Алматы – мәдениет пен ғылымның ордасы. Бұл шаһарда ғаламға белгілі ғалымдар жұмыс істейді. Оңтүстік астана мықты, қазақы, рухты тұлғаларға толы. Өйткені, қазақ интеллигенциясының шоғыры осында.
Мемлекет ғылымға жақсы көңіл бөліп келеді. Жас ғалымдарға қолдау артты. Ғылым ордасының ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Гранттық жобалар саны ұлғайды. Енді бірте-бірте ғылыми кадрдың әлеуметтік жағдайын шешу қажет. Әлі де атқарылар істер жетерлік. Осы және өзге де тақырыптар төңірегінде ҰҒА вице-президенті, академик Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВпен әңгімелескен едік.
Академияға дербестік берейік
– Ұлттық Ғылым академиясының жағдайы қай деңгейде?
– Шындығына келгенде, академияның ахуалы аумалы-төкпелі кезеңдерден өтіп жатыр. 1946 жылы құрылып, 2003 жылы жабылды. Қазір қайтадан ашылуда. Кезінде академияның жабылғаны қателік болды. Сол жағын айта берсеңіз, әңгімесі көп. Мемлекет басшысының ниеті – бұрынғы статусты қайтару. Бұл – дұрыс!
Заң жүзінде мекеменің 4-5 түрі болады екен. ЖШС, қоғамдық ұйым, акционерлік қоғам, коммерциялық және коммерциялық емес деп бөліне береді. Біздің академияны осылардың арасына қосып жіберген ғой. Ал бұл Ұлттық Ғылым академиясының деңгейіне сай нәрсе емес. Жалпы, шетелге қызығып жүріп, біз де солай боламыз деп, абсурдқа тап боламыз. Былайша айтқанда, діндар деп, фанатикке айналады. Ақырында өзінікін дұрыс, өзгенікін бұрыс көреді. Академияны қоғамдық ұйымға айналдырғаны ақымақтықтың белгісі еді. Бұл жай теориямен шұғылданатын институт деңгейіне келуі мүмкін. Қоғамдық ұйым деңгейінде жүре берсек, құримыз.
ҰҒА деңгейі мүлдем басқа. Ол негізінен бүкіл ғылымға жауап береді. Геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың кезінде мұнай, уран, мыс, бәрі-бәрі сол уақытта ашылған. Екінші дүниежүзілік соғыстағы атылған әрбір тоғызыншы оқ Қазақстанның қорғасынынан жасалған. Сол ғылымдардың баршасының түбіріне балта шабылды. Қоғамдық ұйым деңгейіне түскен соң, академия мен ғылым екі жаққа кетті. Құрамындағы институттардың барлығы өз күнін өзі көре бастады. Былайша айтқанда, ғылыми институттар жан-жаққа тарап кетті. Енді солардың бәрін жинау үшін бізге айрықша құрал-сайман керек. Мысалы, қойды шопанға бақтыру үшін қолына таяқ, иығына мылтық, астына ат бересіз. Бізде ондай ештеңе жоқ. Трагедиямыз осында. Оны ұғынатын атқамінер табылмай тұр.
Ел басшысы дұрыс идеялар айтып отыр. Соны жүзеге асыруға келгенде орындаушылары шаруаны шалқайтпай жатыр. Біз өз тарапымыздан бірқатар істерді қолға алдық. Қазір академияда 6-7 семинар бар. Ғылымды сала мамандары талқылайды. Босқа отырған жоқпыз. Өзім Қытайға іссапармен барып келдім. 5 негізгі іске көңіл бөлдім. Осылайша «Әл-Жәбрдің атасы» дейтін ғылыми көпшілік журнал шығара бастадық. Бір ғана деталь айтайын, яки ай сайынғы алатын жалақымызды министрлікке есеп беріп жүріп әзер аламыз. Өйткені, ҰҒА-на қаржы бөлінбейді. Аты дардай мекеме бар, бірақ мемлекет тарапынан аса қолдау таппайды. Себебі, акционерлік қоғам болғандықтан, не республикалық бюджетке тиесілі емес, тым құрығында жеке шаруашылық құқығын жүргізе алмайды екен. Сөйтіп, дүбәраның күнін кешіп отырмыз. Әлгі журналыма жұрт жазылып ақша түссе де, оны академияға алып келе алмайды екенбіз. Ал әкелсек, табыс алған болып, заңды бұзған болып есептелетін көрінеді. Қағазбастылық бюрократия дейтін қолды әбден байлап-матап тастаған.
«Ғылым туралы заңды» қайта қарайық
– Ғылым туралы заңға жаңа өзгерістер енгізу керек пе?
– Парламент арқылы «Ғылым туралы заңды» қайта қарау керек. Менің бірқатар ұсынысым бар. Осы күні «Қазақтың ғылымы: кеше, бүгін, ертең» дейтін бір мақала жазып жүрмін. Аманшылық болса, бір уақыт-сәті келгенде жарыққа шығады. Үнемі министрліктен рұқсат алу дегенді тоқтату керек. Енді түшкіру үшін рұқсат сұратқаны ұят. Сосын біз аяғын шідірлеп қойған ат сияқты жүрміз. Ғылымға көзқарасты өзгертейік.
Мысалы, Ұлттық Ғылым академиясында «Назарбаев университеті» сияқты автономиялық құқығы болуы тиіс. Ұсынысымыз бойынша академия – «ғылымның автономиялық мекемесі» дейтін мемлекеттік статусы болуы шарт. Бізбен ешқайсысын салыстыруға келмейді. Сондықтан академияның статусы, беделі бәрінен жоғары болуы қажет.
Біз Парламентке еніп ғылымның ең жоғары шегі дейтін дәрежеге жетсек дейміз. Осы идеяны көзіқарақты азаматтар қолдап жіберсе, құба-құп болар еді. Тәуелсіздіктің алдыңғы кезеңінде ХІІ сайланған Жоғарғы Кеңеске депутат болғанмын. Сол кезде ғылым туралы тұңғыш заңды барынша електен өткізіп қабылдағанбыз. Сол уақыттағы заңда «ғылымның ең жоғарғы шегі» деген сөйлем шегеленіп жазылған-тұғын. Кейін академияны таратқанда ол заңның мәні болмай қалды. Ақырында ғылым дүбәра күйге түсіп тынды. Бүгінде болмайтын жерден құжат сұрап, заңқой болып алдық. Ғылым туралы нақты, анық, қазақша жазылған заң болмағандықтан көп істің қиюы келмей тұр. Әлі күнге дейін академиктер жайында сайлау өткізе алмай келеміз. Кезінде академия құрдымға кеткенде қол қусырып үндемей отырғандар енді келіп ғылымға құрылтайшы болмақшы. Бұл – абсурд.
2000 жылдары сол кездегі академиктер жиналып шетелде қоғамдық ұйым екендігін алға тартып, мемлекеттік статустан алып тастау қажет деп жоғарыға хат жазды. Сөйтіп, табан астында ҰҒА-сын құрдымға жіберіп тынды. Сол кезде бұл қалай дейтін бір тұлға шықпаған ғой. Аталған үлгіні өзбек, қырғыз, орыстар да қайталамақшы болған. Есениннің сөзіндей, паравозбен жұрттың алдына шығып дегеннің кері еді. Яғни шетелдің қаңсығын таңсық көруді тоқтату керек. Әбден батысқа еліктейміз деп, есіміз шығып бітті. Бүйте берсек, қолда бардың бәрінен айырылып тынамыз.
Қағазбастылық ғылымды тұсайды
– Бюрократияның ғылымға не қажеті бар?
– Түк те қажеті жоқ. Таңнан кешке дейін қазақ, орыс, ағылшын тілінде есеп сұратқанды доғарайық. Ғалымға ғылыммен шұғылдануға уақыт берейік. Бұл дегеніміз, бос сандалып жүріп алу деген сөз емес. Университетте істейтін оқытушы-профессордың сағаты көп болса, ол қай уақытта ғылыммен шұғылданады. ЖОО сағатты үйіп-төгіп жүктеп, айлығын аз қылып, оқытушы қауымды шаршатпайық. Қайта ғылымның төңірегінде жүрген ғалым-ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартайық.
Қазақстандағы ғылымға жауапты басты мекеме, ол – ҰҒА. Ресей Ғылым академиясының институты, оның қаржыландыруы, жері, ғимараты – баршасы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Ал ғылымды – академик ғалымдар жасайтын болып шешілген. Бізде де академияға министрлік араласпаса дұрыс болар еді. Академияның өз бюджеті болып, Мемлекет басшысына тікелей бағынып, академиктерін өздері сайлап, қазақ ғылымын өркендетсе дейміз. Мінеки, қандай керемет идея.
Кезіндегі академия құрамынан кеткен институттардың көбі – банкрот. Бір нәрсені түсінейік. Ғылым жасау бір әңгіме, бизнес жасау ол – бөлек іс. Кез келген ғылым саласынан бизнес жаса деп дәметпеу керек.
Егер біз әлгіндегідей автономиялы мемлекеттік мекеме болатын болсақ, онда біздің бюджетімізді Парламент өзі бекітеді. Онда министрліктен ақша сұрап, оларға таңнан кешке дейін есеп беруден құтыламыз. Сонда ҰҒА Президентке тікелей бағынады. Бір қағазға қол қою үшін 30 мекемеден өтуің керек. Жалпақ тілмен айтқанда, шырмалған нәрсенің басын таппай дал боласыз.
Мемлекет басшысының ғылымға көзқарасы оң. Менің негізінен 5 ұсынысым бар. Соның бірнешеуін айтайын.
Алғашқысы – ҰҒА саясатқа араласпайды. Сонымен бірге, академик болу үшін саясаттың емес, ғылымның гроссмейстері болуыңыз қажет.
ТМД аумағында шетел боламыз деп академияны құрдымға жіберген жалғыз біз. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, бәрі-бәрі Болон жүйесін де қабылдап, дәстүрлі кандидат, докторлық қорғау жүйесін қатар алып жүр.
Қытай кейінгі 20 жылда ғылыми-инновациялық жаңалық жасап, айға ұшудың амалын жасап әлек. Ал біз бюракратиямен айналысып жүрміз. Міне, парадокс!
– Нақты қандай қадамдарға барғалы тұрсыздар?
– Жаңадан құрылған академия өз институттарын ашады. Егер басқа институттар кіреміз десе, қараймыз. Мысалы, Ботаникалық бақ маңайында біршама ғылыми институттар бар. Солардың жерінің жартысы жекеменшікке өтіп кеткен. Бұрын қолында билігі болғандар алып алған.
Ғылым жасамайтын институттарды академия құрамына қосып қажет емес. Нақты ғылыммен айналысып жүрген институттарға мол мүмкіншілік жасайық.
Жаңа Ғылым академиясы үлкен болмайды. Мұнда тек жұмыс істейтін мамандар алынады. Керегіне қарай ғылыми зерттеу институттарын ашуды жоспарлап отырмыз.
Гуманитарияны Scopus-пен қинамайық
– Ғалым ашқан жаңалықтың кәдесін қашан көреміз?
– Біз бәрін үкімет қарасын, ашқан жаңалықты түсінсін дегенді қою керек. Ғылыми жаңалықты қарайтын, ұғатын, ол – академик ғалымдар. Академияда қай ғылымның дұрыс-бұрыстығы айқындалу тиіс. Қай ғылымға ақша төленуі керек, оны академиктер өздері ұйғарса екен. Белгілі бір ғылым саласы таңдалған соң оған үкімет қаржы бөлуі керек.
Әгәрәки, академиктің сөзі өтімді, ел арасында беделі жоғары болмаса, онда ғылымның тамырына қан жүгірмейді.
Біз автомобиль жасаймыз деп дөңгелегіне дейін сырттан алып келеміз. Осындай көзбояушылықтың не қажеті бар.
Әдебиет, тіл, тарих сияқты гуманитарлық саланы шетелдік Scopus базасындағы журналға мақала бер деп қинамайық. Ал нағыз бергісі келсе, ешкімге шектеу болмасын. Техникалық мамандықтағылар шетелге мақала берсе, нұр үстіне нұр. Өйткені, қазақ ғалымы ашқан жаңалықты әлем білсе ғажап емес пе?! Егер шынайы еңбектенсеңіз, Q1 дәрежесіндегі шетелдік журналға мақала шығара аласыз. Осындай журналдар елімізде болса деген ниеттеміз.
Шынайы ғылымға көңіл бөліп, қаржы құйып, ғалымның әлеуметтік жағдайын жасап, ғылымнан үш ай сайын, үш тілде есеп сұратуды доғарсақ, академияға дербестік берсек, қазақ ғылымы өркендейді, ағайын!
– Үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.