Олар саладағы бірқатар мәселелерді көтерді.
Қазақстаның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде балықшылардың жиналысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Жиында республиканың өңірлерінен келген балықшылар саладағы бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Каспий балықшылары балық аулау ауының жіп диаметрі 0,3 мм-ден басталатын моножіптер және моноталшықтан жасалған ауларды пайдалану мүмкіндігін қарастыруды жеткізді», - делінген министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл мәселеге қатысты министр осы жылдың мамыр айының соңына дейін шешім қабылдануы мүмкіндігін жеткізді.
«Салалық ғылыми ұйым сәуір-мамыр айларында зерттеулер жүргізеді, олардың нәтижелері бойынша мамыр айының соңында шешім қабылдаймыз. Егер тікелей теріс әсері болмаған жағдайда, аталған ауларды ірі су айдындарында 2 жылға дейін пилоттық режимде пайдалануға 3-4 ай ішінде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу арқылы рұқсат беруге болады»-, деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Сонымен қатар, жиында Балқаш көлінде көксерке аулау лимитін арттыру мәселесі көтерілді. Бұған қатысты министр көксерке аулау лимитінің ұлғаюын 2023 жылғы маусымда балық аулау лимитін анықтау әдістемесіне өзгерістер енгізуді ескере отырып, қарастыруға болатынын айтты.
Бұдан бөлек, кеңесте кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыру үшін су айдынына қол жеткізу және жағалау аймағында тұратын жеке тұлғалардың балық аулауға рұқсат алуы көтерілді. Министрдің сөзінше, аталған мәселені министрлік жағалаудағы тұрғындарға жеке рұқсат алу арқылы балық аулауға мүмкіндік беретін мәселені қарастыруда. Сондай-ақ, бекітілген учаскелерде ғана емес, резервтік қорда да балық аулауды жүзеге асыру мәселесі күн тәртібінде болды.
«Бірақ бұл мәселелер осы салада қызмет ететін ірі бизнестің пікірін ескере отырып, кең талқылауды қажет етеді. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына өзгерістер енгізу қажет. Заңдарды қабылдаудың белгіленген тәртібі шамамен 1 жылды талап ететінін бірден атап өткім келеді. Бұдан әрі рұқсат беру ережелері, квоталарды бөлу ережелері, балық аулау ережелері сияқты бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізу керек. Алайда, біз сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңізді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», - деді Серікқали Брекешев.
Жалпы, бес сағатқа созылған жиналыста балық шаруашылығына қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Жиналыс қорытындысы бойынша министр жауапты ведомствоға бірқатар нақты тапсырмалар берді.