ffin.kz

«Әр жастың адамға берер несібесі бар»

«Әр жастың адамға берер несібесі бар» almaty-akshamy.kz

    Тазарғың келсе, театрға бар


    «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» демекші, осы салада талантымен талайды тамсандырған Меруерт Омарбекова апайымыз алпыс жасқа толды. Киелі сахнада түрлі образдарды дүниеге әкеліп, өзгеше жан бітірді. Мәселен, ол «Түлкі бикеште» басты кейіпкер –Денизаның рөлін сомдау арқылы елге етене танылды.  Ол 30 жылдай Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында еңбек етті. "Өнерім – өмірім" деп, сахнаға жан-тәнімен берілген талантты актрисамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


     Әңгімемізді өзіңізден, өнерге келуге ықпал жасаған жәйттардан бастасақ.


    – Киелі Түркістан жерінде дүние есігін аштым. Әкемнің жұмысына байланысты Жезқазған қаласына қоныс аудардық. 1979 жылы 16 жасымда  Театр және Көркемсурет институтына оқуға тапсырдым. Алғашында драма жанрына тапсырамын деген үмітпен келгенмін, қабылдау комиссиясына өз өнерімді де көрсеттім. Марқұм Шолпан Жандарбекова апайымыз: «Сен қыз әнді де айтады екенсің, бидің де түбін түсіресің, саған Кәукен Кенжетаев ашып жатқан Музыкалық театр артисі факультетіне бару керек қой», – деп жөн сілтеді. Ауылдағыларға драма актрисасы боламын деп айтып қойғанмын. Анашым: «Сені Никулиннің оқуына жібердік пе?» – деп ұрысып та алды. Алайда, бағымды сынап, осы факультетке құжатымды тапсырдым. Оқуға түскендердің көбісі дерлік майталман әншілер – Роза Рымбаева, Майра Ілиясова, Құдайберген Бекіш сынды әртістер болатын. Тобымызда екі-ақ адам мектептен кейін келген. Соның бірі мен едім, қатарымның алды болуға ұмтылдым. Сабақтарымды да қалдырмай орындап жүрдім. Ұстазым Рахилям Машурованың берген білімі күні бүгінге дейін азық болып келе жатыр. Көпшілігіміз өнердің баспалдағын сол кісіден бастаған едік. Саған білім мен тәжірибені береді де, сол берген білімді сенен алатын да еді. Бір кездері Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз да сабақ берген болатын. Ол кісіден тәлім-тәрбиені де, білгендерін де бойымызға сіңірдік. Жалпы айтқанда, алдымыздағы абыздарымыздың, нақтылап айтсам, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Жамал Жармұхамедова, Нұрмұқан Жантөрин, Әнуар Молдабеков   ағаларымыздың еңбектерін көріп өскендіктен, алға қарай дамымау мүмкін емес еді.       



     Оқу бітіре сала, бірден Әуезов атындағы драма театрына жұмысқа орналастыңыз ба?


    – Төрт жылдық білімнен кейін Семейге тәжірибе жинауға аттандым. Бір жыл көлемінде сол жақтағы театрда жұмыс жасадым, басты рөлдерді сомдадым. Тұрмыс құрдым, жолдасым алматылық болғандықтан,  ару қалаға қайта оралдым. Ортада  бір жыл өткеннен соң, Алматыдағы Әуезов атындағы драма театрына келуге бел будым. Мұнда мені құрбым Роза Рымбаева күтіп алды. Өзіме сәл сеніңкіремей, құрбыма театрға алып баруға өтініш жасадым. Не дегенмен, танымал әнші ғой, айтқанына бола алып қалар деген үміт болды. Екеуміз театрға кірдік. Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз отыр екен, жайлап ыңғайымызды білдіре бастағанымызда, ол кісі Розаға қарап: «Сен өнерге  біреу арқылы келдің бе?»,  –  деп сұрады. Сонда Роза тұрып: «Жоқ, өзім келдім»,– деп жауап берді. Әзірбайжан ағамыз: «Мен де өзім келдім, ендеше бұл қыз неге өзі келмейді?» – дегенде, Роза тұрып: «Меруерт өте талантты қыз, талай рөлдерді  сомдаған, оны мен білгенмен, сіз білмейсіз ғой», – деп жауап берді. Сонда Әзірбайжан ағамыз театрда қазірше орын жоқ екенін, бірақ әзірге келіп жүруіме  болатынын айтты. Арада  алты ай уақыт өтті, театрға күнде келуімді тоқтатқан жоқпын. Әдеттегідей, күндердің бірінде Әзірбайжан ағамыз аяқ астынан:  «Қане, өнеріңді көрсет!» – дегенде, сасып қалдым, бұл менің соңғы үмітім секілді көрінді. Қолымнан бар келгенін аямадым, әнді де айттым, биді де биледім, монолог та оқыдым. Осы еңбегімді бағалап, ақыр соңында театрға алды.


    Алғаш қандай рөлдерді сомдадыңыз? Қиындықтар туындаған кездер болды ма?


    –Киелі шаңыраққа қабылданғаннан кейін қызықты рөлдерді сомдай бастадым. Мысалы: «Түлкі бикеште» Денизаның, «Біздің класстың қыздарында» Шолпанның рөлдерінде ойнадым. Кейіннен Болат Атабаевтың «Махаббат – махаббат» спектаклінде Несібеліні сомдадым. Есте қалған қызық жағдай – «Түлкі бикеш» спектаклінде Дениза әнді көп айтатын образ болатын, мен өз дайындығымды көрсету үшін жетекшіні шақырдым. Бұл жерде  бірінші әнге, одан кейін актерлік шеберлікке қарайтын. Әнді орындап шықтым, жетекші қабылдамады, екінші рет қайта тапсырдым, тағы да қабылдамады, содан не керек, жетінші рет дегенде әзер қабылдады. Бұл менің алғашқы рөлдерім болғандықтан, естен кетпестей болып есімде қалды. Содан кейін режиссер Әубәкір Рахимовтың «Бес бойдаққа бір той» спектаклінде Күйкетайды ойнадым.



    Кейіннен өміріме үлкен өзгерістер енгізген, басқа жағымнан ашылуыма себепші болған талантты режиссер Болат Атабаев еді. Ол кісі өте талапшыл, жасандылықты жек көретін адам болды. Спектакльде рөлді сомдағанда жасанды дауысты емес, жүректен шыққанын қалайтын. Театрға көптеген жаңалықтар алып келді. Соның бірі – басқаша ойлауды дамыту болатын. Яғни болмай тұрған шаруаны 180 градусқа бұрып, болатын қылып шығаратын. 


    Театрдан бөлек, экран бетінен де сіздің актерлік өнеріңізді тамашалаған едік, осы жайлы қысқаша айта кетсеңіз.


    -Шынымен де, біршама киноға да түсіп, бақ сынап көрдім. «Парыз» сериалындағы Асанның шешесінің рөлін сомдағанымда, кинода театрға қарағанда өзгешелік бар екенін байқадым. Атап айтсақ, театрда образды ашу үшін әнмен не бимен, іс-қимылмен көрсетуге болады. Ал кино саласы мүлде басқа, 90 пайызға эмоция болса, қалған 10 пайызы түсірілім мен өңдеу болып табылады. Осы жағынан аздап қиындықтар болғанмен, жалпы, жаман емес, ол жақта да сәтті өнер көрсетуге болатынына көзіміз жетті.


    Көрермен қошеметі көңіліңізден шыға ма? Жас буын жайлы ойыңыз қандай?


    – Менің байқауымша, соңғы жылдары көрермендер тарапынан театрға деген талап күшейіп келе жатқан сияқты. Әсіресе, жастар жағына басымдық беруі - кісіні қуантарлық жағдай. Пандемия кезінде көрермен саны 50 пайыздан аспай отырса, пандемия басылып, шамалы еркіндік берілгеннен кейін зал лық толып отырғанын көрген кезде жүрегіміз зырқ етіп, үйренісе алмай қалғанымыз бар. Онымен қоса, театрда  жас актерларға деген талап пен сұраныс артып келе жатыр. Оларға жасалып отырған жағдайлар да кісі қуантарлық. Мысалға айтсақ, таңертең би сабағы болса, түстен кейін вокал, акробатика сынды қосымшалармен қамтамасыз етілген. Арасында сол қосымшаларға өзім де барсам ғой деп әзілдеп қоямын. Осының арқасында қазіргі жастар шыңдалып, қай бағыт болса да иіріп алып кететін болған. Әртіс адам  сегіз қырлы бір сырлы болуы керек. Неге десеңіз, театрда қатып қалған қағида жоқ, әртүрлі рөлдерді сомдау қажет болады, осылардың бәріне ішің мен сыртың бірдей дайын болғанда ғана еш қиындықсыз берілген бейнені жоғары деңгейде орындап шығуға болады. Міне, осыны негізге алатын болсақ, қазіргі жас актерларымыз өте дарынды және талапқа сай, жоғары деңгейде деп айтуға толық негіз бар.



    Өміріңізде болған ерекше жағдайлармен бөлісе отырсаңыз.


        –Өнерде талантыңды ашып көрсете алу үшін әріптестеріңнің рөлі өте маңызды орын алады. Жаныңдағы әріптесіңмен үндесе білуді өнердің шыңы деп те айтар едім. Құдайға шүкір, мұндай әріптестер менде де болды. Бекжан Тұрыс, Данагүл Темірсұлтанова, Дулыға Ақмолда сынды  әріптестерімнің арқасында спектакльді сәтті орындап, көрермен қошеметіне бөлендік. Асанәлі ағамыздың «Фархат–Шырын» спектаклінде ойнаған кезде 7 ай дайындық барысында 15 килограмға жуық салмақ тастадым.  Асанәлі ағамыздың талабына сай болу үшін өте үлкен еңбек керек болды. Шыны керек, сомдаған рөлдерімнің ішінде қатты бір қиналған бейнем осы Мехмене Бану бейнесі болды. Себебі, бұл бейнеде тек актерлік шеберлік қана емес, дауыс та маңызды рөл атқарды. Сахнаның артқы жағында отырған көрерменге даусымызды дұрыс жеткізе алу үшін көп күш салдық. Бұл спектакльдің қиындығы – өзім ойнаған Мехмене Бану бейнесі – патшаның образы, ғашықтық сезім, бауырға деген мейірімділік, махаббатқа деген қызғаныш, қимастық, толқыныс сынды эмоцияларды өз бойына сіңірген үлкен образ болды.


    Енді отбасыңыз жайлы да айта кетсеңіз.


    –Жалпы айтқанда, әрбір орындап шыққан образымның әрқайсысының жеке-жеке оқиғалары бар. Бірақ осылай өнерде жүргенімде, отбасыма көңіл бөлуім аса оңай болмады. Бірақ мені түсініп, қолдап келген отбасыма, жолдасыма, балама рахметімді айтамын. Жолдасым құрылысшы-инженер, көп оқыған, көзі ашық кісі. Әрқашан спектакльге келіп қолдау көрсетіп, қателіктерім болса, талқылып айтып отырады. Балам да мені түсініп, өз қолдауын аямайды. Балам да өнерге жақын өсті, арасында әртістердің балаларына жаны ашитынын айтып отырады. Енді өнер адамы болғаннан кейін үйде болсаң да, сахнадағы образды ойлап отырасың ғой. Сондай сәттерде бала-шағамызға толық көңіл бөле алмай қалдым ба деп ойланып қаламын.


    Сөз соңында өз алғысыңызды кімге білдірер едіңіз?


        –«Әр жастың адамға берер өз несібесі бар» демекші, сахнада жүргенімізге отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Жасымыз елуге таяп қалды, бірақ әлі де болса өз заманымызда өзімізге тән бейнелерді сомдап келеміз. Өткенді еске түсірсек, заманымыз қас қаққанша өте шыққандай көрінеді. Баяғыда бізге ақыл айтатын ақ самайлы аналарымыздың орнына өзіміз келіп, жас буынға өз тәжірибеміз бен тәрбиемізді беріп жүрміз. Бұл да болса Алланың бізге берген нығметі болар. Осы уақытқа дейін қолдап, қошеметтеп келген отбасыма, жақындарыма және көрермендерге алғысым шексіз!

    Сіздің реакцияңыз?
    Ұнату
    0
    Ұнамайды
    0
    Күлкілі
    0
    Шектен шыққан
    0
    Соңғы жаңалықтар

    17:49

    17:33

    16:55

    16:55

    16:37

    16:15

    16:07

    15:58

    15:19

    15:05

    14:30

    14:22

    14:14

    13:35

    13:10

    12:49

    12:43

    12:32

    12:21

    12:04

    11:51

    11:00

    10:53

    10:51

    10:37