Ар алдындағы адалдық: Алматыда тергеу қалай жүргізіледі?

Ар алдындағы адалдық: Алматыда тергеу қалай жүргізіледі? Сурет: автор

Полициядағы айрықша орны бар салалардың бірі – тергеу қызметі. Қоғамда қылмыс орын алса, оқиғаның жай-жапсарын анықтап, күдіктілер жасаған қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, сотқа жолдайтын – дәл осы мамандық иелері. Тергеуші – қылмыстың ізі суымай тұрып, іске кірісетін, жәбірленуші мен күдіктінің уәжін таразыға салып, жіті зерттейтін маман. 

Алматы қаласы Полиция департаментінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі, полиция капитаны Нұрболат Іңкәрбек те осы маңызды салада абыройлы қызмет атқарып келеді. Ол бізге берген сұхбатында Алматыда болатын қылмыс түрлері мен сипатын, тергеуші жұмысының қыр-сырын айтып берді. 

Нұрболат Қайратұлы полициядағы еңбек жолын әуелі 2018 жылдан  2020 жылға дейін Бостандық аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінде аға тергеуші болып бастаған. Ал сол жылдан қазірге дейін Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеу басқармасында жұмыс істейді. Еңбек өтілі жеті жылдан асқан полиция капитанының айтуынша, тергеуші болу – ең алдымен ардың ісі.

«Алматы қаласында тергеу басқармасы бес бөлімнен тұрады. Жеке тұлғаларға қатысты, жеке меншікке, қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар бөлімі, одан кейін жақында ашылған киберқылмыстарға қатысты және соңғысы - аудандық полиция басқармаларындағы тергеу жұмыстарына бақылау жасайтын аймақтық бақылау бөлімі.  Мен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар бөлімінде жұмыс істеймін.  Біз тек ауыр және аса ауыр қылмыстармен айналысамыз. Бұл жерде тек тәжірибелі тергеушілер қызмет етеді. Себебі мұндай істерді тергеу күрделі болғандықтан,  арнайы дайындық пен тәжірибе қажет», - деп сипаттап өтті жұмысын.

ӘР ІСТІҢ АРТЫНДА АДАМ ТАҒДЫРЫ ТҰР

Қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың тергелуінде бұл санаттағы істер әрқашан қоғамның назарында болады. Тергеу барысында мамандар дәлелдемелер жинап, тергеу әрекеттерін жүргізеді: жауап алу, беттестіру, сараптама тағайындау, тергеу эксперименттері, жасырын тергеу әрекеттері секілді шаралар жүзеге асады. Егер адамның кінәсі дәлелденсе, қылмыс аса ауыр болса, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталуы туралы есеппен немесе істі айыптау актісімен прокуратураға жолданады. Әрі қарай прокуратура қызметкерлері тергеушілер жинақтаған дәлелдемелерді, іс құжаттарын қарап, заңды болса, сотқа жолдайды.

-Айына, жылына қанша іс тергейсіздер? Сіздерге белгілі бір көрсеткіш міндеттеле ме? – деген сұрағымызға:

-Ата заңымызбен бекітілген «Адамның кінәсіз деп танылу презумпциясы» деген қағида бар.  Әр адам соттың заңды үкімі шықпай тұрып кінәсіз деп саналады. Сондықтан біз тергеу барысында тек кінәсін дәлелдейтін емес, оны ақтайтын мән-жайларды да міндетті түрде қарастырамыз. Егер кінәсі дәлелденбесе, іс тоқтатылады. Өз басым өткен жылы 178  істі аяқтап, тергеу жұмыстарын толық жүргіздім. Шешім шығарып, сотқа жолдадым.  Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты істер де бар. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 192-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі — екі ай. Қажет болған жағдайда бұл мерзім прокурордың қаулысымен ұзаруы мүмкін. Тергеушінің жұмысы істің күрделілігіне, эпизодтар мен қатысушылардың санына байланысты. Кейбір істерде ондаған эпизод болады. Бірақ мәселе көрсеткіште емес, әрине. Ең бастысы – сапа. Күдікті болсын, жәбірленуші болсын — әр істің артында адам тағдыры тұр »- дейді Нұрболат.

Оның айтуынша, әр тергеуші бір уақытта кем дегенде төрт-бес істі қатар алып жүреді. Бірнеше іспен жұмыс істеу тергеу сапасына әсер етпейді. Оған қоса, тергеушілерде ашылмаған, яғни күдікті әлі ұсталмаған істер де болады екен.

— Тергеу барысында қандай қиындықтар жиі кездеседі?

— Қиындықтар көп. Мысалы, адамды уақытша ұстау  изоляторынан шығару қиындық тудырады. Ол жерде тергеуге қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы орын жетіспейді. Сот сараптамаларымен де  мәселе туындайды. Біз Алматы қаласының сот сараптамасы институтына жүгінеміз. Бірақ кейбір мамандардың болмауына байланысты, кейде Астанаға жолдауға тура келеді. Адам өлтіру фактілері бойынша адамның аффект күйінде болғанын немесе ақыл-есі дұрыс не дұрыс еместігін анықтау үшін психологиялық, психиатриялық сараптама қажет. Бұл да кейде ұзаққа созылады.

«ТАУ БӨРІСІЗ, АУЫЛ ҰРЫСЫЗ БОЛМАЙДЫ»

Тергеушінің айтуынша, қаланың барлық сегіз ауданында да қылмыс тіркеледі. Олар бір-біріне ұқсамайды. Ұрлық та әртүрлі болады: қалта ұрлығы, пәтер тонау - бәрі әртүрлі адамдардың әрекеті. Көбіне бір қылмысты жасап, шартты жаза алып шыққан адамдар қайтадан  сол жолға түседі. Ұрылар бұрын да болған, қазір де болады. Қазір интернет алаяқтардың да саны артты.  Қылмыстық процестік кодекстің 113-бабына сәйкес, қылмыстың алдында, кезінде және кейінгі жағдайлар толық зерттеледі.

АҚИҚАТТЫҢ АЛҒЫ ШЕБІНДЕ: Тергеуші еңбегі тасада қалып жатады

«Біз өз қызметіміз арқылы әділдікті орнатуға тырысамыз. Халықпен тікелей байланыс орнатып, құқықтық әділдік орнатуға күш саламыз. Көп жағдайда тергеушілердің еңбегі көзге көрінбей қалады. Қазақстанда Қылмыстық кодексте көрсетілген істердің 96%-ын ішкі істер органдарының тергеушілері тергейді.  Тергеп отырған тұлғаның шындықты айтып отырғаны немесе бір нәрсені жасырып отырғаны бірден байқалады. Бірақ біз қылмысқа қатысы бар екенін сезгенімізбен, кінәсі толық дәлелденгенше тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастыра береміз», - дейді тергеуші.

Иә, расында да, қоғам назарын аудартқан қылмыстық істерде тергеушілердің жұмысы тасада қалып жатады. Сот отырысына қатысушылар ретінде, әдетте, прокурорлар мен адвокаттардың сөзін тыңдап, төрағалық етуші соттың қаулысына, үкіміне назар аударады. Алайда, сол істің сотқа дейін жетіп, прокуратура мен қорғау тараптарының жұмысының алға жылжуына мүмкіндік беретін - тергеушілердің қажырлы еңбегі екенін ескермей жатамыз. Істің әділ қаралып, сотқа жолдануы ең алдымен тергеу сапасына байланысты.

«Прокуратура - қадағалаушы орган. Қылмыстық істе жеті негізгі шешім олардың келісімінсіз қабылданбайды. Мысалы, адамды күдікті деп тану, іс-әрекетін саралау сияқты қаулылар. Прокуратура бұл шешімдерді қарап, қажет болса, күшін жоя алады немесе кері қайтарады. Қысқаша айтқанда, біз тергеуді жүргіземіз, олар заңдылығын бақылайды. Сотқа дейінгі тергеуде прокурорлармен тығыз байланыста жұмыс істейміз», - деді ол.

Сұхбат кезінде Нұрболат тергеушілерге қысым көрсетіліп, істі жүргізуде кедергі келтіретіндер болатынын айтты.

«Өзімнің тәжірибемде ондай жағдайлар болған жоқ. Бірақ  әріптестерден естіп жатамыз. Мысалы, қамауда отырған күдіктілер хабарласып, «жақында босап шығамын, сені табамын» деп қоқан-лоқы көрсетеді.  Өкінішке қарай, қазір кейбір блогерлер мен танымал тұлғалар тергеуге қатысы бар ақпараттарды ашық жариялап, жалған немесе расталмаған мәліметтерді таратып жатады.  Бұл қоғамда дұрыс емес көзқарас қалыптастырып, тергеушінің әділ шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін.  Тергеушілердің жұмысына едәуір кедергі келтіреді. Сондықтан біз барынша заң шеңберінде әрекет етіп, тергеу құпиясын сақтауға тырысамыз», - деді полиция капитаны.

ТУҒАН АНАСЫН ПЫШАҚТАҒАН...

Әңгімелесу барысында Тергеу басқармасының маманы өзінің ойында қалған, қатты әсер еткен істер жөнінде айтып өтті.

«Аға буын тергеушілерден: «Тергеуші болғаныңа 10 жыл толмаса, өзіңді тергеушімін деп айтпа!» деген сөзді естіген едім. Бұл біздегі жазылмаған заңдылық десем де болады. Еңбек өтілім он жыл болмаса да, өз тәжірибемде күрделі, ауыр істер болды. Психологиялық тұрғыда қатты әсер еткен іс – анасын қатыгездікпен өлтірген адамға қатысты тергеу болды. Күдікті туған анасын 48 рет пышақтап өлтірген. Әрі бұл менің тәжірибемдегі адам өлтіру фактісі бойынша алғаш жүргізген тергеуім еді.  Іс басталған сәттен соңына дейін өзім жүргіздім. Оқиға орнына барып, тергеу әрекеттерін жүргізу, дәлелдемелерді жинақтау мұның бәрі оңай болған жоқ. Ауыр көріністермен алғаш рет бетпе-бет келгенде,  қатты әсер етеді», - деді тергеуші.

Алматы қаласы Полиция департаментінде оңай қылмыстық іс деген болмайды. Әрбір іс өз алдына күрделі. Тергеушіге қандай іс тапсырылса да, оны жеңіл не ауыр деп бөліп қарамайды. Басшылық құрам сеніп тапсырған істі соңына дейін жеткізу керек.

Нұрболат Қайратұлы, қазір қоғамда «тергеу кезінде қысым көрсетіледі, мойындату үшін ұрып-соғады» деген сияқты пікірлер айтылып жүр. Бұған не айтасыз?

— Жеке тәжірибемде ондай жағдайлар болған жоқ. Қазір байқап отырсаңыз, барлық тергеу бөлмесінде, дәліздерде бейнебақылау орнатылған.  Тергеу әрекеттері міндетті түрде бейнебақылауда өтеді.  Егер тергеуші заңсыз әрекет жасаса, оны дәлелдеуге мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда жауапкершілікке тартатын арнайы органдар да жұмыс істейді. Кейде күдіктілер сот отырысында жауапкершіліктен жалтару үшін «маған қысым жасалды, сондықтан солай жауап бердім» деп тергеуде берген жауабынан  бас тартады. Бірақ қылмыстық іс тек бір ғана мойындаумен емес, тергеу әрекеттерінің, сараптамалардың, дәлелдемелердің жиынтығымен негізделеді.

ТЕРГЕУШІГЕ ТӘН БАСТЫ ҚАСИЕТ – ӘДІЛДІК

«Біздің жұмысымыздың өзегі – әділ болу деп санаймын. Себебі, тергеушінің іс әрекеті, шешімі адамның тағдырына әсер етеді. Прокурор мен сот сияқты біз де тәуелсіз шешім қабылдаймыз. Сондықтан тек қырағылық жеткіліксіз. Терең білімді, кәсіби шебер болуымыз керек. Біз кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін анықтаймыз. Бірақ бәрінен бұрын алдымызда адам отырғанын ұмытпауымыз керек. Егер тергеушінің бойында әділдік  пен адамшылық болмаса, бәрі бекер.  Тергеуші әріптестеріме айтарым, ар мен ұятты алға қойып, кәсібімізге адалдық танытайық дегім келеді», - деп түйіндеді сөзін тергеуші.  

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:44

18:05

17:52

17:51

17:47

17:44

17:40

17:26

17:06

16:29

16:17

16:12

15:59

15:38

15:22

14:44

14:41

14:18

14:08

14:03

13:36

12:53

12:42

12:32

12:19