ffin.kz

Асанәлi Әшiмұлы. Менiң жанрым – күнделік 

Асанәлi Әшiмұлы. Менiң жанрым – күнделік  almaty-akshamy.kz

Асанәлi Әшiмұлы студент кезден бастап күнделiк жазуды дағдыға айналдырған  «Менiң жанрым – күнделiктiң» газеттiк нұсқасы әрдайым оқырман назарын аударып, сұранысын арттырды. 


9.02.84 
Андропов қайтыс болды. Қаратал ауданында /Үштөбе/ көрермендермен кездесуiм өттi. 


13.02.84 
Театрға келдiм. Жұмыс Eнбедi. Киностудияда болдым. Ерiк Асқаров келдi. Мен туралы кiтап жазбақшы. Бассейнге барып Сағи екеумiзге рұқсат қағазын алдым. 


15.02.84 Театрға келдiм. Шахматтан турнир өтiп жатыр. Мен 82- жылдың чемпионы едiм.


16.02.84 Бассейнге бара алмадық. Ш.Жәнiбековпен телефоннан Аймановтың юбилейi туралы сөйлестiк. Қазiр жалпы Шәкеңнiң 70 жылдық тойын дұрыстап өткiзу керек боп тұр. 


17.02.84 Эльдар Шәкеңнiң тойына келмеген едi. Ауырып қалыпты. “Алматы” қонақ үйiнде жатыр екен, соған барып жолықтым. Осетинский келiп берекенi алған соң, кетiп қалдым. Бүгiн Шәкеңмен кездескенiме 10 жыл болған күн екен. 


18.02.84 
Бассейн. Театрға келсем Рахметбайдың “Жалынға” Шәкең туралы естелiгi шығыпты. Сағиды бiр жартыға түсiрiп тұр екен.


21.02.84 
Кәукең екеумiз бiрiгiп “Қазақстан” ресторанында 50-60 адамға Шәкеңе арнап қонақасы бердiк. Мен тамада болдым. Жақсы өткен сияқты. 


22-23.02.84 
Имашев Саттар қайтыс болды. 26.02.84 Баянауылда, Шәкеннiң туған жерi Айманбұлақта болдық. Өте көркем жер ғой. Қуат Мәшһүр-Жүсiптiң өлеңдерiн оқыды. Iшiнде аздап боқауыз сөздерi бар екен. Төлен Әбдiков екеумiз әбден күлдiк.


29.02.84 “Алматы” санаторийiне келiп орналастым. Мұхтар Шахановты жолықтырдым. “Шоқан” фильмiн түсiрiп жүрген кез едi. Мұхтарға Шоқан туралы баллада жазуын сұрадым.


1.03.84 Санаторийдемiн. Бөлек залда Танцюра деген сауда министрiмен бiр столда отырдым.


2.03.84 Бильярдтан бiр-екi кiсiнi ұттым. Танцюра бөлмесiне шақырды. Өзi менiмен түйдей жасты екен.


8.03.84 Бүгiн – Төлеген Айбергеновтiң туған күнi. Ақындар жылда жиналып еске алады екен. Бұл — жақсы дәстүр деп бiлемiн. Бүгiн түсiмде Шәкеңдi көрдiм. Маған қоңыр, әдемi тiгiлген пиджагiн сыйлап жатыр. Пиджактi ашқанда өзiнiң әдемi портретi бар екен. Мұны Мұхтарға жорытып едiм, “керемет екен” дедi. Шынында жаман түс болмаса керек.


9.03.84 
Бүгiн ешқайда шықпадым. Мұхтар маған “Махаббатты сыйлау” деген жинағын ұсынды. 
Онда “Асеке! Өнерiне елi берген бағасын, 
Дарқан кеуде, күмiс сақал ағасың, 
Бiрте-бiрте күмiстенер шашың да, 
Көбейедi достарың да, қасың да, 
Өйткенi сен керек жансың ғасырға! – дептi” 
Түнiмен Мұхтардың өлеңдер жинағын оқып, сағат 1.00-де жаттым. Жүрегiм бiр түрлi ауырып, көпке дейiн ұйықтай алмаған соң тұрып дәрi iштiм. 


10.03.84 
Қар қалың жауды. Бассейнге барып келiп, бiр чемпионмен 9 рет бильярд ойнадым. Жас кезiнде ерке өскен болса керек. 
Футболдан СССР чемпионаты басталды. 


11.03.84 Қар тiзеден жауған. Нағыз қыс. Танцюра менi бильярд ойнауға шақырды. Iшi кепкенше ұттым. 


13.03.84 Көңiл-күй аса мәз емес. Бүгiн сағат 16.30-да Мұхтар Шахановпен кездесу болады. Соған баратын шығармын. Мұндай шаруаны Мұхтар жақсы көредi. Мен керiсiншемiн. Бұл жақсы ма, жаман ба бiлмеймiн. 


17.03.84 Әлi демалыс үйiндемiн. Әбу Сәрсенбаевқа бiр кiсiлер келген екен, телефондап шақырып алды. Зейнолла Қабдолов болды. Сөздiң майын тамызады-ау. Бүгiн Тыңға – 30 жыл.


20.03.84 Бүгiн мұнда менiмен кездесу өттi. Үйден Майра мен Сағи келдi. Мұхтар алғысөзбен бастады. Кеш өте жақсы өттi. Әсiресе Зейнолла Қабдоловтың алған әсерi күштi екен. 


23.03.84 Бүгiн күнi бойы алма жедiм. Кешкiсiн театр. “Қозы Көрпеш..”. Қодарды ойнаймын. Спектакльге Майра мен Күләш келдi. “Бұрынғыдай емес, ауырлап қалыпсың, шеберлiкпен алып жүрсiң” дегендей айтты. Онысы дұрыс. 1971-1984 жылдардан берi ойнап келемiн. Санаториге келген бетте көк шайды ұрдым. 


24.03.84 Ашим Арзиев /Ұйғыр ауданының бiрiншi секретары/ бөлмесiне шақырып, бас қойды. Үйден Сағиды шақырып алдым. Үйдемiн. Өз үйiң, өлең төсегiңе жететiн не бар?! Оның үстiне Майра сияқты хозяйкаң болса, көз тимесiн. Майра дегендер алтын ғой. Құдаларды /Сағи жағынан/ шақыруға дайындалып жатыр. 


26.03.84 Мәскеудемiз. Шәкеңнiң 70 жылдығын өткiзуге келдiк. ...Роллан Сейсенбаев аңқылдаған жақсы жiгiт сияқты, бiрақ өте сараң болу керек. 


28.03.84 Қ.С. эгоист жiгiт, не iшпейдi, страшный карьерист болып шықты. Тiрегi мықты, ақылы шамалы жiгiт екен. 


29.03.84 ...Қазақтың басы қосылса арақ iшетiн бiр ауруға тап болдық. Самолеттiң iшiнде де солай.


16.04.84 
Жазушылар одағына бардым. Ғабең өз есебiнен бильярдтан турнир өткiзiп жатыр екен. Кешкiсiн үйге ертерек келдiм. Мен ерте келсем үйдегiлер қуанып қалады. Майра әр уақытта үйде күтедi. Маған мұндай алтын әйел берген Құдайға мың да бiр рахмет. 


17.04.84 Бiрiншi рет Мойынқұм ауданына сапар шектiм. Жақсы қарсы алды. Райкомның бiрiншi секретары Айтбай Назарбеков өте тамаша адам көрiндi. Аққозиев /облисполком төрағасы/ уәкiл болып келiп жатыр екен. 


28.04.84 
Құстардың 8600 түрi бар екен. 


1.05.84 “Арақ iш” деп қинау жөнiнен қазекең бiрiншi орында ғой. 


2.05.84 Сағи, Күләш, Майра төртеумiз Шәкең мен Хадиша апайдың басына барып, Құран оқыдық. Тастары қисайыңқырап қалыпты. 70 жылдығында асығыс салғандықтан болса керек. 


3 май - 10 май. 84 
Мәскеу. Мәскеулiктер қызық, оның iшiнде қазақтар қызық, қазаққа орыс болу жараспайтынын түсiнбейдi. 


13-15 май 84  
Қырғыз театрының ашылуы болды. Қонаев ақсақал келдi. Бүгiн Майраның туған күнi едi, мен асығып кетiп қалдым. 


16.05.84 
Әзекең екеумiз Фрунзе шаһарына тарттық. Нашар қарсы алды. Үсiбәлиев деген бiрiншi хатшысы келмедi. “Қарагөз” спектаклiмен аштық. Айтматов болды. Өте үлкен дипломат адам ғой. 


17-18-19-20.05.84 
Күн бiрде ыстық, бiрде суық. Мен ауырып қалдым. Тiлектестiң, Әнуардың туған күндерi болды. Жалпы май айы туған күндерге толы. 


23-24.05.84 Сүреңсiз күндер. Өмiрбек Жолдасбековке Тұраттың Айту деген баласын оқуға түсiру жайын сөйлестiм. Оған мен туралы бiреу өсек айтыпты. 


1.06.84 Бүгiннен бастап Шоқанның 4-шi сериясына кiрiсемiз. Игорь, Әбдiрашит үшеумiз съемкаға жер қарадық. Тезек Төренiң ауылын “Шоқан” колхозында түсiрудi ұйғардық. 


19-20-21-22.06.84 
4 серияға актерлерге проба жасадық. Х.Ерғалиев — Сүйiнбай С.Санбаев — Тезек С.Оразбаев — Тезек Ә.Молдабеков — Тезек 


5-6-7-8.06.84 Үкiметiмiз Шоқан, Абай секiлдi ұлы адамдарға аз көңiл аударады. Сәтбаевтың 80 жылдығын немқұрайлы өткiздi. Алауыздық асқына түскен кез боп тұр! “Қазақфильм” студиясы одақтағы бiр бейшара студияның бiрi. Оған себеп басшылары бос белбеу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41