ffin.kz

Ақ жол, жас лейтенанттар!

Ақ жол, жас лейтенанттар! Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясы шекарашы офицер кадрларын  дайындайтын еліміздегі бірден-бір әрі Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы  аумағындағы бай тарихы бар, бірегей оқу орны болып табылады.


Өзінің даңқты жолымен айшықталған әскери оқу орны алғашында  Ф.Дзержинскийдің атымен аталған Алматы шекара училищесі Кеңес Одағы аумағына тіпті, одан тыс жерлерге де әйгілі болды. Бүгінде аталмыш оқу орны ҚР ҰҚК Шекара академиясы деген атқа ие, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Шекара академиясынан түлеп ұшқан түлектер оның даңқын асырып келеді. Олар Ұлы Отан соғысы кезінде, бейбіт күнде де ержүрекпен Мемлекеттік шекара шебін күзете білді. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасын осы жылдары 35 000 мыңнан астам түлек бітірді. Оның   45 түлегі Кеңес Одағының батыры, біреуі екі мәрте және бесеуі Ресей батыры атағына ие болды. Сондай-ақ аталмыш оқу ордасының 300-ден астам түлегі генерал атағына қол жеткізді.


Бүгінде аға буын ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрін жалғастырған ізбасарлары егеменді Қазақстанның  шекарасын сенімді күзетуде және Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің әскери бірлестіктерімен бөлімдері,  басқа да бөлімшелерінде біліктілікпен  басшылық жасауда.


Тәуелсіздік алған жылдан бері Академияны 8 мыңнан астам офицер бітірді. Олар алғашқы қызмет жолдарын шалғайда орналасқан шекара заставасы бастығының орынбасары болып бастайды. 


Шекара академиясында 70-тен аса ғылыми қызметкер табысты еңбек етіп келеді. Оның  7 ғылым докторы,  29 ғылым кандидаты,  12 PhD докторы,  28 профессорлармен доценттер абыройлы қызмет етіп жүр.


2023 жылдың 24 маусымында ҚР ҰҚК Шекара академиясын 200-ден астам шекарашы курсант оқуын ойдағыдай аяқтады. Оның ішінде 30 түлек үздік диплом иегері атанды. 3 курсант Президент қолынан алғашқы «лейтенант» әскери шенін алды.



Айта кету керек, биыл тұңғыш рет Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының 50-ге жуық курсанты  шекарашылармен бірге диплом мен төс белгісін алды. Олардың арасында жалғыз қыз бар. Болашақ қауіпсіздік қорғандарының 25 түлегі де оқуын үздік дипломға  бітірген. Оның төртеуі « Спорт шеберлігіне үміткер» екен.


4 жыл оқып Шекара академиясынан түлеп ұшқан жас лейтенанттар оқу- білімнен бөлек спортта да биік жетістіктерге қол жеткізді.  Атап айтқанда, 12 түлек «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» атанса, 5 түлек «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын алған. Ал,  90 курсантқа «Үздік спортшы жауынгер» спорттық атағы берілген.


Салтанатты шараға ұлттық қауіпсіздік органдарының басшылары мен бітіруші түлектердің ата-аналары және туыстары қатысты. Шара басталмас бұрын балаларының қуанышына жиналған қонақтарға  тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұсынылды.


Алғаш болып бітіруші түлектер бір-бір сұлу қызбен вальс билеп, өздерін тамашалап тұрған ата-аналарының көңіліне қуаныш ұялатты. Өйткені, мұнда әр курсантпен билеп жүрген сұлу олардың алдағы уақытта тұрмысқа шығатын қыздары болмасына кім кепіл?!


Содан кейін көпшіліктің алдына шыққан курсанттар карабиндермен дефилье көрсетті. Дефилье – асқан шапшаңдықты, реттілікті, әдемілікті және қырағылықты қажет ететін өнер..


Шекара қызметі кинология басқармасының демонстрациялық қойылымы да жиналғандардың көңілінен шықты. Мұнда қызмет итінің көмегімен түрлі көріністер көрсетіліп, қызмет итінің Мемлекеттік шекараны қорғауда таптырмас көмекші  екені көрсетілді.


Әсіресе, «Боран» десанттық мото-моневрлік шабуылдаушы тобының Мемлекеттік шекара бұзушыны құрықтау әдісі көрерменге қатты әсер етті. Арнайы дайындықта жүретін қырағы шекарашылар қоян-қолтық ұрысынан түрлі әдіс-тәсілдер көрсетті. Мұндай көріністі тек кинодан ғана көретін ата-аналар Мемлекеттік шекараның берік қалқанына айналған сайыпқыран әскери қызметшілердің өнеріне ерекше тәнті болды.


Академияның плацында қаздай тізілген шекарашы курсанттарды құттықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары Қалқабаев Марат Өмірбекұлы сөз алды. Содан кейін ата-аналардың атынан  -Адильгазинов Ержан Зайнуллинович сөз сөйлеп жас лейтенанттардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.


Ал, түлектер атынан  лейтенант Ержан Бекболатов барша қарулас достарын бүгінгі қуанышты күнімен шын жүректен құттықтады.


Шара барысында әскери міндеттерін орындауда қаза тапқан Шекара академиясының түлектеріне, курсанттары мен қызметкерлеріне әскери құрмет көрсету құқығы  - лейтенанттар Ануарбек  пен Назарбайұлына берілді. Қос шекарашы гүл шоқтарын сондай ұқыптылықпен қадам басып ескерткіш басына қойды.


Гүл шоғын қою  - қаза тапқандарға құрмет көрсетіп, ұлтымыздың қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін арнап, қызметтік борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда өмірлерімен қош айтысқан әскери қызметшілерді еске алуды қамтиды. 


Бүгінде Шекара академиясы  - офицер кадрларды даярлауға қойылатын талаптардың барлығына жауап беретін заманауи жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымы. Кәсіби білікті оқытушы құрам, үздік әдістемелік және материалдық-техникалық база, білім алушылардың жекелеген қажеттілктеріне орай ыждағаттылықпен қолданылатын әдістер, түлектердің Қазақстан Республикасының шекарасын қорғаудағы міндеттерін табысты орындауға мүмкіндік беретін командирлік дағдыларын қалыптастыруға, заманауи кәсіби құзіреттелікті игерулеріне барлық жағдайдың жасалуын қамтамасыз етеді.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51