Алматы қаласындағы жастардың баспана мәселесін шешуге бағытталған «Алматы жастары» бағдарламасы көптеген жас мамандарға өз үйінің иесі атануға мүмкіндік беруде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жас отбасылар жалдамалы пәтерден өз үйіне көшіп, баспаналы болғандарын тойлауда. Баспана алу шарттары қолжетімді болып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, Алматы қаласының жастары үшін тұрғын үй алу бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті!
Осы жылы баспаналы болғандардың бірі – Алматы қаласының тумасы, жас пәтер иесі Әсем ЕРЖАНҚЫЗЫ өз тәжірибесін былай баяндайды:
- «2019 жылы еліміздің Президенті «Жастар жылы» деп жариялаған кезде, жастарға бағытталған жаңа мүмкіндіктер есігі ашылды. Сол жылы іске қосылған «Алматы жастары» бағдарламасы, 29 жасқа дейінгі жастардың болашағына сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді. Мен де сол талаптарға сай болып, бағдарламаның алғашқы шақыруына қатысып, бірінші негізгі тізімге ендім. 2020 жылдың наурыз айында өтінішімді тапсырған соң, процестің әр қадамы айқын және түсінікті түрде ұйымдастырылды. Құжаттарды дайындау мен тапсыру кезіндегі барлық нұсқаулықтар маған жеңіл әрі түсінікті болып берілді. Нәтижесінде, маусым айында мен 46 шаршы метрлік, заманауи жабдықталған және өте ыңғайлы пәтерімді алдым. Бұл пәтер мен үшін жай ғана төрт қабырғадан құралған үй емес, болашаққа деген сенімнің нышанына айналды. Егер осы бағдарлама арқылы баспаналы болмасам, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың талаптары тым көп және күрделі болғандықтан, өз үйімді алу мүмкіндігі әлдеқайда қиын болар еді. Сондықтан да «Алматы жастары» бағдарламасы жастарға тиімді шарттар ұсыну арқылы өз армандарына қол жеткізуге жол ашты. Мен өзімнің арман үйіме қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Бұл мүмкіндік мен сияқты көптеген жас мамандардың өмірінде жаңа бетбұрыс болып табылады. Осындай қолдауды көрген әрбір жас азамат өз болашағын жарқын ете алатынына сенімдімін. Пәтер алғандардың барлығын шын жүректен құттықтай отырып, жастарға осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен президентімізге және бағдарламаны іске асыруға атсалысқан барлық қызметкерлерге шексіз алғысымды білдіремін.»
Бұл бағдарлама жастардың болашағына деген сенімін арттырып, арман үйлеріне жол ашып, мемлекеттік қолдаудың нақтылы үлгісіне айналды. Сонымен қатар, осындай қолдаулар жастардың әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосып, еліміздің тұрақты өсуіне ықпал етеді. Осылайша, жастарға арналған осындай бағдарламалар тек баспана алу мәселесін шешіп қоймай, олардың болашаққа деген үмітін арттырып, жаңа мүмкіндіктер есігін ашады.