Ашық диалог тиімді шешімдер қабылдауға жол ашады

Ашық диалог тиімді шешімдер қабылдауға жол ашады Сурет: Akorda.kz

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі Сыр елінде өткен V Ұлттық құрылтай төрінен табылған тұлғалармен сұхбаттасып, олардың алқалы жиында көтерілген негізгі тақырыптар мен бастамалар жөніндегі пікірлерін білген болатын.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Парламент Сенатының депутаты:

Құрылтайда бүгінгі күні жүргізіліп жатқан реформалардың сабақтастығына назар аударылды. Мәселен, жаңа Конституция мен парламенттік өзгерістерді талқылау – реформалардың заңды жалғасы. Иә, отырыста елдің болашағы мен оның негізгі заңына қатысты талай маңызды нәрсе айтылды, талай дүние қозғалды осы жолы. Бұл қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қоғам сұранысына толықтай жауап берері сөзсіз.

Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Банктер қазір берешек адамның есепшотын толық бұғаттай алады. Бұл азаматтардың құқығын шектеу деген сөз. Мұндайды не мүлдем алып тастау керек, не табыстың 50 пайызынан аспайтындай етіп шектеу қажет. Құрылтайдың секциялық отырыстарында медицина, мектептерді жарақтандыру мен еңбек қатынастары мәселелері де талқыланды.

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, академик:

Мемлекет басшысы қазақты технократ ұлт болуға үндеп жүр. Өкінішке қарай, қазір біздің қоғам жасанды интеллектінің не екенін білгенімен, ол туралы әлі де терең біле бермейді екен. Жасанды интеллектіні дамытқанда ол туралы білім беріп, оның пайдалы және зиянды жағын да қатар оқытуымыз керек.

Диляра ҚАЙДАРОВА, профессор, ҰҒА академигі:

Секциялық отырыста ғылымды дамытуға қатысты жүйелі мәселелерді, атап айтқанда ғылыми журналдардың сапасы мен Ұлттық Ғылым академиясының қамқорлығымен жоғары импакт-факторы бар бірыңғай ғылыми басылым құру қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар, балалар арасындағы семіздікке назар аударып, оларды ерте жастан салауатты өмір салтына шақырып, сондай мәдениеті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсындық.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:

Ұлттық құрылтайдың осы жолы Сыр өңірінде өтуінің символдық мәні бар дер едім. Біздің лингвистер еліміздің әр өңіріндегі тілге байланысты жағдайды үнемі зерттеп отырады. Осы жолғы сауалнамада Қызылорда облысы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі жағынан да ең жоғары көрсеткішке ие болғанын байқадық. Осы орайда өңір тұрғындарына қазақ тіліне деген құрметі үшін алғыс білдіргім келеді.

Сырымбек ТАУ, кәсіпкер:

Шағын және орта бизнес бес миллиондай адамды жұмыспен қамтып отырғанымен, кәсіпкерлер қазір қаржы жағынан қатты қиындық көруде. Мысалы, біз несиені 25 пайызбен аламыз, 15 пайызын онлайн-платформаларға төлейміз, 16 пайыз қосылған құн салығы, бұдан бөлек басқа да шығындар бар. Содан кәсіпкерге түсетін жүктеме шамамен, 78 пайызға жетеді. Бұл бизнесті қолдау емес, оның мүмкіндіктерін шектеу. Осы мәселенің күн тәртібіне шыққаны абзал.

Құрылтайға қатысушылардың пікірінше, билік пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы «ашық диалог» форматы осындай өзекті мәселелерді көтеріп, елдің ұзақ мерзімді дамуына, қоғамның нақты сұранысына бағытталған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:36

17:26

17:15

16:58

16:41

16:23

16:13

15:59

15:42

15:27

15:16

15:01

14:44

14:31

14:18

14:03

12:45

12:26

12:15

12:01

11:45

11:24

11:09

10:52