Асанәлі Әшімұлы студент кезден бастап күнделік жазуды дағдыға айналдырған. Өкінішке орай, сол тұстағы жазып жүрген оншақты дәптері қолды болып кеткен. Асанәлі Әшімұлының күнделіктері кезінде «Алматы ақшамы» газетінде бірнеше жыл жарияланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Аlmaty-akshamy.kz сайты бүгіннен бастап сол күнделіктерді жариялап отырады.
9.02.84
Андропов қайтыс болды. Қаратал ауданында /Үштөбе/ көрермендермен кездесуім өтті.
13.02.84
Театрға келдім. Жұмыс өнбеді. Киностудияда болдым. Ерік Асқаров келді. Мен туралы кітап жазбақшы. Бассейнге барып Сағи екеумізге рұқсат қағазын алдым.
15.02.84
Театрға келдім. Шахматтан турнир өтіп жатыр. Мен 82-жылдың чемпионы едім.
16.02.84
Бассейнге бара алмадық. Ш.Жәнібековпен телефоннан Аймановтың юбилейі туралы сөйлестік. Қазір жалпы Шәкеңнің 70 жылдық тойын дұрыстап өткізу керек боп тұр.
17.02.84
Эльдар Шәкеңнің тойына келмеген еді. Ауырып қалыпты. “Алматы” қонақ үйінде жатыр екен, соған барып жолықтым. Осетинский келіп берекені алған соң, кетіп қалдым. Бүгін Шәкеңмен кездескеніме 10 жыл болған күн екен.
18.02.84
Бассейн. Театрға келсем Рахметбайдың “Жалынға” Шәкең туралы естелігі шығыпты. Сағиды бір жартыға түсіріп тұр екен.
21.02.84
Кәукең екеуміз бірігіп “Қазақстан” ресторанында 50-60 адамға Шәкеңе арнап қонақасы бердік. Мен тамада болдым. Жақсы өткен сияқты.
22-23.02.84
Имашев Саттар қайтыс болды.
26.02.84
Баянауылда, Шәкеннің туған жері Айманбұлақта болдық. Өте көркем жер ғой. Қуат Мәшһүр-Жүсіптің өлеңдерін оқыды. Ішінде аздап боқауыз сөздері бар екен. Төлен Әбдіков екеуміз әбден күлдік.
29.02.84
“Алматы” санаторийіне келіп орналастым. Мұхтар Шахановты жолықтырдым. “Шоқан” фильмін түсіріп жүрген кез еді. Мұхтарға Шоқан туралы баллада жазуын сұрадым.
1.03.84
Санаторийдемін. Бөлек залда Танцюра деген сауда министрімен бір столда отырдым.
2.03.84
Бильярдтан бір-екі кісіні ұттым. Танцюра бөлмесіне армян коньягін ішуге шақырды. Өзі менімен түйдей жасты екен.
8.03.84
Бүгін – Төлеген Айбергеновтің туған күні. Ақындар жылда жиналып еске алады екен. Бұл — жақсы дәстүр деп білемін.
Бүгін түсімде Шәкеңді көрдім. Маған қоңыр, әдемі тігілген пиджагін сыйлап жатыр. Пиджакті ашқанда өзінің әдемі портреті бар екен. Мұны Мұхтарға жорытып едім, “керемет екен” деді.
Шынында жаман түс болмаса керек.
9.03.84
Бүгін ешқайда шықпадым. Мұхтар маған “Махаббатты сыйлау” деген жинағын ұсынды. Онда “Асеке!
Өнеріне елі берген бағасын,
Дарқан кеуде, күміс сақал ағасың,
Бірте-бірте күмістенер шашың да,
Көбейеді достарың да, қасың да,
Өйткені сен керек жансың ғасырға!
– депті” Түнімен Мұхтардың өлеңдер жинағын оқып, сағат 1.00-де жаттым. Жүрегім бір түрлі ауырып, көпке дейін ұйықтай алмаған соң тұрып дәрі іштім.
10.03.84
Қар қалың жауды. Бассейнге барып келіп, бір чемпионмен 9 рет бильярд ойнадым. Жас кезіңде ерке өскен болса керек. Футболдан СССР чемпионаты басталды.
11.03.84
Қар тізеден жауған. Нағыз қыс. Танцюра мені бильярд ойнауға шақырды. Іші кепкенше ұттым. Үйіне кіріп 100 гр. арақ іштік.
13.03.84
Көңіл-күй аса мәз емес. Бүгін сағат 16.30-да Мұхтар Шахановпен кездесу болады. Соған баратын шығармын. Мұндай шаруаны Мұхтар жақсы көреді. Мен керісіншемін. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін. Мүмкін жаман болар.
17.03.84
Әлі демалыс үйіндемін. Әбу Сәрсенбаевқа бір кісілер келген екен, телефондап шақырып алды. Зейнолла Қабдолов болды. Сөздің майын тамызады-ау.
Бүгін Тыңға – 30 жыл.
20.03.84
Бүгін мұнда менімен кездесу өтті. Үйден Майра мен Сағи келді. Мұхтар алғысөзбен бастады. Кеш өте жақсы өтті. Әсіресе Зейнолла Қабдоловтың алған әсері күшті екен.
23.03.84
Бүгін күні бойы алма жедім. Кешкісін театр. “Қозы Көрпеш..”. Қодарды ойнаймын. Спектакльге Майра мен Күләш келді. “Бұрынғыдай емес, ауырлап қалыпсың, шеберлікпен алып жүрсің” дегендей айтты. Онысы дұрыс. 1971-1984 жылдардан бері ойнап келемін. Санаториге келген бетте көк шайды ұрдым.
24.03.84
Ашим Арзиев /Ұйғыр ауданының бірінші секретары/ бөлмесіне шақырып, бас қойды. Үйден Сағиды шақырып алдым.
Үйдемін. Өз үйің, өлең төсегіңе жететін не бар?! Оның үстіне Майра сияқты хозяйкаң болса, көз тимесін. Майра дегендер алтын ғой. Құдаларды /Сағи жағынан/ шақыруға дайындалып жатыр.
26.03.84
Мәскеудеміз. Шәкеңнің 70 жылдығын өткізуге келдік.
...Роллан Сейсенбаев аңқылдаған жақсы жігіт сияқты, бірақ өте сараң болу керек.
28.03.84
Қ.С. эгоист жігіт, не ішпейді, страшный карьерист болып шықты. Тірегі мықты, ақылы шамалы жігіт екен.
29.03.84
...Қазақтың басы қосылса арақ ішетін бір ауруға тап болдық. Самолеттің ішінде де солай.
16.04.84
Жазушылар одағына бардым. Ғабең өз есебінен бильярдтан турнир өткізіп жатыр екен.
Кешкісін үйге ертерек келдім. Мен ерте келсем үйдегілер қуанып қалады. Майра әр уақытта үйде күтеді. Маған мұндай алтын әйел берген Құдайға мың да бір рахмет.
17.04.84
Бірінші рет Мойынқұм ауданына сапар шектім. Жақсы қарсы алды. Райкомның бірінші секретары Айтбай Назарбеков өте тамаша адам көрінді. Аққозиев /облисполком төрағасы/ уәкіл болып келіп жатыр екен.
28.04.84
Құстардың 8600 түрі бар екен.
1.05.84
“Арақ іш” деп қинау жөнінен қазекең бірінші орында ғой.
2.05.84
Сағи, Күләш, Майра төртеуміз Шәкең мен Хадиша апайдың басына барып, Құран оқыдық. Тастары қисайыңқырап қалыпты. 70 жылдығында асығыс салғандықтан болса керек.
3 май - 10 май. 84
Мәскеу. Мәскеуліктер қызық, оның ішінде қазақтар қызық, қазаққа орыс болу жараспайтынын түсінбейді.
13-15 май
Қырғыз театрының ашылуы болды. Қонаев ақсақал келді. Бүгін Майраның туған күні еді, мен асығып кетіп қалдым.
16.05.84
Әзекең екеуміз Фрунзе шаһарына тарттық. Нашар қарсы алды. Үсібәлиев деген бірінші хатшысы келмеді. “Қарагөз” спектаклімен аштық. Айтматов болды. Өте үлкен дипломат адам ғой.
17-18-19-20.05.84
Күн бірде ыстық, бірде суық. Мен ауырып қалдым. Тілектестің, Әнуардың туған күндері болды. Жалпы май айы туған күндерге толы.
23-24.05.84
Сүренсіз күндер. Өмірбек Жолдасбековке Тұраттың Айту деген баласын оқуға түсіру жайын сөйлестім. Оған мен туралы біреу өсек айтыпты. “Өмірбек арақты көп ішеді” деп біреулерге мен айтқанға ұқсаймын. Шіркін-ай, өзің айтып өлсең арман бар ма!
1.06.84
Бүгіннен бастап Шоқанның 4-ші сериясына кірісеміз. Игорь, Әбдірашит үшеуміз съемкаға жер қарадық. Тезек Төренің ауылын “Шоқан” колхозында түсіруді ұйғардық.
19-20-21-22.06.84
4 серияға актерлерге проба жасадық.
Х.Ерғалиев — Сүйінбай
С.Санбаев — Тезек
С.Оразбаев — Тезек
Ә.Молдабеков — Тезек
5-6-7-8.06.84
Үкіметіміз Шоқан, Абай секілді ұлы адамдарға аз көңіл аударады. Сәтбаевтың 80 жылдығын немқұрайлы өткізді.
Алауыздық асқына түскен кез боп тұр!
“Қазақфильм” студиясы одақтағы бір бейшара студияның бірі. Оған себеп басшылары бос белбеу