигидай» тобымен бірге сахнаны сәтті бағындырып, тиімді келісімшарттарға қол жеткізе бастайды. Жүрегі махаббатқа, қуанышқа, амбицияға толы жігіт сүйген қызы Алмамен бас құрап, өмірге сәби келіп, бақытты сәттері еселене түседі. Өмір жолында Джулия есімді әдемі биші қыз пайда болғанға дейін оның күндері осылай өріліп жатқан-ды.
Алма жөргектегі баламен үйде, күйкі тірліктің аузына жұтылып кете барады, ал қызылды-жасылды әлемге, әуенге құмар сезімтал жігіт қызықты сырттан іздеп, өзін ұнатып қалған Джулияға көңіл бұрады. Шаңырағына таң ата оралуды, тіпті кейде келмей қалуды шығарады.
Күндердің күнінде Бейбіттің жанында жары да, достары да қалмайды. Иә, махаббат, достық, адалдық, ата-анаға, айналаға құрмет сынды құндылықтар кинода өнер тілімен, музыка әуендерімен мың құбыла суреттеледі.
***
«Тоқта, түн!» фильмі жақын жандар арасындағы осындай күрделі қарым-қатынастардан бөлек, ару Алматыға деген сүйіспеншілікті, оның жарық та кең көшелерінің әдемілігін де бере білген. Картина сонысымен құнды шыққан секілді.
«Тоқта, түн!» A’Studio тобының әндері желісімен түсірілгенімен, сюжеті музыкалық топпен мүлдем байланысты емес. Айтпақшы, биыл «Тоқта, түн!» әнінің жарыққа шыққанына 30 жыл толады. Бүгінгі киномюзиклге пайдаланылған бұл саундтрек алғаш рет 1994 жылы орындалған. Алдағы уақытта атаулы күнді ерекше атап өту де жоспарланып отырған секілді.
***
Кемеңгер Орал (кинода Бейбіт), Қарлығаш Ермекова (Алма), Жасмин Нұрахмет (Джулия) сынды жас актерлар ойнаған көрсетілім біткен соң, журналистерге арналып баспасөз мәслихаты да ұйымдастырылды. Онда жас актерлармен бірге, киномюзиклдың продюсерлері Байғали Серкебаев пен Дина Жұмабек те болып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Олар кинокартинада негізгі оқиғаларды бейнелеуге A’Studio тобының 17 әні ұсынылғанын атап өтті. Мюзиклде тыңдармандардың сүйікті хиттеріне айналған «Стоп, ночь!», «Солдат любви», «Грешная страсть», «Тик-так», «Еще люблю» және «Джулия» сияқты басқа да әндер орындалады. Көрерменге тосынсый ретінде топтың сонау «Алматы» аталған кездегі алғашқы альбомындағы қазақша әндері де шырқалады. Фильм мюзикл жанрында болғандықтан, ол динамика мен энергия беретін ең жарқын музыкалық қойылымдарға толы болды, сондай-ақ оған әртүрлі стильдегі 500-ден астам биші қатысқан.
***
Продюсерлер басты кейіпкерді кім ойнайтынын ұзақ уақыт бойы шеше алмағандарын да атап өтті. Кеменгер Орал бұл рөлге бекітілгенге дейін көп күш жұмсаған. Ол вокалмен айналысып, дикциясын реттеу үшін арнайы сабақ алуға мәжбүр болған. Продюсер Дина Жұмабек Кемеңгерді талантына, еңбекқорлығына, жанкештілігіне көз жеткізіп барып таңдағандарын айтты.
Бейбіт рөліне арналған вокалдық партияларды картинада әнші Мәди Сыздықов орындаған, бірақ кейбір әндерді бас кейіпкер Кеменгердің өзі де шырқайды. Тіпті екеуінің дауысында ұқсастық болған екен.
«Мен бұрын мұндай мюзикл жанрында ойнаған емеспін. Қалай шығар екен деп қатты уайымдадым. Бірақ осы жанрда бағымды сынауды студент шағымнан армандаушы едім. Вокалдан басқа, хореографиялық нөмірлерде де көп жұмыс істеуіме тура келді. Төрелігін көрермендер бере жатар», – деді басты кейіпкерді сомдаған Кемеңгер Орал.
Иә, ендігі сөзді киносүйер көрермендерге қалдырамыз.