Бүгін Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, халықтың сүйікті әншісі Мәдина Ералиеваның туған күні.
Көзі тірі болса күміс көмей Ақбаян әнші 70 жасқа толар еді.
Мәдина Есмалайқызы Ералиева Қызылорда облысының Қазалы ауданында 1954 жылы 2 тамыз күні дүниеге келген.
Пионер Мәдина. - Суреттің сол жағында Қазалы қаласындағы № 5 мектеп-интернаттың пионер дружинасы советінің төрағасы Мәдина Ералиева. 1966 жыл.
Мәдинаның оқушы кезі. - Екінші қатарда сол жақтан екінші тұрған Қазалыдағы № 5 мектеп-интернаттың 6-класс оқушысы Мәдина Ералиева. 1967-68 оқу жылы.
Бойжеткен Мәдина. - Мәдинаның Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеде оқып жүрген кезі. 1972 жыл.
Облыстық театр сахнасында. - Мәдинаның өнеріне бастау болған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы облыстық театрдың сахнасы еді. 1970 жыл.
Студенттік шақ. - Алдыңғы партада (сол жақтан бірінші) отырған Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының студенті Мәдина Ералиева. 1975 жыл.
Аспирант Мәдина. - Мәдина Ғылым Академиясының аспирантурасында оқып жүрген кезінде «Адырна» ансамбліне жұмысқа шақырылған еді. 1979 жыл.
Сахналық киімді өлшеу. - Мәдинаның «Адырна» сазды-фольклорлық ансамблінде ән шырқап жүрген кезі. 1978 жыл.
Мәдина алғашқы әндерін баянмен орындайтын. - Мәдина Ералиева өзінің жұлдызын жандырған «Ақбаян» әнін шырқап тұр. 1978 жыл.
Әнші мен режиссердің үйлену тойы. - Мәдина Ералиева мен Болат Атабаевтың некелесу сәті. Алматы қаласы, 1980 жыл.
«Адырна» ансамблі туралы кітап. - Мұқабасында Мәдинаның суреті басылған бұл кітап 1990 жылы Францияда жарық көрді.
Ақтау айдынындағы аққулар. - Каспий теңізінің жағасындағы Ақтау қаласындағы гастролдік сапар кезінде. 1997 жыл.
Әнші сүйікті көлігімен. - Мәдина Ералиева әнші қыздардан алғашқы болып көлік жүргізген еді, 1998 жыл.
Анасы мен баласы. - Мәдина жалғыз ұлы Арсенмен бірге өз үйінде. Алматы, 1999 жыл.
Сүйікті ақ рояль. - Тамаша әндерін сүйемелдеген осы рояль Мәдинаның жақсы көретін аспабы еді. Өз үйінің қонақ бөлмесінде. 2000 жыл.
Ақбаян десе Ақбаян еді-ау! - Әнші Мәдина Ералиева сахнаға шығар алдында. 1999 жыл.
Мәдина өмірінің соңғы жылында.
Әнші «Күрең күзде» бақиға сапар шекті.
2000 жылы 27 қараша күні туған жерінен Алматыға қайтар сапарында, Қызылорда облысының Майлыбас қиылысы маңындағы Арал-Ташкент тас жолында жол апатынан қайтыс болды.
Мәдинаны ақтық сапарға шығарып салу. - Әншімен қоштасу өзі ұзақ жылдар қызмет еткен Жамбыл атындағы филармонияда болды. Қараша айы 2000 жыл.